
Бәйтерек – қала іргесіндегі елді мекендердің бірі. Көшелері асфальтталған. Жасыл желек жайқалып тұр. Сәулетті мектебіміз, фельдшерлік-акушерлік пунктіміз бар. Мұнда тұратын тұрғындар арасында шетелден ата-баба қонысына сағынышпен оралған ағайындардың қарасы қалың. Шетінен еңбекқор, ұйымшыл. Қол қусырып, қарап отырған отбасылар жоққа тән. Мал, құс, көкөніс өсіріп, пайдалы кәсіппен айналысады.
Енді шат жүзімізге, көтеріңкі көңілімізге селкеу түсіретін бір жайтты айтайық. Бұрындары әтештің шақыруымен таңғы ұйқымыз шайдай ашылып, түрлі шаруа қамымен күннің қалай батқанын байқамай қалатынбыз. Қазір жатсақ та, тұрсақ та бір уайымымыз бар. Ол – қолқаны қабатын иіс. Міне, үш жылдан асып барады, жазылмайтын кеселдей жабысып алған. Ауылға тақау “тұрғызылған” күл-қоқыс полигонынан тұрғындардың қатты қиналып, зардап шегіп жатқанын аудан басшылары жақсы білсе де, мәселе әлі күнге дейін шешімін таппай отыр. Олар “әне-міне” деген уәделерінен жаңылар емес.
Осыдан бес жылдай бұрын Бескөл кенті жанындағы қоқыс полигоны жабылып, біздің ауылдың іргесіне төгу ұйғарылған. Заңды түрде тіркелмесе де, тұрмыстық қалдық осында төгіле бастады. Бүгінде жақын маңдағы жеті елді мекеннен жиналатын, тау-тау болып үйілген қалдық заттардың сасық иісі жүректі айнытып, қолқаны қабады. Бәрінен шиеттей балаларға обал. Жаздың шыжыған ыстық күндерінде шыбын үймелеп, неше түрлі аурулардың тарамасына кім кепіл? Тіпті, полигонға малдың өлексесі де тасталады. Елді мекеннен кемі бір шақырым орналасуы тиіс деген талап стандартқа да еш сәйкес келмейді.
Полигонның аумағы ұлғайып, қазір 8 гектарға жетті. Жағдай осылай ушыға берсе, елді мекен жағымсыз иістен мүлдем көз ашпай қалуы мүмкін. Тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық бөлімінің қолынан бар келетіні – күл-қоқысты тегістеу, өртеу. Бықсып жанған шала орман-тоғайларды шарпыса, оның ақыры үлкен өкінішке соқтырары анық. Өйткені, ешқандай сақтық шаралары қарастырылмаған. Соңғы кездері әкімдікке арыз-шағым айта барсақ, өзімізді кінәлайтынды шығарды. Шамасы “жақсы қорғаныс – шабуыл” деген тәсілді жетік меңгеріп алса керек. Қаншама улы заттар ауа арқылы таралып, тұрғындар денсаулығына қатер төндіріп жатқанына назар аударудың орнына жергілікті биліктің қамсыз жүргені қамықтырады. Бескөл ауылдық округінің әкімі Ербол Багеновке жолығып, мән-жайды сұрадық. Айтуынша, полигонды басқа жаққа көшіру мәселесі қарастырылып отырған жоқ. “Қазір осы қоқыс алаңының жобалық-сметалық құжаттарын рәсімдеуге 6 млн. 800 мың теңге бөлінді. Полигонның құрылыс жұмыстарына қажеттісі – 262 млн. теңге. Бұл қаражат республикалық, облыстық қазынадан қарастырылмайынша, мәселе түпкілікті шешілмейді”, – деген жауабынан салымыз суға кеткендей күй кештік.
Ендігі бар үмітіміз – жоғарғы билік орындарында. Облыс орталығына тиіп тұрған елді мекенде тұрып жатқан бәйтеректіктердің жанайқайына құлақ түріп, қол ұшын берер деген сенімдеміз.
Ауыл тұрғындарының атынан
Қайролла СҮЛЕЙМЕНОВ,
Жұпархан МҰСАБАЙ.
Қызылжар ауданы.