«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АРТЫҚ ТӨЛЕМ ҚАЙТАРЫЛАДЫ

Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің облыстық департаментіне жүктелетін міндеттердің бірі – табиғи монополия субъектілерінің жұмысын қадағалау. Осы орайда, департамент өзіне бағынышты бірқатар мекемелердің былтырғы атқарған ісіне тексерістер жүргізді. Тексеріс қорытындысы туралы арнайы ұйымдастырылған брифингте айтылды.

Тұтынушылар мүддесін қорғауды қамтамасыз ету мақсатында аталмыш мекеме даладағы ауаның нақты температурасын ескере отырып, өңірдегі жылумен жабдықтаушы компаниялардың жылыту маусымында көрсеткен қызметтерін бағалайды. Биыл қыс жылы болғандықтан, жылу аз жұмсалды, алайда, есептегіш құралдары жоқ тұтынушылардың артық төлем жасағаны анықталды. Қайта есептеуге сәйкес 2015-2016 жылдардағы жылыту маусымында тұрғындарға қайтарылатын қаржы облыс бойынша 45289,14 мың теңгені құраған. Соның ішінде “Севказэнергосбыт” ЖШС-нің қызметін пайдаланғандар 35976,33 мың теңге немесе 1 шаршы метр үшін қосымша құн салығын қосқанда 14,10 теңгені қайтып алады. Облыс орталығында есептегіш құрал орнатылмаған 2 552 043, 39 шаршы метр тұрғын үй аумағы бар екен. Яғни, 30 шаршы метрлік бір бөлмелі пәтері барлар 423 теңге төлемін кейін қайтарып алады. Ол төлем ай сайын жеткізілетін түбіртектің бір бағанасында көрсетіледі. Кейбір аудандарда 1 шаршы метр үшін тұтынушыға қайтарылатын өтем 100 теңгені құраған. Мәселен, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның “Еңбек” МКК-і 104 теңгеден қайтарым жасайды.

Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің облыстық департаментінің басшысы Арман Өтегенов 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап сараланған тарифтің көтерілетінін айтты. Бұл жалпыға ортақ жылыту есептегіш құралдары жоқтарға қатысты ақпарат. Яғни, биыл есептегіш құралы жоқ тұтынушылар бір шаршы метр аумақты жылыту үшін монополиске 95 теңге төлесе, алдағы жылы ол 28 пайызға ұлғайып, 123 теңгеге жетеді. Сондықтан көпқабатты үйлердің тұтынушыларына жалпыға ортақ есептегіш құралын орнату тиімді болмақ.

Департамент табиғи монополия субъектілерінің 2015 жылға арналған тарифтік сметаларының орындалу барысын да тексереді. Ол бойынша 55 талдау жасалған. Тексеріс барысында амортизациялық аударымдардың қаражатын мақсатқа сай пайдаланбауы, тарифтік сметадағы шығындар бекітілген мөлшерден төмен болуы сияқты заңсыздықтарға орын берген кәсіпорындар анықталды. Төрт монополиялық субъект тұтынушыларға келтірген залалдарын өтеу үшін уақытша 7 өтемдік тарифті бекіту туралы шешім қабылданды. Өтемнің жалпы сомасы – 86 515,201 мың теңге. Оның ішінде 65456,185 мың теңгені – “Есіл су” ЖШС, 12,238 мың теңгені – “Петропавл қаласының халықаралық әуежайы” АҚ, 8503,09 мың теңгені – Шал ақын ауданы әкімдігінің “Жәрдем” МКК, 12543,688 мың теңгені Ғабит Мүсірепов атындағы аудан әкімдігінің шаруашылық жүргізу құқығындағы “Еңбек” кәсіпорны пайдаланбаған. Тарифтік сметаның мақсатты игерілмеуі сол кәсіпорындардың тарифтік сметаларын азайтуға түрткі болады. Яғни, тұтынушы төлемінің тарифі азаяды деген сөз.

Кәсіпорындардың инвестициялық бағдарламаларының орындалу барысы да айтылды. Монополиялық субъектілер өз есебінен қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін тозығы жеткен құрал-жабдықтарын жөнге келтірген. Бес табиғи монополия субъектісіне 2015 жылға бекітілген инвестициялық қаржы 1 423 108,0 мың теңге болса, олар оны 455 миллион теңгеге артық орындаған. Бұл жоспардың 132 пайызын құрайды.

Бәсекелестікті қорғау саласында департамент үш заңсыздықты анықтаған. Онда екі мемлекеттік кәсіпорын Кәсіпкерлік кодексінің 174-бабына қарама-қайшы әрекеттерге жол берген. Яғни, атқаратын қызметтер тізімінде көрсетілмеген жұмыстарды жүргізген. Дәлірек айтсақ, “Тайынша” және “Жігер” мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындары қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару қызметімен айналысқан. Нәтижесінде кәсіпорындарға көзделмеген қызмет түрін жүзеге асыруға тыйым салынды, одан түскен табыстары тәркіленді. Қызылжар және Тайынша аудандық соттарының шешімімен әкімшілік құқық бұзушылық жасаған кәсіпорындар жалпы сомасы 559 186 теңге айыппұл төлеуге мәжбүр болды. Үшінші заңсыздық та Қызылжар ауданында орын алған. Республикалық мемлекеттік мекеме Кәсіпкерлік кодексінің 192-бабы 4-тармағына сәйкес аудандық әділет басқармасы табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің облыстық департаментіне тіркелуі міндетті болатын. Ол оны істемеген. Заңсыздыққа жол берген мекемеге 636 300 теңге айыппұл салынды.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp