Солтүстік Қазақстан облысында биыл 3700-ге жуық оқушы мектеп бітірді. Олардың 124-і – «Алтын белгі» иегері. Түлектерді қаланың орталық алаңында өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов құттықтап, аттестаттарын табыстады.
– Бұл – жылдар бойғы қажырлы еңбектің, ұстаздардың сапалы білімінің, ата-аналардың қолдауының жарқын нәтижесі. Сіздердің алған білімдеріңіз – өмір жолындағы берік іргетас. «Алтын белгі» – әр оқушы үшін үлкен жетістік. Қазақстанның дамуына үлестеріңізді қоса беріңіздер. Еліміздің бетке ұстар жастары сіздер боласыздар, – деді өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов.
Салтанатты сәтті тамашалауға келген ата-аналар мен ұстаздардың қарасы қалың болды.
– Ұлым Дамир Дүйсен №20 мектепті «Алтын белгімен» тамамдап жатыр. Ұлымыз білімге бала күнінен құштар болып өсті. Оған анасының да берген тәрбиесі, қосқан үлесі бар. Баламыздың болашағынан зор үміт күтеміз, – дейді Есіл ауданындағы Ақтас ауылының тұрғыны Мереке Төлебаев.
«Алтын белгілерін» қолдарына алғаннан кейін жас түлектер вальс билеп, жиналған жұрт концерттік бағдарламаны тамашалады.
«Алтын белгі» – мен үшін үлкен жетістік. Бұл – менің ата-анамның, сынып жетекшімнің, ұстаздарымның еңбегінің нәтижесі. Ерекше алғысымды ата-анама және сынып жетекшім Әсем Қайырғалиқызына білдіргім келеді. Олардың сенімі мен қолдауының арқасында осындай белеске жетіп отырмын. Ендігі мақсатым – Астана ІТ университетіне түсіп, грант иегері атану. Барлық түлектерге тек сәттілік тілеймін, –дейді Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның түлегі Анель Ахметбекова.
Рабиға ЕРАЛЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».