Петропавлдағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі алғашқы түлектерін ұшырды. Қанат қаққалы отырған 78 түлекті облыстық мәслихаттың хатшысы Владимир Бубенко құттықтап, ақ жол тіледі.
Салтанатты шара барысында оқу жылын үздік аяқтаған, республикалық, халықаралық сайыстарда топ жарған түлектерге Алғыс хат табысталды. Дарынды жастар жоғары оқу орындарына түсу үшін Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырмайды. Мектеп ішіндегі емтиханнан сүрінбей өткен олар білімдерін еліміздің және шетелдің үздік жоғары оқу орындарында жалғастыра алады.
Мектептің директоры Нұрғали Елшібеков емтиханда жоғары нәтиже көрсеткен 12 түлектің еліміздегі үздік жоғары оқу орны – Назарбаев университетіне оқуға түсуге үміткер екенін айтты.
– Жыл сайын шетел университеттерінен бізге жиырма шақты білім гранты бөлінеді. Қазақстан бойынша әр мектепке бір гранттан қарастырылады, – деді Нұрғали Рақымұлы.
Алтын ұя мектебінен қанат қаққан түлектер арасында әлемнің үздік университеттеріне білім грантын жеңіп алған өрендердің бірі – Камила Әлімбаева. Ол осы оқу жылының ортасында Гонконг политехникалық университетіне құжаттарын тапсырған екен. Сынақтар мен тапсырмалардан сүрінбей өткен Камила туризм және қонақүй мамандығы бойынша төрт жылдық білім грантын жеңіп алған.
Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.