«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҚИҚАТПЕН ҮНДЕСКЕН, ШЕЖІРЕМЕН ТІЛДЕСКЕН

2010 жылдың 26 мамырында петропавлдық ақын, көсемсөзші, Қазақстанның құрметті журналисі, КСРО және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Журналистер одағы сыйлығының иегері Владимир Георгиевич Шестериков қайтыс болған еді.

Ол облыстық “Северный Казахстан” газетінде қызмет істеді, өңірлік әдеби-көркем журнал “Провинцияның” бас редакторы және Астанада шығарылатын “Нива” журналының редакциялық алқасының мүшесі болды. Владимир Георгиевич – 9 жыр жинағының авторы.

2014 жылы, ақынның туғанына 75 жыл толуына арнап “Северный Казахстан” баспасы оның “Чтоб светилась душа” атты өлеңдер жинағын шығарды. Жинаққа ақынның әр жылдары жазылған таңдамалы өлеңдері енгізілді.

В.Шестериков – ақын ғана емес, сан қырлы дарын иесі. Ол зерделі өлкетанушы да еді. Оның өңіріміздің тұғыры биік тұлғаларына арналған зерттеулері, мақалалары көпшілікке жақсы таныс. Зерттеуші өлкетануда әдеби шығармашылықтың тарихын терең және жан-жақты зерделеді.

Ақын – “Литературное Приишимье” басылымының редакторы және құрастырушысы. Онда Солтүстік Қазақстанның әдебиетшілері туралы мол деректер жинақталды. Осылайша аталған басылымда өңіріміздің 60-тан аса ақын-жазушыларының өмірі мен шығармашылығы жайында мәліметтер берілді. В.Шестериков осындай үлкен еңбек тындыра жүріп, әдеби мұражай ұйымдастыруды көздеген еді.

Бұлардың ішінде балалық шағы Петропавлда өткен Петр Ершов жайында мол дерек алдымен көзге түседі. Осы жерлесіміздің өмірі мен шығармашылығына арнап жазған “Тай-тұлпардың шабысы”, “Петр Ершовтың жалынқұсы”, “Ұлы ертегідегі Петропавл” мақалаларында біздің қаламыздың және Сібір өңірлерінің тарихын, тұрмысын ақын өзінің шығармаларындағы шындықпен бейнелейді.

Көсемсөзші очерктерінің кейіпкерлері – өңіріміздің өрлеп-өркендеуіне еңбек сіңірген сан алуан мамандық иелері. Олар – диқандар, ғарышкерлер, ғалымдар мен жазушылар, дәрігерлер мен мұғалімдер, қоғам қайраткерлері, өлкетанушылар, баршаға мәлім де беймәлім, өздері ғұмырлық серік еткен кәсіптерін сүйген және де үлкен біліктілік танытқан жандар.

Зерттеуші Солтүстік Қазақстан облысының медицина саласына да назар аударып, дәрігерлер туралы “Мейірімді жандар” деген шоғырмен “Нива” журналында мақалалар жариялады. Сондай-ақ, “Северный Казахстан” газетінде “Ескі қамал”, “Отан”, “Оқырмандар ордасы” сияқты айдарлар тұрақты орын алып, оған топтастырылған мақалалар рухани және патриоттық тәрбиеге арқау болды.

Владимир Георгиевичтің құнды деректерді тауып, қажымай-талмай, ізденімпаздықпен зерттеуі оқырмандардың көңілінен шығатын. Осы орайда оның өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында Шоқан Уәлихановтың Петропавлда тұрған туысы Зүбайыр Қоқышевпен кездескенін білеміз. Осы жүздесу және ұлы ағартушының ағайынымен болған сұхбаттар ғұламаның өмірінің жаңа қырларын баяндауға жол ашып, “Литературное Приишимье” басылымында суреттерімен қоса жарияланды.

В.Шестериков Кеңес Одағының Батыры, неміс концлагерінде қамауда отырып, әйгілі “Моабит дәптері” өлеңдер жинағын жазған татар ақыны Мұса Жәлелдің серігі, петропавлдық Ахат Аднашев жайында деректерді тірнектеп жинап, жарыққа шығарған еді.

Ақын осы ізденістерінің барысында Ахатты білген адамдармен хат-хабар алысып, кездесе жүріп майдангердің өмірбаянын жазып, 1985 жылы Алматының “Жазушы” баспасынан шығарылған “Рейхстаг үстіндегі ту” кітабында “Жәлелмен бірге” деген очеркін жариялады.

Ол, сондай-ақ, жау тылында астыртын жұмыс жүргізген осы жерлесіміздің суреттері мен хаттарын мұражайымызға тапсырды.

Қаламгер шығармашылық жұмысының бір кезеңінде Солтүстік Қазақстанға – Петропавл бекінісіне жер аударылған бес декабрист туралы повесть жазуды қолға алғанды.

Петропавлдың тарихын зерттеуге өзге де өлкетанушылармен тізе қосып, бар ынта-ықыласымен ден қойған ақын қалаға арналған өлеңдерінің бірінде былай деп жазды:

“Аққайыңдар, алып қырлар –

ажарың,

Туған қалам, сен жайлы жыр

жазамын.

Желкен болып жазирамның

бетінде

Отанымның көркейте

бер базарын!”

(Орысшадан аударған ақын Зейнолла Әкімжанов).

Ол Отанын, туған жерін осындай ізгі ілтипатпен ардақтап, сүйе білді. Ақынның бұл сезімдері үлкен шабытына арқау болып, бірнеше көркем-деректі шоғырларына енгізілген мақалалары мен жырларында өрнек тапты.

2004 жылы “Северный Казахстан” баспасы “Петропавл. Уақыт. Оқиғалар. Адамдар” деген атаумен кітап шығаруды қолға алғанда Владимир Георгиевич бұл іске үлкен шабытпен кірісіп, туындының құрастырушысы және редакторы жұмысын атқарды.

Зерттеуші ретінде ол “Провинция” журналында өлкетанушы әріптестерінің де мақалаларын жариялап отырды. Осылардың арасында С.Пресняковтың, В.Черниковтың, В.Трусовтың, В. Яворскийдің еңбектері өлке шежіресіне бойлатты.

Ұлы Мағжан Жұмабаев ақталғаннан кейін ол қазақ ақынының жырларын орыс тіліне аударуға елеулі еңбек сіңірді. Соның арқасында Мағжанның бірнеше қуатты өлеңдерін орыстілді жырсүйерлердің жүректеріне ұялатты. Ақынның өмірі мен шығармашылығын зерделеп, терең бойлаған Владимир Георгиевич осы зерттеулерінің нәтижесінде көсемсөз үрдісінде “Жарқыраған жалын” атты повесть жазып шықты.

Өңіріміздің мәдениетінің, соның ішінде әдебиетінің тарихында Владимир Шестериковтың өлең-жырлары, әдеби зерттеулері жерлестерінің рухани игілігі болып сақтала береді деген ойдамын.

Ирина МАТВЕЕВА,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қызметкері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp