Менің қолыма қалам алуыма жан тазалығы мен көңіл адалдығын өмірлік мақсатына айналдырған Отанының нағыз патриоты, қазақ халқының біртуар ұлы Еркін Нұржанұлы Әуелбековтың 95 жылдық мерейтойы себеп болды. Оның арамыздан кеткеніне 26 жыл өте шығыпты. Сену қиын. Бейне бір жанымызда жүргендей. Уақыт шіркін ешкімге бағынбайтын құдіретті күш болса да, ұлтына шексіз берілген адамдар бейнесін санамыздан өшіре алмайтыны ақиқат.
Отша лаулай жанып, қыранша самғаған өмірінде жасампаздықтың, әділеттіктің ақ желкенін желбіретіп, жатса да, тұрса да ел-жұрттың қамын ойлап өтті. Жүрген жерін гүлдендірген аяулы ағамызды есімізден шығарсақ, елдігімізге сын. Ежелден қасиет дарыған өңірде туып, қысқа өмірінде республика мақтанышына айналуында белгілі бір заңдылық бар сықылды. Еркін Нұржан- ұлымен ағайындас туыс, бір ауылдың тумасы болғандықтан, жақын қарым- қатынасымыз үзілген жоқ. Өмір жолын да, мінезін де, сырын да бір кісідей білемін. Аңызға бергісіз ерлік істеріне, елге сіңірген ұлан-ғайыр еңбегіне, өзгелерден дараланып тұратын айрықша болмысына басқалар сияқты мен де тәнтімін.
Ол 1930 жылдың 22 маусымында қазіргі Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Жаңасу ауылында дүниеге келді. Өзім көрген, бірінші сыныпта білім алған Еркіннің әкесі Нұржан атай саналы ғұмырын бала тәрбиесіне арнады, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ұстазы атанды, «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен марапатталды. Еркін жастайынан іргедегі Шоқанның туған жері – Сырымбетте балалық шағын өткізді. Тарихи тұлғаларға толы Айыртау өңірінің қасиетті топырағы білімге құштар жасөспірімге айрықша әсер еткені даусыз. Орта мектепті алтын медальмен бітіргеннен кейін Мәскеудегі Тимирязев атындағы ауыл шаруашылығы академиясына түсіп, екінің бірінің қолы жетпейтін еңселі оқу орнын 1953 жылы қызыл дипломмен тамамдады. 23 жастағы маман еңбек жолын бұрынғы ауданы Николаев МТС-та бас агрономдықтан бастады. Өмірбаянына, атқарған қызметтеріне толық тоқталу шарт емес. Одан гөрі газет оқырмандарын ол кісінің адами қасиеттері мен қазақ халқының осы бір кісіге деген құрметі мен сүйіспеншілігі көбірек қызықтырары сөзсіз. Өкінішке қарай, соңғы кездері еліміздің өткен тарихына, жекелеген тұлғаларға күйе жағу көбейіп кетті. Ойлаңыздаршы, бұған сол дәуірдегі адамдардың қаншалықты кінәсі бар? Бар жазығы – ел игілігі жолында маңдай терін тамшылата төгіп, адал еңбек еткендері ме? Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының аяғынан сексенінші жылдардың соңына дейін ағамыз басқарған үш облыс бұрын-соңды болмаған қарқынмен жедел дамыды. Партия ұйымдарын басқару ісінде зор ұйымдастырушылық қарым-қабілетімен тез көзге түскен ол қоғам және мемлекет қайраткері дәрежесіне көтерілді, Социалистік Еңбек Ері атанды, халық депутаты, КОКП орталық комитетінің мүшесі болды. Туған жері үшін жан- тәнімен мүлтіксіз қызмет ете білді. Өзі теңдес басшылардан артықшылығы – сол кездің өзінде демократияны іс жүзінде қолданып, жүзеге асыра білген ойлы қайраткер болғандығында. Ерекеңнің адал, ақ ниеттен, шын жүректен, табиғи мінезден туған қасиеттерін дөрекілікке балайтындар да кездесті. Еркін Нұржанұлы қанша талап қойғыш, қатты мінезді болса да, қызмет бабында қанша биік дәрежеге жетсе де, ешқашан кісілігіне, адамгершілігіне дақ түсірген емес, халықтың жағдайына қамқоршылық мейіріммен өте сергек қарады. Жоғары лауазымды басшы екенмін деп дандайсып, көкірек кермеді. Қарапайымдылық пен әдеп жолынан ешбір жаңылмады. Оның ішкі жан дүниесі бекзат болмысымен астасып, өріліп жатты. Ал елдік мүддеге кедергі келтірушілерге өте қатал қарады. Адамдарды еңбегіне, ісіне қарап бағалады. Көкшетауын күмбезді биікке көтерді, қарт Торғайды қайта түлетті, Сырдың бойын жайнатты. Тайраңдаған бюрократтарды аяғынан тік тұрғызды. Асқақ арман- қиялын жұмыс тәжірибесімен тоғыстырып, алдымен елдің нанын емес, қамын жеді. Жалқаулардың, мансапқұмарлардың, дүниеқоңыздардың құтын қашырды. Әлі күнге дейін қара ормандай қалың қазақтың есінен кетпей, сүйіспеншілігі мен құрметіне бөленуінің сыры осы болса керек.
Ерекеңнің ерекше атап өтуге тұрарлық, баршаға өнеге боларлық тағы бір қасиеті – қолының тазалығы. Дүниеге қызықпаған, байлық жинамаған. 1989 жылы қызмет бабымен Мәскеуге көшіп барғанда үйінде дұрыс теледидар жоқтығын, Көкшетауда тұрғанда алынған ескі стенканы көріп, талайлар таңғалған. Ақиқат жолынан ауытқымайтын шыншылдығы жайлы аңызға бергісіз әңгімелер көзі тірісінде де айтылып жүрді. Соның бірін ішкі істер саласында көп жыл қызмет атқарған милиция полковнигі Серік Ахметовтен естідім. Егін орағы қауырт жүріп жатқан кез. Ерекең әдетінше шаруашылықтарды аралауға шығады. Жол бойында оның «Волга» автокөлігін МАИ инспекторы тоқтатып, жүргізуші куәлігін талап етеді. Шамасы жылдамдықты шамадан тыс асырып жіберсе керек. Хатшының көмекшісі шығып, көлікте «біріншінің» отырғанын айтып, құжаттарын қайтарып беруін өтінеді. Инспектор қайсарлық танытып, дегенінен қайтпайды. Астық жинау науқаны аяқталған соң хатшы көмекшісінен жол бойындағы оқиғаның мән-жайын сұрағанда Мәскеуден іссапарға келген «қыңыр» инспекторды «тәртіпке» салу үшін басшыларына қатынас қағаз жібергелі жатқанын айтады. Еркін Нұржанұлы сабырлы үнмен былай дейді: «Мәскеуге жіберетін хатты әзірлеңіз, капитанға алғыс жариялап, майор шенін беруді сұрайық. Ол өз міндетін адал әрі жауапкершілікпен атқарды. Бізге де осындай әділ, адал қызметкерлер керек-ақ». Жаңа жыл қарсаңында Е.Әуелбеков МАИ инспекторынан хат алады. Қызмет бабында сергектік танытқаны үшін Еркін Нұржанұлының «шапағатымен» өзіне мерзімінен бұрын майор шені берілгенін қуана жеткізеді. Қазіргідей қазаннан қақпақ кеткен, адамдар қанағатты жоғалтқан, құнығып, байлық пен мансаптың құлына айналған заманда Ерекеңнің тұғырлы тұлғасы биіктей түседі. Ерекеңдей тұлғаларға баға беру үшін құдықтың түбінде тұрып емес, белгілі бір биіктіктен қарау керек. Оның заманы мен замандастарынан оқ бойы озып, мағыналы да мақсатты ғұмыры, ел, халық, мемлекет алдындағы теңдесі жоқ, ерен еңбегі қалай ұлықтаса да жарасады.
Асыл азамат әділетсіздікпен, әлімжеттілікпен, қиянатпен, озбырлықпен ғұмыр бойы күресіп өтті. Оның шыншылдығы, бұғып қалуды білмейтін турашылдығы, қарапайым халыққа ұнағанымен, жоғары жақтағыларға жақпайтын. 1986 жылы өткен Қазақстан Компартиясының 16 съезінде Д.Қонаевқа орынды сын айтқаннан кейін биліктің жандайшаптары оның соңына шырақ алып түсті. Кез келген жиылыстарда, үкімет отырыстарында Қызылорда облысын орынсыз жамандау науқаны басталып кетті. Жала расталмаса да, Қазақстан билігіне жолатпаудың басқа амалдарын тапты. Колбиннің орнын ел қалаулысы Еркін Әуелбеков басарын сезіп, жүрген жерінде еңбекқорлығымен танылған, ешкімге жалтақтауды білмейтін оны билік басына жібермеудің барлық айла-шарғысы қолданылды. КСРО Жоғарғы кеңесінің кезекті сайлауында оның қызметін жоғарылатқан сыңай танытып, Ұлттар комитеті төрағасының орынбасары етіп сайлады. Осылайша Қазақстанның ішкі саяси өмірінен аластатылып, Мәскеуге жіберілді. Бақталастықтың сан қырлы құйтырқы амалдары елімізді сол кездегі қиындықтардан аман алып шығуға қабілеті де, тәжірибесі де мол білікті маманды керексіз етіп, күресінге лақтыра салды. Республика басқаруға әбден лайықты азаматтың күреске толы, жарқын, жасампаз өмірінің осылай аяқталуы өте өкінішті. Тарихқа көз жүгіртсек, Алаш асылдарының тағдыры да осы сықылды.
Бәріне уақыт, халық, тарих төреші. 2021 жылдың қазан айында Көкшетау қаласының қақ ортасында, өзінің атындағы көшенің бойында халықтың қаржысына еңселі ескерткіш бой көтерді. Оның салтанатты ашылуында сөйлеген азаматтар Ерекеңнің жақсылықтарын, азаматтығын, өмірде қалдырған жарқын да айшықты іздерін, ақыл-парасатын ерекше толғаныспен айтты. Әсіресе Қызылорда облысының делегациясын бастап келген шәкірті Сәдуақас Аңсаттың сөйлеген сөзі жиналған көпшілікті тебірентіп, толқытып жіберді.
Өлшеулі өмірінде қыранша самғады, 36 жасында министр болды, 37 жасында Көкшетау облыстық партия комитетінің бірінші хатшылығына сайланды, 43 жасында Еңбек Ері атанды. 43 жыл басшылық қызметінде төмендеп көрмепті. Мұндай абыройды Құдай ілуде біреуге ғана береді. Бақ дара туған тұлғалардың ғана басына қонады. Атам қазақ жұлдыздар сөнеді, гүлдер солады, адамдар өледі, бірақ елі, халқы үшін адал, әділ қызмет еткен азаматтың артында өлмейтін ізі мен ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын жақсы аты қалады деп пайымдаған. Бұл сөз аяулы ағамыз Еркін Нұржанұлына арналып айтылғандай. Есімі адалдық пен тазалықтың нышанына айналған қайраткердің әр ісі – үлкенге үлгі, ұрпаққа ұлағат.
Батырбек СМАҒҰЛОВ,
еңбек ардагері.