«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АРМАНЫ АСҚАҚ ӘДІЛБЕК

“Қазақ жастары болашақтағы мамандықтарын дұрыс таңдап жүр ме?”, “Оларды қандай сала қызықтырады?”, “Жастар неге техникалық мамандықтарға салғырт қарайды?” – деп өрендердің ертеңіне алаңдап, жапа-тармағай дабыл қағатынымыз жасырын емес. Оның орынды себебі де бар. Статистикалық мәліметке сүйенсек, осыдан бірнеше жыл бұрын еліміздің жастарының дені гуманитарлық саланы таңдап, екінің бірі экономист, заңгер мамандықтарына көңіл аударса, таяқ лақтырсақ, соларға тиетін өрендер екі қолға бір күрек таппайтындай жағдайға жеткені де мәлім. Бұларға қарап, қазақ ешқашан техникалық салаға мойын бұрмаған деп тон пішуге болмайды. Бар құпиясын ішіне бүгіп жатқан қазақ жерінің кен қойнауын игеру, алып өнеркәсіптердің құрылысын бастау істері елімізде сонау отызыншы жылдары қолға алынған. Қазақ жастарының техникалық ғылымдарға құлшынысы сол уақытта шарықтау шегіне жетті десек, қателеспейтін болармыз.

Бүгінде жағдай олай емес, өзгерген. Техникалық мамандықтың әлеуеті зор екенін әлем елдерінде күн сайын қарыштап дамыған техника, өндіріс орындары, елімізде қазығы қағылып жатқан кәсіпорындар дәлелдей түсуде. Олардың барлығы техника мамандықтарының майталмандарының, инженерлердің құрыш қолдарымен жүзеге асып жатқандығына куә болып жүрміз. Соңғы жылдары техникалық саланы таңдаймын, болашағымды сонымен байланыстырамын деген жандарға мемлекет тарапынан зор мүмкіндіктер қарастырылуда. Оның бір дәлелі ретінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында 2017 жылдан бастап жаңа жоба “Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім” бағдарламасы енгізілетіндігін айтты. Демек, бірер жылдан соң қазақтың әрбір отбасында техниканың тілін меңгерген, озық технологияны игеруге құлшынысы жоғары азаматтардың төбе көрсететіндігіне сеніміміз зор. Қат мамандықтың тұтқасын ұстағандардың қатары біздің өңірімізде сирек болса да, бүгіннің өзінде түрлі зауыттардан кездестіруге болады. Жуырда республикалық “Алтын сапа” сыйлығының иегері деп танылған, өңірімізбен қатар, еліміздің экономикасының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” акционерлік қоғамында инженер-конструктор болып жұмыс істейтін Әділбек Әбділманды өз ісінің нағыз шебері деп айтуға болады. Онымен кездесіп, әңгімелесу мақсатында зауытқа табан тірегенімізде кәсіпорын басшыларының да жылы лебіздерінен, мақтау сөздерінен инженер қазақ жігітінің болашағына көп сенім артылатындығы аңғарылып-ақ тұрды. Біз оны жұмыс үстелінде әлденені сызып, сызбаларға қарап, өздігінен ой қорытып отырғанда жолықтырдық.  

– Біздің күнделікті жұмысымыз осы. Облысымыздағы машина жасау саласындағы ең ірі кәсіпорындардың бірі болып саналатын зауыттың болашақта шығаратын өніміне қатысты зерттеу жұмыстарын жүргізу, өнімнің конструкциясын жетілдіру және жаңарту, өндірісті техникалық тұрғыдан дайындау және өндірістік процесті ұйымдастыру сияқты қыруар жұмыс – біздің негізгі міндетіміз, – деген Әділбек инженерліктің үлкен шығармашылық ізденісті талап ететінін, ғылым мен тәжірибеге негізделгенін айтты.

Екінің бірі тізгіндей алмайтын қиын мамандықты таңдауына, игеруіне, ең алдымен, өзінің бала күнгі қабілеті әсер етсе, екіншіден, Петропавлдағы Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатын бітірген жылы аталмыш зауытта жүзеге асырылған бірегей жоба асыл арманының орындалуына септесіп, қанаттандырған екен. Келешекте техникалық мамандық бойынша жұмыс істеп, нәпақамды табамын деген ол екіжақты келісімшарттың негізінде Ресейдің Омбы мемлекеттік техникалық университетіне оқуға қабылданады. Беделді білім ордасын ойдағыдай тамамдаған соң туған өңірге оралыпты.

– Оқуымды бітірген соң өскен өлкеме келіп, алған тәжірибеммен бөлісуге асыққаным рас. Өйткені, жоғары оқу орнында әрбір сабақты теория жүзінде емес, тәжірибеге негіздеп үйретті. Сондықтан да лезде игеріп, әрі қарай жетілу онша қиынға соқпады, – деді Әділбек. Ол өзінің шынайы бәсекелестік бар ортада шыңдалып жүргеніне риза.

Әділбек зауыттағы “Әскери арнайы техникалық бөлімде” қызмет етуде. Бүгінде жас инженер “Точка-у” деп аталатын зымыран-кешеніне техникалық қызмет көрсетуде. Бірнеше ай көлемінде технологиялық сызбасын дайындап, қайта өңдеу үшін цехқа жөнелтуді көздеп отыр. “Әскери бөлім болған соң әрбір қимылымыз құпия”, – деген ол нақты жұмысының қыр-сырын бүге-шігесіне дейін түсіндіріп жатпады.

Инженерлер өз ішінде инженер-техник, инженер-конструктор, инженер-технолог, инженер-пайдаланушы, инженер-экономист, инженер-механик, инженер-энергетик, инженер-эколог, инженер-жобалаушы болып бөлінеді ғой. Бүгінде бұлардың әрқайсысының жұлдызы жанып тұр. Бірақ мұндай аса зәру, қат әрі қажет мамандықты игергендер аса көп емес. Әділбектің ендігі арманы – Астанадағы Қазақстанның Ұлттық ғарыш орталығына қызметке орналасу.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp