«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АТАМНЫҢ АЙТҚАНДАРЫ

Менің атам Рақымжан Мауғизаұлы 1916 жылы Шал ақын ауданының Бірлік ауылында дүниеге келген. Кәмпескені де, аштықты да көрген, жетімдіктің де тауқыметін бір кісідей тартқан адам. Ұлы әжеміз жастай жесір қалып, төрт ұл, бір қызды жалғыз өзі жеткізген екен. Атам 1942 жылы 314-ші атқыштар дивизиясының құрамында Ленинградты қорғауға қатысқан, сол жерде жараланып, госпитальға түседі. Жазылған соң қайта жасақталган құраммен Сталинград түбіне жіберіледі. 1943 жылдың жазында Сталинград түбінде ауыр жараланып, Челябінің госпиталінде емделеді. Бір өкшесін снаряд жарықшағы жұлып кеткендіктен екінші топтың мүгедегі болып елге оралды. «Ерлігі үшін» медалінің иегері. Мен атамның 64 жасында сағындыра туған тұңғыш немересі болғандықтан, атымды азан шақырып өзі қойып, бауырына басты. Менің бойымда ізгіліктің қандай да бір нышаны болса, атамның сіңіргені деп білемін.

Обал мен ұят

Жеті-сегіздердегі кезім. Қар түсе қоймаған шақ. Бірақ малдың ізіне қатқақ тұрған. Қара суық, қыстың ызғары сезіледі. Қажы өткелі жақтан қысы-жазы гулеп тұратын жел де өңменіңнен өтеді. Жасыл қамзолынан айырылып, жүдеу күйге түскен ағаш та желдің екпініне шыдай алмай шайқалып тұр. Алғашқы суық болғасын ауыл адамдары пешке де отынды молынан салып, мұржалардан қошқыл түтін будақтап жатыр. Қайың түтінінің иісі де керемет қой, саф ауамен бірге жан сарайыңды ашады.
Малды қораға қамаған кез, көшеде бейсауат жүрген адам да жоқ. Бірақ жылы киініп алған балаларға бәрібір, далаға шыққанға мәзбіз. Әр мезгілдің өз ойыны болады ғой. Біздің ауылда қыста хоккей, сырғанақ тебу, тай үйрету, көктемде “Банка”, “Городки”, “Клюк” сияқты ойындар ойналады, жазда футбол, тығылмақ дегендей. Ал дәл осы күздің соңына қарай белгілі бір ойын болмайтын. Не істерімізді білмей, көрінгенді ермек қылып жүреміз. Сол күні көшеге шықсам, Тоқсары ақсақалдың мен құралпы немересі Айдар жүр екен. Бізге қарсы беттегі Нұрғиса шалдың үйінің жанында тұрғанбыз, ересектеу бір бала келді де “күресіңдер” деді. Жасымыз да құралпы, пошымымыз да бір. Бұған дейін де талай төбелескенбіз. Жай да ермек таппай жүрген біз ұстаса кеттік. Қап-қалың киініп алғанбыз, қорбаңдап біраз алыстық. Шалып та көреміз, жамбасқа да саламыз, итжығыс түсе береміз. Ана бала ит қосқандай екеумізді кезек айтақтап қояды. Намысымызды жанығаны. Менің айлам асты ма, әлде ол сүрінді ме, әйтеуір жерге етпетінен құлаттым. Бақырып атып тұрды, мұрнынан қан саулайды, пальтосының өңірін жауып кеткен. “Апама айтам”, – деп ол кетті үйіне, бәлені сезіп мен де зыттым. Үйге кірсем, көкем (анамды көке дейтінмін) дүкеннен келген екен, “Мә”, – деп қолыма коржик ұстатты. Қаужаңдап отырмын. Айдарды ұмытып та кеткен екенмін. Кигізбен қаптап қойған сықырлауық есік ашылды да, ар жағынан:
– Жайрағыр Сағындық қайда? – деген Айдардың тәтесі Самардың дауысы шықты. Қолында қызыл қанға боялған пальто.
– Е, не боп қалды? – Бұл маған басқа түгіл өз әке-шешеме де ұрыстырмайтын апамның жауабы.
– Айдарды ұрып, мұрнын қанатыпты. Келші бері, – деп мені шақырды. Оған барсам жағымның отын шығаратыны анық, апам отырған үлкен кереуеттің астына бірақ ытқыдым. Үйреншікті орным.
– Бала болғасын төбелеспей тұрмайды, не көрінді соншама? Қазіргі жастарда ұят жоқ, үлкен отыр-ау деп қарамайды, өзіңе дікіңдейді бұлар, – деп, апам мені ұруға келген Самардың өзін кінәлі ғып шығарды.
Мен де қыстай жатып, көктемде інінен шыққан аңдай кереуеттің астынан басымды қылтиттым. Бір кезде атам кірді үйге. Енесіне батпаса да, атасына сөзін өткізетін көкем бар оқиғаны баяндап берді. Атам үнемі менің жағымда. “Баланы жасытасың”, – деп, ұрыспайтынын білемін. Бастысы көкемнің қолына түсіп қалмасам болды, көзді ала беріп, мытып-мытып жіберуі мүмкін. Бәріміз үнсіз шайға отырдық. Атам мен апамның ортасындамын. Көкем ала көзімен атып-атып қояды. Одан ығып отырған мен жоқ. Атам ас қайырып, дастарқаннан тұрғасын күндегі әдетімен төсегіне қисайды. Мен де артына кеп жата кеттім.
– Құлыным, – деді.
– Әу, ата!
– “Қол бата тиеді, бата тимесе қата тиеді” деген. Айдардың көзі шықса, мұрны сынса, басы жарылса қайтер едің? Соны ойладың ба? Ешкімге тиіспе, обал болады! Далаудың (атама жеңгелері қойған ат) баласы тентек десе, жақсы ма? Ондай атақ ертпе, ұят болады! – деді. Атамның обал мен ұят туралы айтқан осы сөзі маған өмірлік сабақ болды.

Сауап

Сегіз-тоғыздардағы кезім. Ауылда тұрсақ та, аса көп мал ұстаған жоқпыз. Жиырма-отыз қой-ешкі, төлімен қоса санағанда бес-алты ірі қара және құлынды көк бие. Жарықтық “Борька” жылда құлындайды. Жазда апамның күбісі босамайтын. Заманның кең кезі ғой, ат төбеліндей ғана ауыл, бәрі бір-біріне туыс, ақсақал деп атамның сөзін жерге тастамайды, керек-жарағын артығымен үйіп әкеледі. Кеңшар да соғыс ардагері деп отын-шөптен таршылық көрсетпейді.
Бірақ бала күннен қанға сіңген әдеті ғой, атам мен апамның бос отырғандарын көрмеппін. Апамдікі белгілі, әйел адамның бітпейтін тірлігі. Атам марқұмда кейбір замандастары секілді бейсауат жүру, үй аралау деген болмайтын. Тіпті жұмыс болмай жатса, онсыз да лыпып тұрған бәкісін қайрайтын. Еркелетті деген аты болмаса, мені де кішкентайымнан жұмысқа жекті. “Істегенің маған жақсы, үйренгенің өзіңе жақсы” деп отыратын. Малдың астын тазалау, құсқа жем шашу, су тасу, арамшөп жұлу секілді ұсақ тірлік менің мойнымда.
Күн тас төбеге шығып, шақырайып тұрған уақыт. Тіпті, дамыл таппайтын тауықтардың өзі көлеңкеге тығылған. Ақтөстің де тілі сала-құлаш, басын шайқап-шайқап қойып ырс-ырс етеді. Басымда газеттен жасап алған кәртөз, қолымда айыр, сиыр астын күреп болып қораға кірдім. Таңертең шабындықтан келгесін атам көк биені жаппаның астына емес, қораға кіргізіп байлаған. Алдына жаңа шабылған 1-2 айыр шөп тастадым. Жылқының тері мен тезегі, жаңа орылған көк шөптің иісі араласып, мұрынды қытықтайды. “Борька” бырт-бырт шайнап тұр. Ара-тұра әрменіректе байлаулы тұрған қаратөбел құлынына қарап еміреніп қояды. Желіні сыздап бара жатса да, апам келмейінше құлыны жанына жуымайды. Иіту үшін құлынды емізеді де, керегінше сауып болғасын ғана жібереді. Сол кезде емшегіне екілене бас қойған құлынын иіскелеп тұрғанын көрудің өзі бір ғанибет.
Сыралғы көк биенің сыртынан қорықпай өтіп, сайман қоятын бұрышқа беттедім. Қораның төбесіне көз салсам, ұяда басы қылтиып отыратын қарлығаштың балапандарының біреуі көрінбейді. Жерге құлап кетіпті. Анасы шыр-пыр. Мені көріп, тіпті есі шығып кетті. Қанатын қатты-қатты қағып қойып бір көтеріліп, бір төмендеп айнала береді. Ұшпақ түгіл жүре де алмайтын балапанды алдым да, сиырлардың арасын бөліп тұрған жақтауларға шығып, ұясына салып қойдым. Тағы екеуі маған қарап үрпиіп отыр. Мен төмен түскесін ғана қарлығаш балапандарына жақындады. Керемет бір ерлік жасағандай сезімдемін. Манадан бері безек қағып жүрген қарлығаштың өрекпіген жүрегі енді ғана орнына түскендей.
– Дұрыс істедің, құлыным, сауап алдың, – деген дауысты естіп, артыма жалт қарадым. Атам екен. Манадан бері сыртымнан қарап тұрғанға ұқсайды. – Қарлығаш қасиетті құс қой, ол ұя салған үйге ырыс пен береке келеді. Жүр, шайыңды іш, апаң тосып отыр, – деді де, сылти басып үйге кетті. Шамалы тұрдым да, қол жуғыштағы күннің ыстығынан жылып тұрған суға беті-қолымды жуып, үйге кірдім.
Сауаптың мағынасын атам маған алғаш рет осылай ұқтырып еді.


Сағындық МАУҒАЗИН. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp