Ел экономикасы күйреп, барлық ірі өндіріс орындары тоқтаған, инфляция өсіп, жұмыссыздар көбейген кез көпшіліктің есінде болар? Ол кезде ел арасында айтыла бастаған “нарықтық қатынастар” ұғымын түсінетіндер де көп болған жоқ. Тәуелсіз Қазақстанға халықаралық деңгейдегі сапалы білімі бар кәсіби мамандар қажет болды. Осы қажеттілікті өтеу үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен халықаралық “Болашақ” бағдарламасы бойынша шетелдерге білім алуға 1993 жылы ең алғашқы 187 қазақстандық стипендиат аттанған. Ақпарат көздеріне сүйенсек, бүгінде әр этностан құралған болашақтықтар саны 10 мыңнан асып, олар Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіруіне атсалысуда. Солардың арасында Мағжан Жұмабаев атындағы Петропавл гуманитарлық колледжі жанындағы жалпы білім беретін мектеп-лицейді “Алтын белгімен” бітірген Арай Сейітбаева да болды.
“Болар баланы бесігінен таны” дегендей, білім нәрімен сусындатқан ұстаздарымен қимай қоштасқан түлек 2004 жылы Астана қаласындағы Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне халықаралық қатынастар факультетінің аймақтану мамандығы бойынша грантпен түсті. “Лев Гумилев атындағы Еуразиялық Ұлттық университетінде оқығанда менің тобымда республика бойынша ең жоғары ұпай жинаған 16 “Алтын белгі” иегері болды. Бәсекелестік мықты болатын. Бірақ ол бәсекелестік өз-өзімізді дамытуға, өсуге көмектесті. Мен осындай дарынды, ғылымға қызығушылығы мол, жалындаған жастардың ортасында шыңдалдым”, – дейді Арай Жақсылыққызы.
Білім бәйгесінде бір-бірімен бәсекеге түскен жастардың қай-қайсысы болсын “сен тұр, мен атайын” дейтіндей хас жүйріктер еді. Олардан қалуға болмайды, сәл босаңсысаң, шаң қауып қаласың. Талай бәйгелерде алдына жан салмаған Арай Сейітбаева үшін бұл үлкен сын еді. Сондықтан ол барын салып оқыды, мектепте үш тілді қатар меңгерген жас қыз енді университетте жапон және итальян тілдерін үйренді. Жоғары оқу орнын да шашасына шаң жұқтырмай үздік дипломмен тамамдаған ол әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының бірі – Жапонияның Цукуба университетіне халықаралық “Болашақ” бағдарламасы бойынша түсті.
Күншығыс елінде оқи жүріп, сол жердің тұрмыс-салтымен, әлеуметтік-экономикалық беталысымен танысады, өзі де Қазақстанның тарихы, оның халқы, мәдениеті мен дәстүрлері туралы жапондықтарға әңгімелеп, еліміздің әлемге танылуына үлесін қосады. Шетелде де үздік білім көрсеткен қазақтың қаршадай қызы халықаралық қатынастар саласындағы магистр дәрежесін алады. Жапонияда докторантурада оқуға, кейін сонда жұмысқа орналасуға ұсыныс түскенімен, өзге елдің отынан өз елінің түтінін артық көрген бойжеткеннің туған жерге деген сүйіспеншілігі басым болған.
– Елбасының жастарға қамқорлығы мен шетелде сапалы білім алуға жасаған мүмкіндігінің арқасында қазақстандықтардың жаңа буыны қалыптасты. Біз озық елдерде оқи жүріп, алдыңғы қатарлы жастармен білім бәсекесіне түстік, олардан кем еместігімізді көрдік, – деген Арай Сейітбаева, – өткен айда мемлекеттік органдардың атынан Тәуелсіз сараптама комиссиясының мүшесі ретінде “Болашақ” стипендиясын тағайындауға іріктеу кезеңіне әңгімелесу өткізуге қатыстым. Онда Конституция және рәміздер, Қазақстан тарихы, кәсіптік дайындығы бойынша қойылған сұрақтарға үміткерлердің көбі сүрінбей жауап бергені өте қуантты. Елбасының стипендиясына лайық азамат өз елінің Ата Заңын, рәміздерін, тарихын түнде ұйқысынан оятса да, жатқа айта білу керек деп білемін, қажет болса, алақанын жүрегіне басып, Гимнді нақышына келтіріп орындай алуға міндетті. Бұл – елге, тарихқа, рәміздерге, Конституцияға деген құрмет, патриотизмнің белгісі, – деді.
Қазір солтүстікқазақстандық бойжеткен Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігі екіжақты ынтымақтастық басқармасының басшысы болып қызмет етіп, төтенше жағдайлардың алдын алу және жою саласында алыс және жақын шетелдермен екіжақты ынтымақтастық мәселелерін үйлестіруді жүзеге асырып келеді. Жұмыс сапарымен АҚШ, Австрия, Жапония, Франция, Италия, Индонезия, Швейцария, Чехия, Словакия, Біріккен Араб Эмираттары, Ресей, Өзбекстан, тағы басқа да алыс және жақын шетелдерде болып, олармен жасалатын ынтымақтастық мәселелердің заңды және халықаралық нормаларды сақтай отырып жүзеге асырылуына атсалысады.
“Болашақ” бағдарламасының 20 жылдығына арналған форумға қатысқан Арай Жақсылыққызы: “Аталмыш жиында Елбасы біздің алдымызға зор міндеттер қойды. Ол қол жеткізген бүгінгі табыстарымызды сақтау және еселеу, “Қазақстан – 2050” Стратегиясында алға қойған жаңа бастамаларды жүзеге асыру бүгінгі толқынның еншісінде екендігін айтты. Президентіміздің жаңа буын қазақстандықтарға сенім артуы бізді жаңа бағыттың қозғаушы күшіне айналуға міндеттегендей әсер қалдырды. Мен бұл кездесуден ерекше қанаттанып шықтым”, – деді.
Арай Жақсылыққызының болашақта мемлекеттік қызмет саласында өз тәжірибесін тереңдетіп, алдыңғы қатарлы америкалық немесе еуропалық жоғары оқу орындарында доктор (PhD) дәрежесін алып, сол білімін Қазақстанның өркендеуіне қолдансам деген арманы бар.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Петропавл-Астана.