М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де академик Ғазез Тәшеновтің туғанына 90 жыл толуына орай “Жаратылыстану және ауыл шаруашылығы саласындағы ғылым мен білім берудің өзекті мәселелері” атты VII халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Шал ақын ауданындағы Ақсу ауылының тумасы Ғазез Тәшенұлы біздің өңірдің атын әлемге әйгілі еткен ғалым десек, артық айтқандығымыз емес. Ол ұзақ жылдар бойы Қазақ Ғылым академиясында абыройлы еңбек етіп, Кеңес Одағы бойынша әріптестерінің ортасында да зор беделге ие болды. Жерлесіміздің ғылыми еңбектері бүгінде халықаралық зерттеу ұжымдарында кеңінен пайдаланылып келеді. Бүгінде академиктің 250 ғылыми жұмысы, соның ішінде 4 монографиясы, ағылшын, неміс, чех тілдерінде жарық көрген 20 еңбегі Ресей, Польша, Беларусь мемлекеттерінің жоғары оқу орындарында қолданылуда. Ғалымның көпке танымал мал азығына табиғи және синтетикалық қоспаларды пайдалану бойынша әдістемелік нұсқаулығы бірнеше марапатқа ие болған. Ғазез Тәшенұлы малдың ас қорыту органдарының жұмысын зерттей жүріп, ота жасаудың 20 әдісін ойлап тапты. Әйгілі физиолог ретінде қоршаған ортаның қолайсыз жағдайларында мал басын сақтап қалу жолдарын анықтады.
Конференция барысында Ғазез Тәшенұлының қызы Ләйлә әкесінің өмірде қандай адам болғаны, мінезі жайлы сыр шертті. “Ол кішкентай кезінен тағдыр тауқыметін көрген жан. 8 жасында әкесінен, 14 жасында анасынан айырылып, өзінен алты жас кіші інісі екеуі ғана қалады. Әкем жастайынан қара жұмысқа жегілді. Еңбекқорлығының, ізденімпаздығының арқасында өмірдің талай сынынан сүрінбей өтіп, абыройлы азамат, білікті басшы бола білді”, – деді Ләйлә Ғазезқызы. Конференция барысында жерлесіміздің өмірі жайлы түсірілген деректі фильм көрсетіліп, одан Ғазез ағамыздың жаны жайсаң, мейірімді жан болғандығын ұғындық. Өр тұлғалы жерлесіміз сәби күніндегі дәрігер болу арманына қол жеткізе алмаса да, екі ұлы мен қызының медицина саласын таңдауына ықпал еткен. Бүгінде оның ұлы Дәулен Тәшенов елімізге танымал дәрігер, ал қызы Ләйлә Тәшенова – Алматы гастроэнтерология институтының директоры. Олар әкелерінің ізін жалғастырып, ғылым саласының дамуына атсалысып келеді.
Ф.М.Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университетінің профессоры Сергей Соловьевтің айтуынша, Ғазез Тәшеновтің ғылыми еңбектері Ресейдің бірқатар жоғары оқу орындарында оқулық ретінде қолданылады. “Көптеген танымал академиктердің аузынан Ғазез Тәшенов жайында талай рет естіп едім. Қарапайымдылығымен, адамгершілігімен өз ортасына сыйлы болған азаматтың тындырған әр ісі ғылымда үлкен жаңалық болып қабылданды”, – деді ресейлік профессор.
Конференциядан соң СҚМУ-дің биология факультетінде Ғазез Тәшенов атындағы дәрісхананың ашылу салтанаты өтті. Жерлесімізге арналған шара академиктен дәріс алған университет оқытушылары Сәуле Базарбаева мен Әйгерім Нұсыпованың ұйымдастыруымен студенттер дайындаған әдеби-сазды кешке ұласты.
Гүлбике КУБЕНОВА, “Soltústik Qazaqstan”.