«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҒА БУЫН АҚЫЛШЫ БОЛАЙЫҚ

Қос өкпеден қысқан індет біреудің әріптесі мен сыйлас жамағайынын, екіншісінің жақын-жұрағатын, елдің айтулы азаматтарын арамыздан алып кетіп жатыр. Күн сайын вирус жұқтырғандар мен одан қайтыс болғандар жайлы естіп, жүрегің ауырып, санаң сергелдеңге түседі. Аза тұту күнінде марқұмдарды еске алып, Жаратушыдан қалғанымызға денсаулық тілейік.

Түнеу күні ауылдағы ағайынның тепсе темір үзер ұлының қос өкпесі қабынып, Қызылжар ауданындағы ауруханаға жатқызылды. Өзге өңірлерде ауруханада жатқан сырқаттарға атүсті қарайды, ем-дом жасалмайды, дәрігер тапшы дегенді естіген сайын ауылдағы ата-анасынан да, менен де маза кетті. Баламен жүзбе-жүз кездесу мүмкін болмағасын, күніне бірнеше мәрте хабарласып, жағдайын біліп тұрдым. “Алаңдамаңыз, жағдайым жақсарып келеді. Бірер күнде бұл дерттен де құтылармын”, – дегенін естіп көңіліміз жайланды. Адам жанының сақшысы атанған дәрігерлер өз міндеттерін адал орындап жатса, бұл індетті де жеңерміз. Тек қоғам сақтық шараларын сақтауы тиіс екенін тағы бір мәрте қайталамасқа болмайды.
Бүгінде әлеуметтік желілерде денсаулық сақтау саласына қатысты әртүрлі арандату мен ауырған науқастарды адастыратын ақыл-кеңестің көбейіп кеткені де ойлантпай қоймайды. Сырқатқа дәл қазіргі сыни уақытта дұрыс берілген кеңес қана көмектеседі. Қазір аты жаман дертті жамағандар 50 мыңнан асып түсті. Ал аурухана бетін көрмей, үйде емделіп жатқаны қаншама? Мұның барлығы көктемнен бері айтылған сақтық шараларын қатаң сақтамай, салғырттық танытқанымыздың салдары екені анық. Бір ғана мысал, өткен айдың аяғында құдалыққа барған танысым қазір ауруханада жатыр. Қарап отырсам, сақтық шараларын жастар емес, ақыл айтар аға буын ескермейтін сияқты. Той-томалағы мен жөн-жоралғысы таусылмайтын қазақ бұл індеттің шеңгелінен құтылуы үшін алдымен аға буын ес болуы керек. Ал жастар біздің айтқанымызды емес, жасағанымызды қайталайды. Сол себепті, елдегі жағдай онсыз да ушығып тұрғанда жақынымызға жанашыр болып, денімізге саулық тілеп үйде отырайық.


Кәрім ТІЛЕУБАЕВ,
еңбек ардагері.

Сурет: https://www.poisknews.ru/
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp