«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ардагерлерге құрмет көрсетілді

“Нұр Отан” партиясы облыстық филиалының “Ардагерлерді ардақтайық” атты жобасы аясында соғыс зардабын бастан кешкен, сол қанды оқиғалардың куәгерлері болған алдыңғы толқын ағалармен кездесу өтті. Тәрбиелік мәні зор шара Ұлы Отан соғысының басталғанына 75 жыл толуына орай ұйымдастырылды.

Миллиондаған адамның өмірін үзіп, адамзат санасында сақталып қалған сол тарихи күнді тағы бір еске алуға Ұлы Отан соғысы мен еңбек ардагерлері, облыстық, қалалық мәслихат депутаттары, мұражай және кітапхана қызметкерлері, жастар жиналды.

“Нұр Отан” партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Артур Молдағұлов осыдан 75 жыл бұрын ел басына төнген қауіп-қатерге тоқталып, жерлестеріміздің жеңіске қосқан үлесін тілге тиек етті.

Халқымызға ауыр қасірет әкелген соғыс жайында тебірене сөйлеген қонақтар арасында облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі Тілек Әбдірахманов та болды.

 

Ол халықтың Отанға деген шексіз сүйіспеншілігі мен қайтпас қайсарлығы Жеңісті жақындата түскенін ерекше атап өтті.

Жиын соңында облыстық және аудандық ардагерлер кеңесіне, кітапханалар мен мұражайларға “Ұлы Жеңістің қазақстандық қаһармандары” атты кітап сыйға тартылды. “Нұр Отан” партиясының мұрындық болуымен жарық көрген екі томдық жинаққа жеңіс жолында қасық қаны қалғанша күрескен еліміздің барлық батырлары, сонымен қатар, жауынгер жерлестеріміздің ерлігі жайында бұрын-соңды ешбір жерде жарияланбаған деректер енгізіліп, фото-суреттері жарияланған. Айта кету керек, бұл құнды кітапты дайындап шығаруға соғыс ардагерлері, облыстық және аудандық мұрағат қызметкерлері зор үлес қосты.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp