Тәуелсіздік жылдары еліміздің экономикасы нығайып, халықтың әлеуметтік жағдайы айтарлықтай жақсарды. Ал тәуелсіздіктің елең-алаң шағында біздің жағдайымыз қандай еді? Сол кезеңдерді еске алсақ, бүгінгі бақуатты тіршілігіміз өңіміз түгілі, түсімізге де кірмегеніне көз жеткіземіз.
Кеңес үкіметі құлап, Қазақстан Тәуелсіздік алған алғашқы кезеңнің ауыртпалығы зор болды. Жылусыз, жарықсыз отырған кездеріміз болды. Мұғалімдер мен дәрігерлер, өзге де сала мамандары жалақыдан қағылса, зейнетақы уақытынан кешіктіріліп берілетін. Ақшаның орнын чек алмастырған алмағайып заманда түрлі қиындықтар бастан өтті. Бірақ халық абдыраса да, адасқан жоқ. Күні кеше басымыздан өткерген сол кезеңде халықтың сабырлылығы мен шыдамдылығына, төзімділігіне қайран қаламын. Көкіректегі сәулелі үміттің оты өшпей, болашаққа деген сенім алға жетеледі. Әрине, ата-бабамыздың мәңгілік арманы болған тәуелсіздік бізге оңайлықпен келген жоқ. Түрлі ауыртпалық басымызға түссе де, егемендіктің арқасында біз әлемдік деңгейге көтерілдік. Халықтың қазіргідей бейбіт те берекелі заманға қол жеткізуі оңай болмады. Азаттық таңы атып, бодандық бұғауының бұзылғанына да, міне, 25 жылға жуық уақыт өтті.
Тәуелсіздігіміздің тұғыры бекіп, еліміз еңсесін көтерген соң халық та жай жатпай, заман талабына бейімделе бастады. Біз де белді бекем буып, бір істің шетін бастауға тырыстық. Соңымнан ерген төрт ініммен шаруашылық құрдық. “Інісі бардың тынысы бар” демекші, артымдағы төрт тірегіме, жанашыр бауырларыма сеніп, ісіміздің алға басып кетуі үшін барымызды сала еңбек еттік. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүрсек, әрине, басқа түскен қиындықтарды еңсере алмас едік.
“Ғабдуллин” шаруа қожалығы 1992 жылы құрылды. Ескі техника, 90 гектар жеріміз ғана болды. Жер ырыстың – кіндігі деген сөз бекер айтылмаған. Маңдай теріңді төгіп, жұмыс істесең ол сені ырыздықсыз қалдырмайды. Жер-ананың төсінде түлеп, шаруашылығымыз өркен жайды. Бастапқы кезде бізге халықтың сенімі де аз болды. Өздеріне тиесілі пай үлестерін бергілері келмей, ертеңгі күні далада қалып қоямыз ба деп абыржыды. Мол табысқа кенеліп, ісіміздің алға басқанын көрген Агроном ауылының тұрғындары да береке, байлықтың көзі жер-анада екеніне иланды. Сөйтіп, бізге зор сенім артып, шаруашылықтың одан әрі өркен жаюына көмектесті. Жер телімін ұлғайтуға мүмкіндік алған соң 2004 жылы шаруа қожалығының жанынан “Агроном-Тайынша” ЖШС құрылды. Қазіргі таңда біздің қарамағымызда алты мың гектар жер бар. Оның тең жартысына бидай егеміз. Сонымен қатар, арпа, рапс, бұршақ, зығыр өсіріледі. Зығыр демекші, тұқым жаңартып өсімдік шаруашылығымен айналысатын шаруаларға оны сатумен де айналысамыз.
Егемен еліміз сияқты шаруашылығымыз да жыл өткен сайын жаңа қарқынмен, тың бастамалармен дамуда. Қазақтың ақбас сиырын өсіру – шаруашылықтың басты бағыттарының бірі. Осы орайда өрісімізді кеңейту үшін 2000 жылы қара мал өсіруді қолға алдық. Қазір серіктестікте 300 бас сиыр бар. Оның 120-сы сауылады. Жайылымдық жеріміз әзірге мың гектар. Бұған да тәубе дейміз. Тәуелсіздігіміздің арқасында байтақ елімізде ісімізді дөңгелетіп, кәсіптің нәсібін көріп отырғанымызға қуаныштымыз.
Шаруашылықта 40 адам еңбек етеді. Жұмысшылардың еселі еңбегінің арқасында соңғы үш жыл қатарынан гектар берекелігі 23 центнерден айналды. “ҚазАгроҚаржы” АҚ-мен келісімшартқа отырып, лизинг арқылы жаңа техникалар сатып алудамыз. Бұл Үкімет тарапынан біздерге жасалған қолдау деп ойлаймын. Тұқым сақтайтын екі мың тонналық екі қоймамыз болса, биылғы жылы сыйымдылығы үш мың тонналық тағы екеуін салып бітіру жоспарда бар. Әрине, осындай толайым жетістіктерге біз оңай қол жеткізгеніміз жоқ. Барлығы да еселі еңбектің арқасы. Елмен бірге есейген шаруа қожалығы бүгінде бір орында тоқтап қалмақ емес.
Тәуелсіздік алған 25 жыл ішінде елімізде бейбітшілік салтанат құрып, халықтың да жайлы өмір сүруі үшін барлық жағдай жасалуда. Агроном ауылында 40 үй бар. Ауылымыз шағын болса да, оның гүлденуіне, өркендеуіне үлес қосуымыз керек. Кез келген азамат өзінің туған жеріне жаны ашып, ауылдың құлдырауына жол бермеуі тиіс деп ойлаймын. Шаңырағы ортасына түсіп, жүдеп-жадаған ауылдарды көргенде “әттеген-ай” демеске амалың жоқ. “Ауыл түбі – бірлік, қауым түбі – тірлік” деп бекер айтылмаса керек. Жастар елге келіп, халыққа пайдалы бір істің көзін тапса, ешкім де қарсылық білдірмейді. Үкімет тарапынан қолдау бар.
Соңымнан ерген төрт інім барын жоғарыда айтып өттім, олардың қай істе болсын жауапкершілік танытатынына сенімдімін. “Ағайын тату болса ат көп болар, абысын тату болса ас көп болар” деген мақал біздерге қарата айтылғандай. Барлығымыз тату-тәтті өмір сүрудеміз. “Келісіп пішкен тон келте болмас” дегендей, менің пікіріммен санасып, үнемі ақылдасып отырады. Бауырларыммен ауыл шаруашылығын өркендету жолында әлі де талай еңбек ететін боламыз. Өзімнен кейінгі інім Жомарт жолаушылар тасымалымен айналысса, Ерік мал шаруашылығына жауапты. Ал шаруашылықтағы жұмысты үйлестіру Амангелдінің міндеті. Кіші інім Ерғали да кәсіпкер. Өзім бауырларыма бас-көз болудамын. Қазақстанда еңбек етемін деген адамға барлық жағдай жасалып отырғанын ерекше атап өткім келеді. Тек істің көзін тауып, маңдай термен еңбек етсең болғаны. Бақуатты тіршілік кешу үшін әрбір адам жұмыс істеп, егемен еліміздің гүлденуіне атсалысса, нұр үстіне нұр болар еді.
Жұмағали ҒАБДУЛЛИН,
“Агроном-Тайынша” ЖШС-нің директоры, аудандық мәслихаттың депутаты.