“Кирилловка-Айыртау” ЖШС-нде 2014 жылғы көктемгі егіс жұмыстарын ұйымшылдықпен өткізу шараларын және ауданның агроөнеркәсіп кешенінің даму мәселелерін талқылауға арналған семинар-кеңес өтті.
Семинарға жиналғандарды шаруашылықтың көктемгі дала жұмыстарына жұмылдырылатын техникаларының жағдайымен “Кирилловка-Айыртау” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Михаил Зосько таныстырды. Жиынға аудан басшысы Ағзам Тастеміровпен “Әліби-Агро” ЖШС бас директорының орынбасары Қанат Дүйсекеев, А.Бараев атындағы ғылыми-өндірістік орталықтың егіншілік бөлімінің меңгерушісі Қанат Ақшалов, “Рамут Корпорациясы” ЖШС-нің вице-президенті Татьяна Ким, “Солтүстік Қазақстан облысының Қазгидромет” РМК Айыртау филиалының директоры Роза Қожахметова, тағы басқа да мүдделі компаниялар мен ұйымдардың басшылары қатысты.
Аудан әкімінің орынбасары Аманбек Махметовтің айтуынша, биыл айыртаулықтар 392,6 мың гектар алқапқа дән сіңіруді жоспарлап отыр, оның ішінде 303,7 мың гектарға дәнді дақылдар себілмекші.
Тұқым, жанар-жағармай жеткілікті. Техника да дайын.
Биылғы көктемгі егіс науқанына 1135 трактор, 1180 тұқымсепкіш, 113 егу кешені, 480-ге жуық жүк және басқа да көліктер жұмылдырылмақ.
Семинарға қатысушылар өзара тәжірибе алмасты. Семинарды қорытындылаған аудан әкімі Ағзам Тастеміров көктемгі егіс жұмыстарын уақытында атқарудың маңыздылығына ерекше тоқталды.
Бағлан ҚОЖАҚОВ.