«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫЛДЫҚТАРДЫҢ АЛҒЫСЫ

Петропавл қаласынан Ақжар ауданына бара жатқан «ВАЗ-2104» автокөлігінің жүргізушісі мен оның төрт жолаушысы күтпеген жерден қиындыққа тап болды. Оларға қарама-қарсы келе жатқан жүк көлігінің дөңгелегінен ұшқан мұз жеңіл көліктің алдыңғы әйнегіне тиіп, күл-паршасын шығарды. Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ, алайда жолаушылар желдің өтінде қалды. Көлікте қарт адамдар да бар еді. Құрамында полиция аға лейтенанттары Жігер Балтабай мен Евгений Вишневский бар патрульдік полиция батальонының экипажы айдалада қаңтарулы тұрған көліктің жанынан өте шыға алмады. Полицейлер мән-жайды сұрастырып, қарияларды өз көліктеріне отырғызып, Келлеровкаға дейін “Жигулиге” ілесіп жүрді.

Келлеровкада оларды тосын сый күтіп тұр еді: полицейлер жолшыбай автоқосалқы бөлшектер сататын дүкендегі таныстарына хабарласып, қажетті автобөлшекті қарызға сұрап алыпты, ал тағы бір таныстары алдыңғы терезесін әкеліп беруге келіскен. “Жақсылық қылсаң, бүтін қыл” дегендей, тәртіп сақшылары сынған көлікті жөндеуге де көмектесті. Бір жарым сағаттан соң “Жигули” қайтадан жолға шықты.
Жігер мен Евгенийге олардың ауызша айтқан ақ алғысы жеткілікті еді. Алайда олардың көмегіне риза болған қария Күләш Балтабекова Whatsapp арқылы облыстық полиция ведомствосының баспасөз қызметіне: «Бізге көмекке келген Балтабай Жігер мен Евгений Вишневскийге алғыс жариялап, марапаттауларыңызды сұраймыз» деген хабарлама жолдаған.
«Әр экипаж қызметке түскен кезде жолда қиын жағдайға тап болған адамдарға көмек көрсету керек деген тапсырма алады. Бұл – біздің жұмысымыз. Дегенмен осындай жылы лебіздер қызметкерлеріміздің есінде ұзақ сақталып, қызмет атқаруымызға ерекше серпін береді», – дейді патрульдік полиция батальонының командирі, полиция подполковнигі Ерлан Мәдиев.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp