«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АШЫҚТЫҚ – БАСТЫ ҚАҒИДА

Ел Тәуелсіздігінен кейін сабақтастық дәстүрлер негізінде дәйектілікпен жүргізілген саяси, экономикалық реформалар мен қол жеткен жетістіктер еліміздің дамуына ерекше серпін беріп, жаңа сапалық кезеңге көтерілуге зор мүмкіндіктер жасап отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі” Жолдауында атап өткендей, алдымызда азаматтарымыздың мүдделеріне сәйкес келетін, біртіндеп жүзеге асырылатын тиімді мемлекет құру секілді асқаралы міндеттер тұр. Саяси жүйенің “Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет” формуласы мемлекет тұрақтылығының негізі саналады.

Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті адамдардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасын мүлтіксіз орындау бағытында бірқатар шаралар қабылдап, тұрғындармен арадағы тұрақты байланысты нығайта түсті. Сындарлы диалог, ашықтық, әлеуметтік мұң-мұқтаждарға жедел назар аудару тәжірибелері мемлекеттік органдар қызметінің негізгі бағытына айналып, жұртшылықты көп толғандыратын күрделі түйткілдер бірінші кезекте шешілуіне негіз болады. Қазір вдомоство қарауына келіп түскен өтініштер 5-7 күн ішінде жан-жақты қаралып, жедел түрде жауап беріледі. Бұл орайда, Мемлекет басшысының қоғамды толғандырып отырған негізгі мәселелер көшеде емес, азаматтық диалог аясында талқыланып, шешімін табуы тиіс деген талабы бюрократтық кедергілерді азайтуға өз септігін тигізері сөзсіз.

Тарихи құжаттың “Азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз” ету тарауында партия құрылысы үдерісін жалғастыру жайына ерекше мән берілді. Жетекші саяси ұйым ретінде “Nur Otan” партиясы өзіне жүктелген күрделі міндеттерді абыроймен іске асырып келеді. Біз, партияның жергілікті мүшелері, қоғам игілігі үшін сындарлы саясатты тоқтаусыз жүргізу қажеттілігін жақсы түсінеміз. Бұл орайда, өзге де саяси және үкіметтік ұйымдармен тығыз ынтымақта жұмыс істеудің маңызы зор. Департаменттегі мемлекеттік қызметшілер түгел, ал азаматтық қызметкерлердің жартысына жуығы “Nur Otan” партиясының мүшесі болып табылады. Олардың қатысуымен биыл оншақты қайырымдылық акциясы өткізіліп, аз қамтылған отбасыларға, жалғызілікті қарттар мен зейнеткерлерге көмек көрсетілді. Бұл бағыттағы шаралар одан әрі жалғастырылады.

Жолдауда орталық және жергілікті органдардың нормативтік-құқықтық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізу ісін қайта қалпына келтіру, бұған сарапшылар мен қоғам өкілдерін көптеп тарту, сондай-ақ, заңсыз және арандатушылық әрекеттерге барғаны үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл органдарының қызметкерлеріне қолданылатын жазаны қатаңдату қажеттігі атап көрсетілген болатын. Департаменттің құрылымдық бөлімшелері сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жоспары бойынша үйлесімді түрде әрекет етеді. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүйелі талдау жүргізіледі. Құқықтық актілердегі нормаларды, яғни қызметкердің заң талабын қолдану немесе оны қолданудан бас тартуды таңдау мүмкіндігі туындайтын өкілеттіктерді анықтау мониторингі жүргізіледі. Соңғы талдауға сәйкес оғаш оқиғалар орын алған жоқ. Қоғамды жегі құрттай жейтін індетке қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатымен брифингтер өткізіледі, бейнероликтер орналастырылады. Бұдан басқа, пайдалануға жарамсыз мүліктерді жою рәсімі бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен жүзеге асырылады. Әдеп кодексінің сақталуына ұдайы бақылауды қамтамасыз ету үшін тоқсан сайын мемлекеттік қызметшілердің әкімшілік құқық бұзушылық фактілеріне талдама-сараптамалар жасалады.

Жолдаудың тағы бір маңызды буыны цифрлық экономиканы дамыту болып табылады. Жалға, сенімгерлік басқаруға беру, жекешелендіру объектілерін сату www.gosreestr.kz сайты арқылы өткізіледі. Бұл әлеуетті сатып алушылар мен жалдаушыларға өте ыңғайлы. Уақыт үнемдеумен, әкімшілік кедергілерді жоюмен қатар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады. Кадрлық жұмыс, бухгалтерлік есеп-қисап толығымен “Е-минфин” жүйесіне көшірілген. Құжат айналымы тек қана электронды форматта “ЕСЕДО” жүйесі арқылы жүргізіледі.

Жолдауда ақша-кредит саясаты тиімділігінің жеткіліксіздігі еліміздің экономикалық дамуын тежейтін себептің бірі болып отырғаны ашық айтылды. Үкіметке алдағы уақытта күрделі жағдайлардың қайталанбауына кепілдік беретін тетіктер мен механизмдерді іске қосу тапсырылды. Ең бастысы, бюджеттік қаражаттың толықтай игерілуі аса маңызды. Өңірімізде мемлекеттік мүлікті тиімді пайдалана отырып, осы жылдың бірінші тоқсанында 3325 шаршы метр үй-жай оңтайландырылды. Мұның өзі жергілікті қазына қаражатын едәуір үнемдеуге мүмкіндік берді.

Департамент басшылығы Жолдау жүктеген міндеттерді жүзеге асырып, алдағы уақытта да мемлекеттік билік органдары жұмысының тиімділігін арттыру бағытын қатаң ұстанатын болады. Барлық ұсыныстар мен пікірлерді қабылдауға әзірміз. Кез келген адам сенім телефоны арқылы хабарласып, түрлі кеңестер алуларына болады, сонымен қатар әлеуметтік желілерде жеке парақшаларымыз да жұмыс істейді.

Аман ТӨРЕГЕЛДИН,

мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp