«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АСТАНАДАҒЫ ЖӘРМЕҢКЕ

Бас шаһарда еліміздің барлық өңірлерінің ауыл шаруашылығы тауарларының жәрмеңкесін өткізу, сол арқылы отандық өнімдердің сапасын және бәсекеге қабілеттілігін арттыру үрдісі бірнеше жылдан бері жалғасып келеді. Арнайы жасалған кестеге сәйкес өңірлердің өкілдері биыл да астаналықтарды өздерінің базар бағаларына қарағанда арзан әрі сапалы өнімдерімен қуантуда.

Астана күні мен “ЭКСПО – 2017” халықаралық көрмесіне арналған ауыл шаруашылығы тауарларының көрмесін Солтүстік Қазақстан, Алматы және Атырау облыстары агроқұрылымдарының, өңдеу өнеркәсібі мен кәсіпкерлік субъектілерінің өкілдері 7-8 шілде күндері өткізді. Жерлестеріміз бұл күндері “Қазақстан” спорт сарайының маңында өздерінің өнімдерін жайып, астаналықтарға ұсынды. Солтүстікқазақстандықтар Астана қаласына жалпы сомасы 263 миллион теңге болатын 500 тонна ауыл шаруашылығы тауарларын жеткізді. Жәрмеңкеге 115 ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер мен өңдеу кәсіпорындары бір жүзден астам өнім түрлерін қойды.

Солтүстік Қазақстан облысының жәрмеңкесін Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев пен өңір басшысы Құмар Ақсақалов аралап көрді.

– Біз бұл жәрмеңкеге 35 тоннадан астам жылқы, сиыр, құс, шошқа етін әкелдік. Сонымен қатар сауда сөрелерінде жеміс-жидек және сүт өнімдері де көп болды. Топырағы құнарлы Қызылжар өңірінде өсірілген бұл өнімдер экологиялық жағынан таза болғандықтан астаналықтар тарапынан жақсы сұранысқа ие. Сондықтан жәрмеңкемізді жақсы өтті деуге болады, – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Омаров.

Астаналықтар жерлестеріміз әкелген тәтті тағамдарды да жақсы сатып алды. “Vizavi” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жәрмеңкеге бір тоннаға жуық өз өнімдерін жеткізіпті.

– Біздің өнімдеріміздің Астана қаласында өз тұтынушылары бар деуімізге болады. Өйткені, біз өнімдерімізге кептірілген өрік, мак, лимон, қара мейіз және басқа да табиғи қоспаларды ғана қосамыз, бұл оның сапасын арттырады. Өнімдеріміз бәсекеге қабілетті болғандықтан біз оларды Ресейдің көрші өңірлеріне де саудаға шығарамыз, – дейді “Vizavi” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі Оксана Гладких.

Жәрмеңке күндері сауда жасаған астаналықтардың қатары қалың болды. “Мен Астанаға осыдан бірнеше жыл бұрын Петропавл қаласынан қоныс аударған едім. Туған жеріммен байланысым үзілген жоқ. Жерлестерімнің жетістіктері туралы хабардармын, оған қуанып отырамын. Өзім ондаған жыл ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткенмін, қазір зейнеткермін. Ауыл еңбеккерлерінің маңдай терімен өсірген өнімдерінің құнын жақсы білемін. Солтүстік Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы тауарларының жәрмеңкесі өтеді дегенді естіген соң арнайы келіп, жуырда Алматыдан қонаққа келетін құдаларыма бір табақ жылқы етін сатып алдым. Олар да Қызылжар өңірінің шұрайлы шөбінде семірген жылқы етінің қасиетін қадірлейді”, – дейді Ақжол Дәулиев ақсақал.

Астана қаласының тұрғындары мен меймандары жәрмеңке күндері солтүстікқазақстандық өнер ұжымдары мен белгілі әншілер дайындаған концерттік бағдарламаны да тамашалады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Суреттерді түсірген

Виталий ВЛАСЕНКО.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp