«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“Ақылды қала”

Жуырда “Қазақстан техникалық реттеу және стандарттау институты” республикалық мемлекеттік мекемесінің облыстық филиалында “Стандарттар қалаларды ақылдырақ етеді” тақырыбында “дөңгелек үстел” өтті. Техникалық реттеу және метрология комитетiнің облыстық департаментiмен бірлесіп өткізілген шараға облыс және қала әкімдіктерінің, басқа да мүдделі кәсіпорындар мен ұйымдардың өкілдері қатысты.

– Үстіміздегі жылы Дүниежүзілік стандарттау күні “Стандарттар қалаларды ақылдырақ етеді” ұранымен өтуде. Сол себепті бүгінгі жиынымыз “Ақылды қала” жобасына арналып отыр. Бүгіндері еліміздің әр шаһарына тұрғындарды қолжетімді инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және экологиялық қауіпсіздік сияқты кең ауқымды талаптар қойылған. Осы орайда, “Ақылды қала” жобасы тұрғындарға шаһардың ақпараттық-коммуникациялық технологияларын кеңінен қолдану, сапалы қызмет алу және қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жаңа тәсілдер ұсынады, – деді мекеменің директоры Ләззат Кенжетаева.

Мамандардың айтуынша, қазіргі уақытта Астана қаласында “Ақылды қала” жобасы аясында бірнеше қызметтер іске қосылған. Мәселен, оқушылардың қауіпсіздігімен қатар, білім ошағындағы үдерістерді жеңілдетуге арналған “Smart мектеп” жобасында әрбір оқушының ғимаратқа кіріп-шыққан уақыты ата-аналарға SMS-хабарлама арқылы жеткізіледі. Оның ішіндегі “Е-асхана”, “Е-кітапхана” айдарлары жеткіншектердің алаңсыз білім алуларына ыңғайландырылған.

Бұл жобалардың бір бөлігі Петропавл қаласында да сәтті жүзеге асырылуда. 2015 жылы облыс орталығында “KazInterSoft” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің “BusReport” диспетчерлік жүйесі іске қосылған болатын. Қалалық жолаушылар тасымалдайтын үш жүзге жуық автобусқа “Galileo” деп аталатын спутниктік бақылау құралын орнату арқылы тұрғындар облыс орталығында жолаушылар тасымалдайтын қоғамдық көліктердің бағыт-бағдарын, жүру кестесін білу мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар Спорт сарайы аялдамасында орнатылған “ақылды табло” қызылжарлықтар үшін таңсық емес. Оның басты ерекшелігі – шағын экран арқылы сол бағыт бойынша автобустың жүру кестесі мен қанша уақыттан кейін келетіні көрсетіледі. “Ақылды табло” арқылы ауаның температурасын да білуге болады.

Білім саласында да “Ақылды қала” жобасының нышандары бар. Облыстық білім басқармасы мамандарының айтуынша, Қызылжар, Тайынша, Жамбыл, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандар мен Петропавл қаласындағы “Мирас”, “Болашақ”, “Айгөлек”, “Айнагүл”, “Петушок” балабақшаларында “Интегро: Электрондық балабақша” құрал-жабдықтары орнатылған.

Соңғы жылдары республикамыздың мектептеріне электронды күнделік жүйесі енгізіліп, оған ел бойынша 336 мектеп қосылған болатын. Жаңа жүйені қолдану бойынша біздің өңір ел бойынша бесінші орында келеді. Тың жобаны Тайынша, Есіл, Қызылжар, Айыртау аудандары мен Петропавл қаласының оқушылары белсенді қолдануда.

Сергей ЧЕПУХИН,

“Қазақстан техникалық реттеу және стандарттау институты” РММ-і облыстық филиалының маманы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp