«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АРАҚТЫҢ АЗАБЫ

Ол тағы да дүкенде тұр. Құдайдың құтты күні келеді. Бар алатыны – бір шөлмек арақ…

Ол да бақытты, бақуатты жандардың бірі еді. Құдай қосқан қосағымен ақар-шақар үй болып, алтын асықтай екі перзент сүйді. Тәп-тәуір жұмысы да бар еді. Күйеуі екеулеп табыс тауып, біреуден ілгері, біреуден кейін күн кешті. Алайда, сол бір түн отбасын – отағасынан, балаларын әкесінен айырды. Мәңгілікке. Еңірегенде етегі жасқа толып, зар илеп қалған келіншекке сүйген жарынан айрылу ауыр соққы болып тиді. Уайым-қайғысын, сағынышын ащы сумен басуға тырысты. Осылай ол маскүнемдіктің жолына түскенін аңғармай да қалды. Кешікпей жұмысынан айрылды. Қайғысына қайғы қосылып, енді күнде арақ ішуді әдетке айналдырды.

Дәрігерлер бүгінгі таңда әйел адамдардың ішімдікке салынуы жиілеп кетті дейді. Әйелдер маскүнемдігі ұлттық деңгейдегі қасіретке айналып бара жатқанын да айтады. Оның шет жағасын күнделікті өмірде өзіміз де байқап жүрміз. Кейде көше бойында немесе қуыс-қуыста бет-ауыздары ісіп, көгеріп, үсті-басы сасып жүретін қазақтың әйелдерін көргенде кірерге тесік таба алмай қысылатынымыз да рас.  

Дәрігерлер ерлерге қарағанда маскүнем әйелдерді емдеп қатарға қосудың қиын екенін айтады. Әуелі қимас көңіл мен қызық үшін ішілетін бір-екі жүз грамм осылай қаншама қаракөздерімізді жолдан тайдырып жатыр. Арақтың азабын тартқан қыз-келіншектерге облыстық наркологиялық орталықтың қандай көмек көрсететінін білу мақсатында аталмыш мекемеге бас сұққан едік. Бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Елена Смагинаның айтуынша, өмірдің сынын көтере алмайтын әйелдер көбіне осындай “ауруға” душар болатын көрінеді. Ішімдік ішетін адамдардың дені алкоголизмді ауру деп қабылдамайды. Емдеу курсы 20 күн немесе одан да көп. Орталықтан емделіп шыққан адамдар толық жазылмаса да, мамандардың көмегімен 3 жылға дейін арақтан бас тартуы мүмкін. Араларында арақты мүлде қойып кететіндері де бар. Ең қорқыныштысы – маскүнемдіктен емделіп, кейін қайта ішіп кетсе, олар мүгедек болып қалуы мүмкін. Елена Смагина орталыққа әртүрлі адамдар көмек сұрап, жүгінеді дейді. Өткен жылы 832 адам есепке алынған. Олардың арасында жасөспірімдер де бар. Ал жалпы облыста ішімдікке тәуелді 6590 адам есепте тұр.

“Маскүнемдікке салынған әйелдердің кейбірі саламатты өмір салтына қайта оралып жатады. Бірақ бұл дертінен мүлде айығып кетті деген сөз емес. Бәрі өзін-өзі ұстай білуіне байланысты. Біздің айтпағымыз, дер кезінде білікті нарколог-маманның көмегіне жүгінудің пайдасы болмаса, зияны жоқ”, – дейді Елена Смагина.

Наркологиялық орталықтың статистикалық деректеріне сүйенер болсақ, облыс бойынша тіркеуде тұрғандардың 1395-і әйелдер екен.

– Стационарлық ем қабылдауға келген науқастармен психологиялық жұмыс жүргізіледі. Сонымен қатар, олардың жақын туғандарымен де байланысып, пікір алмасамыз. Біз көмек сұрап келген науқастардың әрқайсысымен жұмыс істейміз. Мүмкіндігімізше ақыл-кеңес беріп, арақтың зардабын түсіндіреміз. Өйткені, мұнда келетіндердің көбі арақтан уланғандарын айтып, ақталады. Шындығын айтқанда, араққа салынудың соңы жақсылыққа апармайды. Қазіргі таңда орталықтың стационар бөлімшесінде он шақты әйел ем қабылдауда. Олардың жас шамалары да әртүрлі. 18-60 жас аралығындағы науқастар бар, – дейді оңалту орталығының психологі Олег Исаков.

Олег Сергеевичтен ем қабылдайтын науқастардың арасында қаракөз қандастарымыздың үлесі қандай екенін сұрадым. Бірақ ол арнайы статистика жүргізілмейтіндігін айтып, кез келген ұлт өкілінде мұндай мәселе барын жеткізді. Оның айтуынша, егде жастағы қазақтың әйелдері де орталыққа келіп, көмекке жүгінетін көрінеді.

Ал емделмей, үйден, бала-шағасынан безіп, көшеде құлап ішіп жатқандар қаншама? Оларды мәжбүрлеп емдеуге де болмайды. Өйткені, ондай заң жоқ. Бұл, әрине, бәріміз үшін алаңдатарлық жайт. Ал оған кім кінәлі? Адамдардың құндылықтарын өзгерткен нарық заманы ма, әлде сол жандардың өздері ме? Мүмкін, қызмет, жұмыс деп жүріп, өз баласына дұрыс ұлттық тәрбие бере алмаған ата-ана кінәлі шығар.

P.S Ащы суды сіміріп алып, паналар тұрақ таппаған өзіндей бір топ адамға ілесіп алған келіншектің мүлдем сиқы жоқ. Ешқандай уайым-қайғысыз, мұң-зарсыз дүкеннен теңселе шығып, өз жөнімен кетіп барады. Белгісіз бір жаққа…

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp