«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҒЗАҒА ЗАРДАБЫ КӨП

“Бірінші байлық – денсаулық” деген нақылды білмейтін адам кемде-кем шығар, сірә. Өйткені, той-томалақтарда бір-бірімізге айтар тілегіміздің алғы сөзін де әдетте осыдан бастаймыз. Дегенмен, кей істеріміз сол сөздерімізге кереғар келіп, бірінші байлыққа атүсті қарайтынымыз да жасырын емес. Мұны, әсіресе, жастардың өмірінен байқауға болады.

Мәселен, ұялы телефондарына күн-түн демей, телміре қарап, көз жанарларын, дұрыс тамақтанбай асқазанын, орындыққа түзу отырмай омыртқасын, темекі тартып, өкпесін құртып жүргендердің қарасы қалың. Жастайынан осындай зиянды әдеттерге бойын үйреткен ұрпақтың ертеңгі күні не болмақ?!

Бүгінгі біздің зерттеу мақаламызға өзек болған тақырып – фаст-фудтың зияны.

Ас – адамның арқауы. Тамақтанудың өзіндік ережелері бар және оларды ескермеуге болмайды, өйткені, ол – біздің денсаулығымыздың құрамдас бөлігі. “Жүгіріп жүріп қоректену” деген мағынаны беретін тағамдар барша әлемге өткен ғасырдан бастап Америкадан тарапты. Тарихқа зер салсақ, 1921 жылы Канзас штатында “White Castle” атты компания ашылып, алғашқылардың бірі болып гамбургер дайындаған. Тауарды жылдам әрі көп қылып өткізуді ойлаған кәсіпорын басшылары бағаны қолжетімді етсе де, сапаға көңіл бөлмеген.1940 жылдардың соңында аталған кәсіпорынның бәсекелесі – “McDonald’s” компаниясы құрылып, дәмді тағамдарымен миллиондардың тәбетін ашқан. Ал Кеңес Одағы кезінде фаст-фуд адамның қолы жетпес, ерекше тағам болды. 1990 жылы Мәскеуде “McDonald’s”-тың филиалы ашылғанда, халық ұзын сонар кезекке тұрған. Содан бері бұл тағамға деген “махаббат” арта түспесе, кеміген емес. Қазіргі таңда облыс орталығында “Гиппо”, “Донер” сынды фаст-фуд сататын бірнеше орын бар. Өкінішке қарай, оларға бас сұғатындардың қатары қалың.

Шынымен де, түскі аста бірде енжарлықтан, келесіде уақыттың тығыздығынан асығып, фаст-фуд сататын дүңгіршектерге кіріп, жүрек жалғай салатынымыз бар. Ал студент жастардың дені ыстық тағам жемей, асқазандарын фаст-фудпен алдайтындары кімге де болса белгілі. Кейде дүкенге кіріп, тез әзірленетін пицца, гамбургер ала салатындар аз емес. Алайда, фаст-фудты тек студенттердің ғана тамағы деу қателік. Бүгіндері үлкендер де одан кет әрі емес. Ал балалар бұл дәмді де қауіпті тағамға, тіпті, құмар. Олар даяр тұрған етке емес, түрлі дәмдеуіштері көп фаст-фудқа ұмтылады. Өйткені, олардың ерік-жігерін химияның сиқырлы дәмі әлдеқашан ноқталап алған. Осы орайда мамандардың пікіріне құлақ түрсек. Облыстық аурухананың валеолог-дәрігері Людмила Ефимова фаст-фудтың түр-түрін үздіксіз тұтынған адам түрлі ауруларға душар болатындығын айтады.

– Қазіргі уақытта қытай салмасы, шаурма, сэндвич, чебурек, пицца, қуырылған картоп және түрлі газдалған сусындар қаланың әр дүкенінде сатылады. Бірақ олардың құрамында не бар екенінен көпшіліктің хабары жоқ. Адам денсаулығына үлкен қауіп төндіретін пиццаның бір өзінде калорияның мөлшері тым көп. Ал жастар оны сүйсіне жейді. Салдарынан оларда артық салмақ, асқазан жарасы, өттің толуы, ұйқы безінің қабынуы, гастрит және жалпы әлсіздік сияқты аурулар пайда болады, – деді Людмила Викторовна. Сондай-ақ, фаст-фудты жиі пайдалану адамды психологиялық және химиялық тәуелділікке де әкеп соқтырады екен. Өйткені, аталған өнімдерді жасаушылар оның дәмін күшейтетін арнайы қоспаларды қосады да, сол арқылы тұтынушыларды өзіне тартатын көрінеді.

Тез әзірленетін тағамның адамды семіздікке ұшыратары үнемі айтылғанымен, бұған жіті көңіл бөліп, назар аударатындар аз. Ресми деректерге сүйенсек, 65 жасқа дейінгі адамдардың өлім-жітімінің 50 пайызы дұрыс тамақтанбаудан болады екен. “Адам күніне 1500 калориялы ғана тамақ ішу керек. Қазіргі бір гамбургер немесе чизбургердің құрамында осынша мөлшерде калория бар. Ал тіл үйірер дәміне құмартқан жастың фаст-фудтың бір түрін жеумен шектеліп қоймасы анық қой. Сондықтан мұндай тамақтанудың адам үшін тигізер зияны өте көп”, – дейді облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Татьяна Горлова. Мысалы, бұған фаст-фуд өнімдерін тұрақты тұтынатын Америкада семіздікке ұшырағандар қатарының көбеюі дәлел. Артық салмаққа апаратын қауіпті тағамдардың қатарында тәтті газды сусындар да бар. Шөліңді баспай, керісінше, одан бетер шөлдетіп, қайта-қайта ішуге мәжбүрлейтін құтыдағы бұл сусындардың құрамында қанттың мөлшері шектен тыс көп. Әсіресе, жастар жағы құмарланып ішетін бір стакан “Кока-Кола” сусынында – 5, ал бір литрінде 125 грамм қант болады екен. Ал фаст-фуд өнімдерін жеген адам міндетті түрде газды сусынды қоса алатынын ескерсек, семіздік қоғамдық дертке айналуы әбден ықтимал.

Фаст-фуд сататын дүкендер әдемі жарнамалары арқылы өнімдерін төмен бағалармен ұсынып, жылдам әзірленетінін айтып, тұтынушылардың назарын өздеріне аударуға шебер-ақ. Дегенмен, жылтырағанның бәрі алтын еместігін ескерген жөн. Сондықтан қалың көпшілік көшеде даярланатын тағамдарды жемеуі, жеген күннің өзінде мөлшерін білулері керек. Денсаулыққа енжар қарасақ, ертеңдері осы салғырттығымыздың сан соқтыртпасына кім кепіл? “Ауру – астан” деген халық нақылын ескергеніміз абзал.

 

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp