Соңғы жылдары Тимирязев ауданының білім ошақтары облыс орталығының алдыңғы қатарлы мектептерімен иық тірестіре, оқу-тәрбие ісінде айта қаларлықтай табыстарға қол жеткізіп жүр. Аталмыш ауданда жұмыс бабымен болған сапарымызда білім бөлімінің басшысы Армат Күзеубаевты сөзге тартқан едік.
– Армат Тілеубайұлы, Тимирязев – өңіріміздегі ең шалғай аудандардың бірі. Әңгімені білім мекемелері жайынан бастасақ.
– Елбасымыз халыққа Жолдауында: “Мемлекет жаңа буынның алдында барлық есіктер мен жолдарды ашты! “Нұрлы Жол”, міне, біздің креативті серпінді жастарымыздың күш-жігер жұмсап, құлаш сермейтін тұсы осы!” – деп атап көрсетті. Шынында да, елімізде өскелең ұрпақтың сапалы білім, саналы тәрбие алуы үшін қолдан келген мүмкіндіктің барлығы жасалуда. Соларды осы салада тікелей еңбек етіп жүрген мектептердің ұжымы, ұстаздар қауымы тиімді пайдаланулары қажет.
Біздің Тимирязев ауданында 24 білім беру мекемесі жұмыс істейді, олардың 13-і – орта, 4-еуі – негізгі, 3-еуі – бастауыш, 1-еуі – өнер мектебі. Аудан орталығындағы “Радуга” бөбекжай-балабақшасы 120 жеткіншекті мектепке дейінгі тәрбиемен қамтып отыр. 2004 жылы облыста алғашқылардың бірі болып 14 мектепте шағын орталықтар ашылды. Қазір олардың саны 20-ға жетті. Сөйтіп, “Балапан” бағдарламасына орай 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды қамту 100 пайызды құрады. Агротехникалық колледж ауыл шаруашылығына қажетті мамандар даярлаумен айналысады. Тимирязевтегі дене тәрбиесіне арналған балалар мен жасөспірімдер клубының жұмысы да жақсы жолға қойылған.
Көктемнің алғашқы мерекесі қарсаңында Жарқын ауылында облыс әкімі Ерік Сұлтановтың бастамасымен дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің ашылуы аудан тұрғындары үшін ерекше есте қаларлық оқиға болды. Онда волейболдан, баскетболдан, шағын футболдан жарыс өткізуге, қазақша күреспен айналысуға, тоғызқұмалақ сияқты ұлттық ойындарды дамытуға, оқушылардың ғана емес, жергілікті жастардың жаттығуларына да қолайлы жағдай жасалған.
Ауданның білім беру мекемелерінде 463 маман еңбек етеді, олардың 353-і – жоғары, 83-і – орта арнаулы білімді ұстаздар. Барлық педагогтердің 49-ы – жоғары, 183-і бірінші санатқа ие.
– Аудандағы білім ошақтарының жетістігі деп қандай көрсеткіштерді алға тартар едіңіз?
– Үдемелі оқыту интерактивті технологиялар мен әдістерді жан-жақты пайдалану есебінен іске асырылады, оған оқушы тек енжар тыңдаушы ретінде емес, әріптес және қатысушы ретінде тартылады. Соған орай озық әдістерге аудан мектептерінде тиісті дәрежеде назар аударылады. Өткен оқу жылында ауданымыздың 5 мектебі: С.Мұқанов атындағы Тимирязев жалпы білім беру мектеп-гимназиясы, Тимирязев қазақ мектеп-интернаты, Сулы-Элеватор негізгі мектебі, Дмитриев орта мектебі мен Ақсуат орта мектебі электронды оқыту желісіне (e-Learning) қосылды. Бұл желі үздік оқыту қорлары мен технологияларға оқу процесіне қатысушылардың барлығының тең қолжетімділігін қамтамасыз етуді мақсат тұтады. Бұл мектептердің материалдық-техникалық базасы компьютерлермен, ноутбуктермен, интерактивті және мультимедиалық проекторлармен, сандық подиумдармен толықты. Биылғы оқу жылында тағы 2 мектепті электронды оқыту желісіне қосу жоспарлануда.
Ұлттық бірыңғай тестілеуге әзірлік кезінде оқу жылы бойында аудандық білім беру бөлімінің басшыларымен, мамандарымен, әдіскерлерімен, мектептердің әкімшілігімен, ұстаздармен қыруар жұмыс атқарылды. Мектеп түлектері Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның Новоишимка ауылындағы, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің тестілеу қосындарында бірнеше рет болып, сынақ тапсыруға жаттықты. Оқу-әдістемелік көмек беру мақсатында ауданымыздың мұғалімдері үшін Петропавл қаласындағы №4, №9, әл-Фараби атындағы мектеп-лицейде, Ә.Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатта семинарлар ұйымдастырылды. Осындай ауқымды жұмыс айта қаларлықтай нәтиже берді.
ҰБТ тапсырған 87 түлектің ішінен Әлия Байжанова – 120, Ләззат Бермағанбетова – 116, Әсем Қасымова – 113, Ақылбек Мусин 107 балмен “Алтын белгіге”, ал 110 балдық көрсеткішпен Айзада Қасенова үздік аттестатқа қол жеткізіп, облыс және аудан әкімдерінің ақшалай сыйлықтарымен марапатталды. Облыста ең үздік нәтиже көрсеткен С.Мұқанов атындағы Тимирязев мектеп-гимназиясының түлегі Әлия Байжановаға облыс әкімі салтанатты жағдайда бағалы сыйлық табыс етті.
Ауданымыз орта есеппен 80,27 балдық көрсеткішпен облыс бойынша Уәлиханов ауданы мен Петропавл қаласы мектептерінен кейін 3-ші орынды еншілесе, Ақсуат орта мектебі орташа 98,7 балл жинап, аудан бойынша көш бастады.
Биыл да жеткен жетістіктер межесінен көріну үшін білім беру мекемелерінде тиісті шаралар атқарылуда.
– 2011-2020 жылдарға арналған білімді дамыту мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру бойынша атқарылып жатқан жұмысқа тоқтала кетсеңіз.
– Мемлекет басшысы республикадағы барлық мұғалімдердің алдына Қазақстанның бәсекеге қабілетті жас азаматтарын оқыту және тәрбиелеу міндетін қойды. Осы мақсатпен “Назарбаев Зияткерлік мектебі” дербес білім беру ұйымының педагогикалық шеберлік орталығы Кембридж университетінің білім факультетімен 3 деңгейлі курстар әзірлеп, жүзеге асыруда. 2012-2014 жылдары мұғалімдерді оқыту жоспарына сәйкес 43 педагог біліктілік емтихандарын ойдағыдай тапсырды, оның 32-сі – үшінші, 5-еуі – екінші, 6-уы – бірінші базалық деңгей бойынша. Бұл курстар сыныптағы өз рөлдерін түсінетін ұстаздардың дүниетанымын, ой-өрісін, оқытуға көзқарасын өзгертеді.
Осындай білімді де білікті ұстаздардан тәлім-тәрбие алған оқушылардың жыл өткен сайын ғылыми-зерттеу жобаларына қатысуы көбейіп келеді. Биылғы оқу жылында да осындай шығармашылық жұмыстан шет қалып отырған жоқпыз. 9-11 сынып оқушылары арасында өткен республикалық ғылыми жобалар байқауының аудандық кезеңіне 13 оқушы қатысып, 1-ші орын алған 6 оқушы облыстық кезеңде аудан намысын қорғады. 5-7 сынып оқушылары арасында өткен республикалық “Зерде” байқауының аудандық кезеңіне 12 мектептен 28 оқушы өз жобаларын ұсынды. Олардың 3-еуі – облыстық байқауда 2-ші, 1-еуі 3-ші дәрежелі дипломдармен марапатталды.
2014 жылы 11-12 желтоқсанда өткен жалпы білім беретін пәндер бойынша аудандық олимпиадаға 16 мектептің 165 оқушысы қатысып, қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті пәндерінен 6 оқушы 1-орынды жеңіп алды. Олардың ішінен Тимирязев мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушылары Шахнияр Аллахиярова мен Радмила Мусаева облыстық олимпиаданың қорытындысы бойынша тиісінше 2-ші және 3-ші орындарға қол жеткізді.
Елбасы “Қазақстан – 2050” Стратегиясында: “Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек”, – деп атап айтты. Бұл тұрғыда білім мекемелеріне жүктелер міндет ауқымды. Өйткені, серпінді жастарды тәрбиелейтін орта – мектеп.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.