
Кеше облыс орталығындағы Спорт сарайында асық атудан жасөспірімдер арасында ел біріншілігі басталды. Оған еліміздің көптеген өңірлерінен үміттерін үкілеген қырықтан астам спортшы қатысуда.
Асық ату бойынша республикалық федерацияның вице-президенті, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жомарт Сабыржанов Петропавл қаласында мұндай жоғары деңгейдегі доданың осымен екінші рет өткізіліп отырғанын тілге тиек етіп, біріншілікті ұйымдастыруда қолдау көрсеткен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшылығына алғысын білдірді. Айта кетейік, былтыр облыс орталығында ересектер арасында спорттың аталмыш түрінен республикалық чемпионат ұйымдастырылды.
Жарыстың бас төрешісі, облыстық асық ату федерациясының бас жаттықтырушысы Ақжан Сұрағановтың айтуына қарағанда, дода тартысты өтуде.
Ұл балалар асық атудан, ал қыздар бес асықтан өзара мықтыны анықтауда. Жеңімпаздар мен жүлдегерлердің есімдері 21 шілде күні белгілі болады.
Дулат ҚОЖАХМЕТОВ,
“Soltústіk Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.