«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АТЫРАУДА АЙДЫ АСПАНҒА БІР-АҚ ШЫҒАРДЫ

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен жалпы орта білім беретін мектеп оқушылары арасында өткен VI республикалық Махамбет оқуларында жерлесіміз Ғабит Ғафуров жеңіске жетіп, мерейімізді үстем етті.

Атырау қаласында өткен республикалық жарысқа біздің облыстан үш үміткер қатысқан. Жоғарыда айтылғанындай, музыкалық-эстетикалық бейімдегі дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатының 8-сынып оқушысы Ғабит Ғафуров «Ұлы арман» аталымы бойынша Махамбет Өтемісұлының күйлерін орындаудан сынға түсіп, жеңіс тұғырынан көрінді.

Қазылар алқасының сұрауы бойынша “Шілтерлі терезе”, “Жұмыр қылыш”, “Қайран Нарын”, “Исатайдың Ақтабаны-ай” күйлерін орындаған жас өнерпаз республикалық байқауда топ жару оңай болмағанын айтады.

– Облыстық кезеңнен сүрінбей өтіп, республикаға жолдама алдым. Бастапқыда қорқыныш сезімі болды. Өйткені, дүбірлі додаға кілең мықтылар баратыны ақиқат. Сондықтан ұстазым мені барынша дайындады. Ал байқаудан алған әсерім өте керемет. Атырау қаласында болғанымызда Махамбет бабамыздың кесенесіне бардық. Қазылар алқасы да әділ болды. Негізі жеңіске жетемін деп ойлаған жоқпын. Бағым жанып, ата-анам мен ұстаздарымның сенімін ақтадым, – дейді Ғабит Ғафуров.

Еліміздің әр аймағынан барған он екі дарынның ішінде топ жарған петропавлдық өнерпаздың жүзден жүйрік атануына ұстаздарының да қосқан үлесі зор. Аламан бәйгеге жүйрігін баптағандай Ғабитті бірнеше ай бойы байқауға дайындаған музыкалық-эстетикалық бейімдегі дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаты өнер колледжі кешені домбыра сыныбының оқытушысы Майра Сапарқұлованың да есімін ерекше айтып өтуге болады. Бұған дейін облыстық байқауларда бағы мен бабын сынап жүрген жас дарын болашақта талай белесті бағындырып, асулардан асатынына кәміл сенімді. Өршіл рухты өнерпазға біз де әрқашан сәттілік серік болсын деп тілейміз.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp