«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АРТЫҚ ЖҰМЫС ІСТЕГЕН

 Облыста былтыр мемлекеттік қызметте жұмыс істейтін 100-ге жуық қызметшінің құқығы қорғалды. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаментінің басшысы Ержан Қарымсақовтың айтуынша, ведомство жұмысының бір бағыты – еңбек тәртібінің сақталуын қамтамасыз ету.

Бұл нормалар Мемлекеттік қызмет туралы Заңда бекітілген. Ал 2023 жылғы мамырдан бастап мемлекеттік органдарда жұмыс уақыты режимінің сақталуына мониторинг жүргізуге өкілеттіктер берілді. Соған қарамастан әлі күнге мемлекеттік қызметшілердің жұмыс уақытын заңсыз асыру фактілері кездеседі.

«Әртүрлі себептерге байланысты артық жұмыс істеуге тура келуі мүмкін, бірақ мемлекеттік қызметшілердің құқығын бұзбай, тиісті актілерді ресімдеп, үстеме жұмыс төленуі тиіс. Былтыр департамент жұмыс уақыты режимінің сақталуын тексеру үшін 25 мониторинг жүргізді. Тексеріс мемлекеттік органдарға бару арқылы да, жұмыс уақытын есепке алуды бақылау жүйелерінің деректерін пайдалана отырып қашықтықтан да жүргізілді», – дейді департамент басшысы Ержан Қарымсақов.

Нәтижесінде 86 мемлекеттік қызметшіге өтемақы төленген, оның ішінде 80 қызметшіге демалыс сағаттары берілді. Ал 6 қызметкерге тиісті төлемдер жүргізілді.

«Былтыр қызметкерлерінің жұмыс уақытының нормасын заңсыз асырғаны үшін мемлекеттік органдардың 8 басшысына қатысты әкімшілік іс толтырылды. Олар 2-топтағы мүгедектігі бар мемлекеттік қызметшілерді Еңбек заңнамасында көзделген 36 сағаттан асырып, аптасына 40 сағаттан жұмысқа тартқан», – дейді Ержан Қарымсақов.

Жалпы былтыр мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге 450- ден астам тәртіптік жаза қолданылған.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp