Биыл кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 29 жыл толды. Ауған соғысына Кеңес Одағының әр қиырынан жіберілген сарбаздардың бірнеше легі өздерінің интернационалдық борышын өтеп, он жыл бойы оқ пен оттың ортасында жүрді.
Осындай сананы сансыратқан сұрапыл күндерді көптеген қазақстандық отбасылар да бастан кешті. Ауған жерінде болған соғысқа 22 мыңнан астам қазақстандық қатысып, оның 924-і майдан даласында мерт болды. 1015 жауынгер мүгедек болып, 21-і хабар-ошарсыз жоғалды. Сондай-ақ, 86 жауынгер ерлігі мен қаһармандығы үшін Кеңес Одағының Батыры атанды.
Біздің ауданымыздан Ауғанстанға 78 сарбаз аттанып, 75-і аман-есен елге оралса, 3-еуі майдан даласында қаза тапты. “Нұр Отан” партиясы аудандық филиалының конференцзалында өткен “Ерлік сағаты” атты “дөңгелек үстел” басында осынау зобалаңда жандарын шүберекке түйіп жүріп соғысқан, еліне аман-есен оралған интернационалист-жауынгерлер мектеп оқушыларымен кездесті. Кездесуде сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Армия Әбілқайыров сол жылдардағы кеңес әскерлерінің асқан ерліктері кейінгі ұрпаққа үлгі болуы қажеттігін айтты.
– Бүгінгі іс-шараның жастарымыз үшін тәрбиелік маңызы зор. Жас ұрпақ еліміздің тарихын біліп, Отанды қадірлеп, ақылды да парасатты азамат болып өсуі тиіс, – деді Армия Әбілқайырұлы.
Жеткіншектер алдында өз ойын ортаға салған интернационалист-жауынгерлердің бірі Сергей Гичко болды. “Қазір соғыс даласында бастан кешкен оқиғаларды еске алудың өзі қиын. Ол кезде мен 18 жаста едім. Жастықпен, жалынды жігермен жүрген шақ. Ауғанстанға әскери борышымызды өтеп, міндетімізді орындаймыз деп аттандық. Біз теңіз деңгейінен үш жарым мың шақырым биіктіктегі таулы жерде тұрдық. Табиғаты, жер бедері мүлде басқа өлкеге үйрену бас кезінде қиын болды. Ауғанстанға алғаш барған сарбаздарға әлеуметтік-тұрмыстық жағдай жасалған жоқ. Олар далада түнеді. Талай қиындық көрсе де, мойымаған сол қарулас ағаларымызды ұмытпаймыз. Соғыс деген жақсы нәрсе емес. Не жағдай болса да, бәрі бейбіт жолмен шешілсін деп тілеймін. Қазір жастарды елді сүюге тәрбиелеу керек. Ал Отанды сүю ең бірінші отбасыдан, ата-ананы, достарды құрметтеуден бастау алады”, – деді ол.
Ауданның ішкі саясат бөлімінің басшысы Жақсылық Жүсіпов атаулы күнге байланысты аудан әкімі Бейбіт Исмановтың атынан осы соғыстың ардагерлерін құттықтап, сол жылдардағы кеңес жауынгерлерінің ерлік істеріне шолу жасады.
Кеш соңында өскелең ұрпақ атынан сөз алған жастар Дарья Михайленко, Вадим Логиков еліміздің бейбіт өмір сүруі жолында қиянкескі ұрысқа қатысқан ағаларына шексіз ризашылықтарын жеткізді. “Ауғанстан. Ұмытылмас жылдар” атты кітап көрмесі де ұйымдастырылып, онда ауған жерінде соғысқан кеңестік әскери күштер мен қазақстандық жауынгерлер туралы мағлұмат беретін көптеген әдебиеттер мен мерзімді басылымдар қойылды.
Бағлан ҚОЖАҚОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Айыртау ауданы.