Медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі күні қарсаңында Солтүстік Қазақстан облысының дәрігерлері арасында дәстүрлі спартакиада өтті. Медициналық ұжымдар қызметкерлерінің жылдамдықтары, ептіліктері мен күштері сынға түскен сайысқа бас дәрігерлерден бастап олардың балаларына дейін қатысты. Тартысты додада жалпыкомандалық есепте облыстық медициналық жедел жәрдем орталығының қызметкерлері топ жарды.
Медициналық мекемелер басшылары арасында дартстан сайыс өтті. Онда онкологиялық диспансер басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Олег Дудяк ең жоғары ұпай жинады.
Қазақтың ұлттық “асық” ойынында Ғабит Мүсірепов атындағы аудандық орталық аурухананың медбикесі Айым Ахметова шебер ойын өрнегін көрсетті.
Ер-азаматтар арасында қол күресінен өткен сайыста жедел жәрдем орталығының санитары Дмитрий Завтура ешкімге дес бермеді.
Ұзындыққа секіруде наркологиялық орталықтың қызметкерлері озды. Екі ер, үш әйел адамнан құралған командалардың арқан тартысы өте қызу өтті. Тайынша аудандық орталық ауруханасының құрамасынан сәл басым түскен облыстық аурухана командасы жеңіс тұғырына көтерілді.
Түрлі кедергілерден ептілікпен өту әрі шапшаңдық таныту бойынша ұйымдастырылған эстафеталық жарыстар ең тартысты да қызықты болды. Бұл сайыста өздерінің мамандықтарына сай, кәсіби шебер екендіктерін жедел жәрдем орталығының қызметкерлері паш етті.
Жалпыкомандалық есепте 3-орынды тайыншалықтар иеленсе, екінші сатыға кардиологиялық орталықтың қызметкерлері көтерілді. Облыстық жедел жәрдем орталығының қызметкерлері 1-орынға ие болды. Жүлдегерлер дипломдармен марапатталды. Жеңімпаз командалар облыстық саламатты өмір салтын қалыптастыру орталығының кубоктары мен медицина қызметкерлері кәсіподағының сыйақыларын алды.
Инна КАЛИМБЕТ,
“СҚО саламатты өмір салтын
қалыптастыру орталығы” ЖШС-нің
баспасөз хатшысы.