«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҚ ҚАР, КӨК МҰЗДА ЖАҒЫЛҒАН АЛАУ

Қызылжар өңірінде тоқсаныншы жылдары Наурыз мерекесін қалай қарсы алғанымыз әлі күнге дейін жадымда. Қазір Шығыс халықтарының жаңа жылы барлық сән-салтанатымен жарасым тауып, қазақстандықтардың ортақ мейрамы ретінде аталып жүрсе, ол кезде бұлай мерекелемек түгіл ақ шаңқан киіз үйлерден құралған этноауылдар, “Ұлттық киім” акциясы тәрізді шараларды ұйымдастыру өңіміз түгіл түсімізге де енбейтін. Бар есілдертіміз өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілгендей 62 жылдан кейін ортамызға оралған Ұлыстың Ұлы күнімен қуана қауышып, тарихи мән-маңызын түсіндіру, көпшілікті “діни мейрам”, “ескіліктің сарқыншағы” деген көзқарастардан арылту еді. Тәжірибенің жоқтығына қарамастан салт-дәстүрлерімізді, әдет-ғұрыптарымызды насихаттау кең өріс алды. “Жігіт сұлтаны”, “Қыз сыны” байқаулары, ақындар айтысы жанданды. Наурызкөже барынша дәріптеліп, тегін таратылды. Бір сөзбен айтқанда, ұлттық нақыш, қазақы реңкке ерекше басымдық берілді.

Күн мен түннің теңеліп, Жер-Ананың бусанып, тіршіліктің түрленіп, қытымыр қыстың қыспағынан құтылған шаруаның бір малы екеу болып, аузы аққа тиіп, не керек, арқа-жарқа қуанышқа бөлейтін, ертеңгі жақсылықққа, ауызбірлікке, қайырымдылыққа, ізгілікке ұмтылдыратын әз-Наурыздың келгенін айшықтайтын халықтық тәжірибелер мен нұсқалар пайдаланылды. Қазақ бағзы замандардан бері он екі жылды бір мүшелге есептеген. Жыл басы наурыз айының 22-сінен, ал мүшел 12 хайуаннан тұратыны ескеріліп, сахналық көріністер ретінде бейнеленді. Халықтың жадында 21 наурыз түні Қызыр ата даланы аралайды деген наным-түсінік қалыптасқан. Ізгілік, ырыс иесін сомдаған құрдасымыз Бақыт Бижанов үй-үйлерге кіріп, бақыт тіледі, бата берді. Бұрынғы саяси-ағарту үйінен “Есіл” мейрамханасына дейін созылған “Көш” керуенін тамашалағандардың иін тірескені соншалық, қазіргі Қазақстан Конституциясы даңғылына сыймай кетті. Әдемі киініп, жүздері бал-бұл жанған жерлестеріміз қос қолдап амандасып, төс қағыстырып, игі тілектер айтып, арқа-жарқа болды. Ренжіскендері бір-бірінен кешірім сұрап, татуласатын. Мерекелік дастарқанға, наурызкөже ішуге шақыратын. Баға жетпес құндылықтарымызды дәріптеуге осылайша атсалысқан едік.
Бірде әз-Наурыз мерекесі қарсаңында “Ақ отау” ұлттық дәмханасы ашылатын болып, киіз үй тігу, қымыз, наурызкөже дайындау міндеттері маған жүктелді. Ол кезде “Озерный” кеңшарын басқаратынмын. Киіз үй Талдықорған облысының Үштөбе қаласында ғана құрастырылатын. Ол жаққа барып-қайтуға уақыт тығыз. Әупірімдеп жүріп делдалдар арқылы 2 миллион рубльге 6 және 8 қанат екі киіз үй алдырттық. Олардың пайдасын кейін көп көрдік. Бірталай конкурстарға қатысып, “Беларусь” тракторын, “Москвич” жеңіл көлігін ұтып алдық. Қорған облысының Макушино ауданында өткен Наурыз тойында тігілген ақ шаңқан киіз үйлер байқауында мерейіміз үстем болды.
Әрине, ол кездері осынау іске жауапты орындар тарапынан кемшілік-олқылықтардың да орын алғанын мойындау керек. Әсіресе, ішіне ұлттық жиһаздар мен қолөнер бұйымдары қойылған, сыртында алтыбақан орнатылып, ән шырқалып, күй ойналып, безендірілуімен де, әсемдігімен де көз жауын алатын киіз үйлерге қарапайым жұртшылық кіре алмай, ренжіп жататын. Қазір оларда жабық ас беруге тыйым салынып, жұртшылық еркін тамашалайтын болды. Басқа да тәлім алар тұстар баршылық. Солардың біріне облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың бастамасымен әз-Наурызды көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында қарсы алу дәстүрі енгізілгенін атап өткен жөн. Бұл ұсыныс тұрғындар тарапынан кең қолдау тапты.
Қаланың шеткері аумақтарында да кеңінен тойланып, мәдени-спорттық шаралардың өтуі, халықтық серуендердің ұйымдастырылуы құптарлық. Сол сияқты орталық көшелерде ондаған киіз үйден тұратын этноауылдың орналасуы, этномәдени бірлестіктердің атсалысуымен “Достық” дастарқанының жайылуы, декоративті-қолданбалы өнер туындылары көрмесінің қойылуы, қайырымдылық акцияларының өтуі, мұның бәрі мазмұндық сыр-сипаты, атрибуттік тұрпаты жағынан кемелдене түскенін көрсетсе керек. Өз басым мейрамның таза ұлттық, этнографиялық сахналық қойылымдық көкжиегі кеңейіп, достық, ынтымақ секілді ұғымдармен астаса отырып, жалпыхалықтық мереке дәрежесіне жетуін, бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан басқа этнос өкілдерінің жатырқамай қабылдауын, заман талабына лайықталған өз салт-дәстүрлерін үлгі етуін мызғымас татулығымыздың, берік бірлігіміздің мызғымас белгісіндей көремін.
Иә, Самарқанның көк тасы еріп, жер-дүние бусанатын тамаша мерекенің тарихы ықылым заманнан басталады. Табиғатпен бірге адамдар да жаңарып, тазарып отырған. Жылдың басы, жақсылықтың бастауы деп білген. Наурыз Кеңес өкіметі тыйым салғанына қарамастан еліміздің кей аумақтарда жасырын аталып келсе, 1988 жылдан бастап ресми түрде тойлана бастады. БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарына сәйкес 21 наурыз “Халықаралық Наурыз күні” болып белгіленді. Әлемдік деңгейде мойындалуы абыройымызды асқақтатты, мерейімізді өсірді. Деректерге сенек, көптеген халықтар Наурызды төл мейрам санаған. Олай болса, асыға, сағына, тағатсыздана күтетін Ұлыстың Ұлы күнінің қадір-қасиетін алдымен өзіміз жете бағалай білейік дегім келеді. Ұмытылмастай есте қалған сол күндер осындай ойларға жетелейді.

Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын, ағайын!

 

Болат САҒЫНДЫҚОВ,

еңбек ардагері. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp