Қазақтың қоңыр дауысты әншілері құйқылжытып ән салғанда жүрек сезіміңе әсер етіп, бойыңды баурап, ерекше сазымен еліктіріп әкететін халық әндерінің бағасы бір төбе ғой, шіркін! Кезінде немістің ұлы ақыны Гётенің “Қараңғы түнде тау қалғып” өлеңін Абай атамыздың аудармасында тыңдаған жұртшылық жанарларына жас алса, мұның өзі “құлақтан кіріп, бойды алған, көңілге түрлі ой салған” әннің қайталанбас құдіреті. Бүгінде қазақтың дәстүрлі әндерін дауыс ырғағымен нақышына келтіріп орындап, көпшіліктің көзайымына айналған өзге ұлт өкілдерін тыңдап қуанамыз. Солардың бірі – қоңырау үнімен көпке танылып, түрлі ән байқауларында жетістіктерге жетіп жүрген Анастасия Селезнева.
Мамлют ауданындағы Краснознамен орта мектебінің түлегі Анастасия мектеп қабырғасында жүріп, дәстүрлі өткізіліп тұратын Абай, Шәкәрім оқуларының аудандық, облыстық байқауларында “Әнді сүйсең – менше сүй” аталымы бойынша жүлделі орындарды еншілеп, туған ауылының мақтанышына айналды. Мектептің мәдени өміріне белсенді араласқан әнші қыз қазақтың халық әндерін, дәстүрлі әндерді орындауға құштар. Жеңіс күніне байланысты Астанада өткен республикалық фестивальда дүйім тыңдарманның жүрегіне жол тапқан өнерпаз “Жарқын болашақ” республикалық конкурсында Ахмет Жұбановтың “Қарлығаш” әнін әуелетіп, “Әнші-бұлбұлдар” аталымының бірінші орнын еншілеген. Бүгінде қаламыздағы өнер колледжі эстрада тобының студенті Анастасия:
– Мен қазақтың дәстүрлі халық әндерін орындағанды жақсы көремін. Алдымен әннің сөзін жаныммен ұғынып, ой елегімнен өткізіп барып, айтқым келеді. Абайдың “Желсіз түнде жарық ай” және “Көзімнің қарасы” әні менің талабымды нықтап, бағымды ашты десем, артық айтқандық болмас. Өйткені, ең алғаш осындай күрделі әндерді орындау арқылы көпшіліктің қошеметіне бөленіп, тіпті, тыңдармандардың сұрауымен сахнада бірнеше рет орындап бергенім де бар. Әнімді естіп, орындау шеберлігіме тәнті болған қарт кісілер алғыстарын жаудырып, ақ баталарын беретін жағдайлар көп кездеседі, – дейді.
Анастасияны өнерге, қазақ әндерін айтуға машықтандырған ұстазы – Мәлика Ерікқызы. Мектептегі мұғалімнің талапшылдығы мен қолдауының арқасында биік белестерді бағындырып, ән әлемінде өз қолтаңбасын қалдыруды мақсат қылып қойған өнерпаз:
– Талант гүл сияқты. Оны суарып, баптап, жақсы қарасаң ғана жайқалып өсіп, көңіліңді қуанышқа бөлейді. Ал ден қоймасаң, құмға сіңген судай суалып, мәңгіге жоғалады. Менің өнерімнің алға басып, шығармашылығымның шыңдалып, шабытымның шалқарлана түсуіне жүрегі ақ, талабыма әрқашан сәттілік тілеп жүретін қазақ халқының үлесі зор, – дейді.
Анастасия халқымыздың классикалық туындыларын дауысының тамаша ырғағымен тіл табиғатын сақтап, төл дыбыстарымыздың еш өзгеріске түспей, дәл, анық айтылуына үлкен мән береді.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.