Мен – Шал ақын ауданындағы Еңбек ауылының тумасымын. Көпбалалы анамын. Жасым да біразға келіп қалды.
Біздің жасымызда басы ауырып, балтыры сыздамайтын жан жоқ шығар. Осыдан 5-6 жыл бұрын жүрек тұсым шаншып ауыратын болды. 2010 жылы инфаркт алдым. Ол кезде аудандық ауруханамыздың терапевт дәрігері Болат Ерғалиұлы Құсайынов алғашқы көмек көрсетіп, облыстық кардиологиялық орталыққа жіберді. Бұл ауруханада мен 10 күндей ем қабылдадым. Дәрігерлер жүрегіме аортокоронарлық шунттеу отасын жасату қажет деді. Бірақ мен ота үстеліне жатуға қорықтым. 4 жыл бойы жүректің дәрісін қабылдап жүрдім. “Батпандап кірген ауру мысқалдап шығады” деген рас қой, созылмалы дерттен құлантаза сауығып кетуім қиын болды. Сырқатым сыр беріп, өткен жылы жүрегім шаншып, тағы да ауруханаға түстім. Аудандық ауруханадағылар алғашқы көмектерін көрсеткен соң “Жедел жәрдем” көлігімен облыс орталығына жеткізді.
Ақыры, не керек, ота жасалды. Жүрегіме стенд қойылды. Облыстық кардиологиялық орталықтың хирург дәрігері Игорь Шумаковтың, басқа да ақ халатты абзал жандардың біліктілігінің арқасында ота сәтті өтті. Дәрігерлерге менің аналық алғысым, ақ тілегім шексіз.
Мағрипа ҚҰСАЙЫНОВА,
зейнеткер.
Шал ақын ауданы.