«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫЛЫМ ДЕГЕН АЗАМАТ

Еліміз егемендік алып, жас мемлекетіміз қарышты қадаммен алға басқан жылдар ішінде ауыл-аймақтың жағдайы жақсарып, әр салада қарқынды даму байқалады. Әсіресе, ауыл шаруашылығында қол жеткізген жетістіктер ауыз толтырып айтарлықтай. Мемлекет тарапынан қолдау тауып, мүмкіндікті мүлт жібермей, еңбегімен ерекшеленіп жүрген ер-азаматтарымыздың әрқайсысы өз алдына бір төбе. Жарқын болашақ үшін аянбай жұмыс істеп, өзінің қара басын ғана емес, ауылдағы дүйім жұрттың жағдайын ойлап жүрген елжанды азаматтардың бірі – Есіл ауданындағы Еңбек ауылының тұрғыны Қайырбек Қожасов.

Еңбек Покровка ауылдық округіне қарайды. Кеңшарлар тарай бастаған кезде жергілікті тұрғындар шаруа қожалығын құрып, 2003 жылы оны заман ағымына орай “Бай Еңбек” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне айналдырады. Аталмыш шаруашылықты өз жұмысын дөңгелете бастаған кезден осы ауылдың тумасы Қайырбек Қожасов басқарады. Мемлекеттік “Сыбаға” бағдарламасы арқылы егіншілікпен бірге мал шаруашылығын қоса дамытуды қолға алған серіктестік иесі бүгінгі таңда 57 түтіні бар ауылдың 25 азаматын жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.

Агроқұрылым биыл 2600 гектар жерге бидай, 400 гектарға арпа мен сұлы сепкен. Еңбеккерлердің орташа жалақысы 80 мың теңгені құрап отыр. Соңғы жылдары мемлекеттің қолдауы арқасында машина-трактор паркін жаңарта бастаған. “ҚазАгроҚаржы” арқылы лизингке 6 “МТЗ-82,1”, “МТЗ-1221,2” тракторын, 2 “Агрос-530” комбайнын, 2 роторлы шалғы, орама шөптайлағыш алған. Астық сақтайтын 4 қойма да күрделі жөндеуден өткізілген. Дала жұмыстарын ойдағыдай жүзеге асыру үшін серіктестік мемлекет тарапынан жеңілдетілген несие алып, оның игілігін көруде. Жанар-жағармай, минералдық тыңайтқыш та жеткілікті. Серіктестік басшысы мемлекеттік мал шаруашылығын дамыту бағдарламасына орай ірі қара өсірумен де айналысады. Қорасында 180 сиыр бар. Басшы мен қол астындағы қызметкерлердің алға қойған мақсаты бір. Ол – облыс бойынша қолға алынып жатқан игілікті шаралардан тыс қалмай, “Бай Еңбек” деген атқа лайық болу үшін уақытпен санаспай жұмыс істеу.

Сүттей ұйып отырған береке-бірлігі мықты шағын ғана ауыл адамдары бір-біріне ағайын-туыс, құда-жекжат, қойы – қоралас, қазаны аралас болып кеткелі қашан?.. Ауылда бастауыш мектеп бар. Білім бұлағынан сусындаған кішкентай ғана ұл-қыздар кәсіпкердің назарынан тыс қалған емес. Ауылын алға жетелеген азамат мектепке барынша көмектесіп, оқушыларға жан-жақты қолдау көрсетуде.

– Оқушы саны аз. Білім беру жүйесі де жаңа бағдарламаға сай болмай тұр. Сондықтан да оқушыларымыздың енді аудан орталығындағы мектеп-интернатта білім алулары мүмкін. Күні ертең солай болып қалса, кішкентай балаларды суыққа шалдырмай, оқуларына апарып-әкеліп тұратын автобус шығаруды да жоспарлап отырмыз. Біз үшін, ең бастысы, балалар қиналып қалмаса болды, ол үшін қолдан келген жағдайдың барлығын жасаймыз, – деді қайырымды азамат.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

СУРЕТТЕ: серіктестік жетекшісі Қайырбек Қожасов бір топ механизаторлармен жұмыс жайында әңгімелесіп тұр.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp