Рашит ИСМАИЛОВ,
қоғамдық тілші.
Бүгінде спорттан кеткеніне біраз жылдың жүзі болған Александр Секешевтің гір спортынан облыстың ең алғашқы спорт шебері, байрақты сайыстарда өңір мен ел намысын абыроймен қорғай білген спортшы болғанын біреу білсе, біреу білмейді.
Александрдың спортқа қызығушылығы ауыл мектебінде оқыған кезінде оянған. Табиғатынан денелі жаралған ол штангаға көңіл қойып, кейін Петропавл қаласына көшіп келгенінде Михаил Дударьдің ауыр атлетика залына жаттығуға келгені еш таңданыс тудырмайды. Білікті бапкердің қарамағында жаттыға жүріп, әртүрлі деңгейлі сайыстарда бағын сынап көреді. Жеңістің биік тұғырына көтеріле жүріп, бірінші разряд нормативін орындаған. КСРО-ның іргесі сөгілген кезде қайда барарын білмеген азаматтың бақыты жанып, сол жылдары облыс орталығындағы “Локомотив” стадионының базасында гір спортын жандандыру бойынша тер төгіп жүрген атақты жаттықтырушы Николай Лаврентьевке жолығады. Осы орайда Александр өзін гір спортына тартып, қамшылай жүріп, спорттың аталмыш түрінен хас шебер дайындай білген, бүгінге дейін қырықтан астам жоғары санатты спортшыны тәрбиелеген Николай Федоровичке мәңгілік қарыздар екенін айтудан жалықпайды.
Міне, осындай асыл жан тәрбиеленушілерін Қазақстандағы және халықаралық деңгейдегі сайыстарға шығарып жүрді. Штанга көтере жүре ағзасын ауыр салмаққа дағдыландырған Александр көп ұзамай еш қиналмастан, гір спортынан бірінші разряд нормативін орындаған. Ендігі негізгі мақсаты – халықаралық додаларда топ жару. Аталмыш жарыстарда оның негізгі қарсыластары Ресей гіршілері болған. Байрақты додаларға бару үшін жолға бөлінер қаражат мөлшері өскен сайын жастар да қайрат-жігерлерін аяп қалған жоқ. Тіпті, сайыстардың бірінде Александр медаль мен грамотадан бөлек бір бөшке балмен марапатталған кезі де болды. Ақыры залда төккен қара тердің арқасында ол ауыр салмақта Қазақстан біріншіліктерінің бірнеше мәрте жеңімпазы, күміс және қола жүлдегері, Қазақстан рекордшысы атанған. Мұнымен тоқмейілсімеген Александр беделді сайыстардың бірінде арманы орындалып, спорт шебері нормативін орындаған. Міне, осылайша гір спортынан облысымыздың ең алғашқы спорт шебері атағына қол жеткізген.
Спортты серік еткен адам өмір бойы саламатты өмір салтын ұстанып қана қоймай, сонымен бірге өзгелерге де насихаттай жүретіні белгілі. Осы орайда Александр Иванович те жұмысында бос уақытта қол қусырып отырмай, жаттығу жасау мақсатында штанга қойған. Қолы босай қалса, штанга көтеріп, денесін шынықтырады. Техникалық қызмет көрсету станциясында жұмыс істеу оңай емес. “Автокөліктерді жөндеу барысында кезінде спорт залында тер төгіп, сайыстарға жаттыққан сәттерім есіме оралады. Себебі, жұмысымда ширақ қимылдамасаң, бойыңда күш пен шыдамдылық қасиетің болмаса, жастарға ілесе алмай қаласың. Осындайда жастық шағымда гір спортымен айналысып, өзімді шынықтырғанымның пайдасы зор. Әрі әлі күнге дейін гір көрсем, алақаным қышып, оны көтермей қоймаймын”, – дейді спортты өзіне өмірлік серік ете білген азамат.