«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АСТЫҚ ЖИНАУ ҚЫЗУ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Бүгінгі күннің талабы – ауа райының қолайсыздығына қарамастан, өсірілген астықты дер кезінде шығынсыз жинап алу. Оған “Атамекен-Агро-Целинный” ЖШС-нің барлық мүмкіндігі бар.

Серіктестіктің барлық егістік алқабын 33166 гектар жер құрайды, оның 18500-іне – бидай, 4211-іне – бидайдың қатты “Ақ бидай” сұрыбы, 3960-на – арпа, 1562-іне – рапс, 4349-на зығыр себілген болатын.

Егін орағына аталмыш қожалық тамыз айының аяғында кіріскен еді. Ауа райының жақсы күндерін қалт жібермей, шаруашылық қарқынын күн сайын еселей түсуде.

Серіктестікте 4 кешенді егін бригадасы бар. Олар әрбір күннің жарық мезгілін бос жібермеуге тырысады, қажет болған жағдайда түні бойы да жұмыс істеуге әзір.  

Агроқұрылымдағы 9 “Вектор”, 11 “КЛААС”, 6 “Джон-Дир” комбайндары орып, бастырған астықты егін алқабынан 23 “КамАЗ” автокөлігі мен 9 “МТЗ” тракторы тіркемелерімен тасиды. ЖШС-нің астық қабылдайтын кәсіпорнының сыйымдылығы 40 мың тоннаны құрайды, онда ылғалды астықты кептіретін 3 қондырғы жұмыс істейді.

“Атамекен-Агро-Целинный” ЖШС-нің егін алқаптары ауданның Чистопол, Салқынкөл және Шөптікөл ауылдық округтері аумағында орналасқан. Егін орағын кедергісіз, егін алқаптарының дайындығына қарай жүргізу үшін жылжымалы егістік бригадасы пайдаланылады. Онда егін орағы мамандарының тамақтануы мен демалуына қажетті барлық мүмкіндіктер жасалған.

Осы күндері “Вектор” комбайнымен Сергей Тасқынбаев 1119 тонна, “КЛААС” комбайнымен Степан Хмелевский 1098 тонна астық бастырса, өздігінен жүретін “Макдон” жаткасымен Юрий Смотрин 2230 гектар, Евгений Бондаровский 1489 гектар алқаптың астығын дестеге түсірді, Талғат Құрақбаев “МТЗ” тракторына тіркелген “Донмар” жаткасымен 787 гектар алқаптың егінін орды. “КамАЗ” автокөлігімен Михайл Лавренев 1296 тонна, ал оның аттасы Михайл Малявин 1202 тонна бастырылған астықты орталық қырманға жеткізді. Сондай-ақ, басқа да өз ісінің шеберлері күнделікті жұмыстарын абыроймен атқарып, алтын астықтың ысырапсыз жиналуына өзіндік үлестерін қосып жүр.

Меңдібай СӘРСЕНБАЕВ.

 Ғабит Мүсірепов атындағы аудан.

 

Деректер мен дәйектер

 

Облысымызда өткен жылмен салыстырғанда жемшөптік дақылдардың көлемі – 38,6 пайызға, майлы дақылдар – 36,0 пайызға, ашық топырақтағы көкөністер 2,2 пайызға ұлғайды.

Сөйтіп, үстіміздегі жылы 4346,8 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары, оның ішінде 3274,2 мың гектарға немесе 75,3 пайызына – дәнді және бұршақты дақылдар, 597,0 мың гектарына немесе 13,7 пайызына – майлы дақылдар, 443,2 мың гектарына немесе 10,2 пайызына жемшөптік дақылдар себілді.

Жемшөптік дақылдардың көлемі облыстың 7 ауданында, майлы дақылдар барлық аудандарда, картоп 2 ауданда ұлғайды. Дәнді және бұршақ дақылдарының егістік көлемі 12 ауданда кеміді.

Аудандар арасында өткен жылмен салыстырғанда егістік алқаптардың ең көп ұлғаюы Мамлют ауданында – 5,4 пайызды, Ғ. Мүсірепов атындағы ауданда – 3,2 пайызды, Қызылжар ауданында 3,1 пайызды құрады. Астықты алқаптардың ең көп кемуі Ақжар – 23,8 пайыз, Аққайың – 2,9 пайыз, Уәлиханов аудандарында 0,1 пайыз орын алған.

Облыстық статистика департаменті. 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp