«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АПАТТЫҚ ЖАҒДАЙДЫҢ ТУЫНДАУЫНА НЕ СЕБЕП?

Кеден одағы комиссиясының шешімімен қабылданған “Автокөлік жолдары қауіпсіздігі” техникалық регламенті 2015 жылдың 15 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілген болатын. Оның өтпелі кезеңі үстіміздегі жылдың 1 қыркүйегіне дейін деп белгіленген. Облыстық әкімдік жанындағы техникалық реттеу және метрология мәселелері жөніндегі штаб кеңес өткізіп, онда жол қатынасындағы өзекті мәселелер мен жаңа техникалық регламент талаптарының қолданылу барысы әңгіме арқауына айналды.

Жиынға төрағалық еткен облыс әкімінің орынбасары Мұхтар Манкеев автокөлік жолдарына қатысты техникалық регламент талаптарының дұрыс сақталмауы жол апаты оқиғаларының орын алуына негізгі себеп екенін айтты.

Техникалық реттеу және метрология департаментінің бас маманы Вадим Маршаковтың айтуынша, қауіпсіздіктің техникалық регламенті автокөлік жолдарына қатысты бірнеше халықаралық құжаттарды пысықтаудың барысында жасалған. Онда жолүсті төсеніштерінің, қоршаулардың, жарықтандырудың, дабыл қаққыштардың, бағдаршамдар мен жол белгілерінің, жарнамалық тақтайшалардың белгіленген техникалық регламенттері халықаралық деңгейде сипатталған. Департамент жасаған сараптамаға сүйенсек, техникалық регламент талаптарын орындау үшін атқарылуға тиісті жұмыс аз емес. Бүгінде тозығы жеткен жолдар, дұрыс жабылмаған люктер, талапқа сәйкес орналастырылмаған бетон плиталар, стандарттары сақталмаған бағдаршамдар мен жол белгілері апаттық жағдайдың туындауына әкеліп соқтыруда. Жол-көлік инфрақұрылымын техникалық реттеу – жол қозғалысындағы басты мәселе. Сондықтан облыс аумағындағы инфрақұрылымдарды жақсарту мақсатында республикалық және жергілікті бюджеттен қомақты қаржы бөлінеді. Мәселен, 2015 жылы Петропавл қаласындағы жолдарды жөндеуге 2,2 миллиард теңге ақша жұмсалған.

Жиында жол құрылысымен айналысатын мердігерлердің жұмысына сын айтылды. Көп жағдайда жерасты құбырларын бақылауға арналған люктер жүргіншілерге жайсыздық тудырады. Облыс орталығында ондай құдық 11 мың болса, соның басым бөлігі – монополия субъектілерінің еншісінде. Ашық жатқан немесе стандарттар сақталмаған құдықтарға көліктердің доңғалақтары кептетіледі немесе оған адам құлап кететін жайттар да кездеседі. Жоғарыда айтылған жол нысандарының техникалық регламенттері жаңа құжатта кеңінен жазылған. Сондай-ақ, халықаралық стандарттардың негізінде жол белгілеріне, бағдаршамдарға қойылатын талаптар да өзгертілген.

Мұхтар Манкеев автокөлік жолдары қауіпсіздігінің техникалық регламенттерін сақтау мақсатында тиісті қызметкерлер мен мекемелерге ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp