
Есіл ауданында “Жұмыспен қамтудың Жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша 2013 жылы болашағы жоқ ауылдардан 8 отбасы (45 адам) аудан орталығына көшіріліп әкелінді. Оны ұйымдастырған аудандық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі қоныс аударушыларды мемлекет қаржысына сатылып алынған үйлерге орналастырып, олардың арасындағы еңбекке қабілеттілеріне жұмыс тауып беруге қолғабыс жасады. Солардың қатарында Жаңалық елді мекенінің тумасы Болат Мұхамадиевтің отбасы да бар.
– Өмір бойы кіндік қаным тамған жер Жаңалықтан жыраққа кеткен жоқ едім, әскер қатарында жүрген жылдарды есепке алмағанда. Мұнда көшіп келгеніме бір жыл болды. Әрине, қоныс аударғанға өкініш жоқ. Қазақстанның қай түпкірі болсын туған өлкеміз емес пе?! Бірақ кезінде үлкен ел болған Жаңалық ауылының бүгінде қираған үйлердің төмпешігіне айналып бара жатқанына өкінбеске болмайды, – дейді Болат Сәдуақасұлы.
Жаңалық бұрын сексендей шаңырақтың түтінін тік ұшырған ауыл болыпты. Онда туып, ержетіп, балалы-шағалы болған ақсақалдың сол ауылда өмірінің ең бір қызықты кезеңдері қалғаны, айтпаса да түсінікті. Отағасы ширек ғасыр механизатор болса, оның зайыбы Қымбат Жұмағалиқызы мәдени-ағарту саласының маманы ретінде талай жыл ауыл кітапханасында үздіксіз қызмет етіп, зейнеткерлікке шыққан. Ерлі-зайыптылар – үш баланы дүниеге әкеліп, олардан немере-жиен сүйіп отырған бақытты ата-ана.
Болат Сәдуақасұлы өзінің зейнеткерлік жасына әлі үш жыл бар екенін еске сала отырып, бүгінде жұмыссыз отырғандығының себебін айтты. Отағасына жергілікті билік бір жұмыстың ыңғайын тауып беруге ниет жасаған екен, бірақ есту қабілеті мүлде нашар зайыбының қасында бір адам болу қажеттігінен үйден шыға алмайды екен. 40 жыл отасқан зайыбын алақанына салып, мәпелеуді отағасы өзінің басты міндеттерінің бірі санайды. Отбасының мал бағып, соның ырысымен және отанасының зейнеткерлік табысымен жұрт қатарлы өмір сүріп жатқанын олардың жақсы тұрмыстары аңғартады. Шаруаға мығым, жүрісі ширақ Қымбат Жұмағалиқызының жұбайына күлімсірей қарап, оның көңіл күйін қас-қабағынан аңдап, жарының алдында құрақ ұшып жүргендігі бұл отбасының әу бастан татулық пен түсіністіктің негізінде қаланғанын байқатады.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.