Мағжан Жұмабаев ауданына жұмыс сапарымен барған өңір басшысы Құмар Ақсақалов аудандық мәслихаттың кезектен тыс XXIII сессиясының жұмысына қатысты. Халық қалаулылары аудан әкімінің лауазымына ұсынылған Қайрат Омаровтың кандидатурасын бірауыздан қолдады. Кейін өңір басшысы әкімді аудан активіне таныстырды.
– Қайрат Қайроллаұлы әр жылдары Айыртау және Ғабит Мүсiрепов атындағы аудандардың әдiлет басқармаларында жетекшi маман, бас маман, “Халыққа қызмет көрсету орталығы” РМК-ның Ғабит Мүсiрепов атындағы аудандық бөлiмiнiң жетекшісі, аудан әкiмiнiң экономика және ауыл шаруашылығы жөнiндегi орынбасары қызметтерiн атқарды. 2015 жылдан осы күнге дейін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы болып жұмыс істеп, мол тәжірибе жинақтады. Жаңа әкімнің артылған сенімді ақтайтынына сенемін, – деді Құмар Іргебайұлы.
Осы күнге дейін ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша бірқатар жұмыстардың атқарылғанын тілге тиек еткен Құмар Ақсақалов бұрынғы әкім Асқар Бегмановқа жемісті еңбегі үшін алғысын білдірді. Ал жаңа тағайындалған әкімге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту жөнінде Жолдауда жүктеген міндеттерін абыроймен атқаруды тапсырды. Ауданның негізгі басымдық берілген саласы – агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, сонымен қатар инвестиция тарту, шағын және орта бизнесті қолдау, көліктік инфрақұрылымды жақсарту.
Қайрат Омаров өзіне көрсетілген сенім үдесінен көрініп, адал қызмет етуге бар күш-жігерін жұмсайтынын жеткізді. Өз кезегінде Асқар Бегманов үш жыл еңбек еткен уақыт ішінде өзіне қолдау көрсеткен аудан тұрғындарына ризашылығын білдірді.
Облыс әкімі жиналғандарға Президент Жолдауынан туындайтын міндеттерді жүзеге асырудың маңыздылығы жөнінде айтты. Өңірде агроөнеркәсіп кешені саласына “ақылды технологияларды” енгізу және осы бағыттағы жұмыстарды жаңғырту, шағын және орта бизнестің әлеуетін арттыру қажеттігін сөз етті.
Жиыннан кейiн облыс әкiмi аудан орталығында жақында ашылған Батыр Баян атындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенiнде болды. Абылай ханның сенімді серіктерінің бірі Баян Қасаболатұлының есімі берілген ғимараттың жалпы ауданы 1100 шаршы метрді құрайды. Спорт кешенінің директоры Аслан Бралиннің айтуынша, екіқабатты ғимаратта балаларға еркін және қазақ күрестері, шағын футбол, волейбол, ауыр атлетика, бокс, жекпе-жек, хоккей сияқты спорт түрлерімен шұғылдануға мүмкіндік жасалған. Мұнда фитнес залы да бар. Нысан аудандық бюджеттен бөлінген 117 миллион теңгеге тұрғызылған.
Жас спортшылармен, аудан тұрғындарымен тiлдескен Құмар Ақсақалов Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының XV өңіраралық форумы сәтті аяқталғанын да айтып өтті.
– Өңіріміздегі маңызды шараға Қазақстан мен Ресейдің Президенттері қатысып, екі елден келген делегаттардың саны бір мыңға жуықтады. Форум аясында екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтатын бірнеше келісімге қол қойылды, – деген Құмар Іргебайұлы екі елдің шекара бекеттерінде туристердің әрі-бері өтуі мәселесін шешу бойынша кешенді жұмыстар жүргізілетінін атап айтты.
Қанат АТАМАНОВ, “Soltústіk Qazaqstan”.
Суретті түсірген Виталий ВЛАСЕНКО.