Қызылжар ауданында алғаш рет аудан әкімінің тікелей сайлауы өтті. Дауыс беруге 31 661 адам құқылы болса, өз таңдауын 17 815 сайлаушы ғана жасаған.
Ауданға әкім болуға үш кандидат ұсынылды. Осыған дейін Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары болған Бейбіт Исманов, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Асқар Хабибулин және Мамлют ауданы әкімінің орынбасары Санат Әубәкіров сайлауға түсті.
Саяси науқан қорытындысы бойынша Санат Әубәкіров 2 549 дауыс жинаса, Асқар Хабибулин үшін 1 671 адам дауыс берген. Ал 1310 тұрғын «бәріне қарсымын» бағанына белгі қойған. 11771 дауыс жинаған Бейбіт Исманов аудан әкімі болып сайланды.
1971 жылы Алматы қаласында дүниеге келген Бейбіт Исманов әр жылдары облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармаларының басшысы, Айыртау ауданының әкімі қызметтерін атқарған. Ал 2025 жылдың маусымында Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары болып тағайындалған.
Диас АЯҒАН, «Soltüstık Qazaqstan».