Отбасының тірегі – әкеге деген құрмет халқымыздың бойына сіңген ерекше қасиет емес пе? Ақылшымызды асқар тауға теңеп, оған бар сый-сыяпатымызды арнауымыз да сондықтан. Шәпеновтер әулетінде де осындай ізгі әдет бұрыннан қалыптасқан. Отағасы Мұхамедиар Шарафиденұлы өмір жолында еңбектің ерен үлгісін көрсетумен қатар өз ұрпағы мен айналасына үлгілі әке, абзал азамат, қайырымды жан ретінде таныла білді. Саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнаған жан өмірден өтсе де, оның жарқын бейнесі мен жүріп өткен өмір жолы көптің есінде мәңгі сақталары анық.
Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі Мұхамедиар Шәпенов 1934 жылы бұрынғы Қызылту, қазіргі Ақжар ауданының Ұялы ауылында дүниеге келген. Оның ұстаздық жолы өткен ғасырдың 50-інші жылдарынан бастау алады. Туған ауылындағы жеті сыныптық мектепке математика пәнінің мұғалімі болып орналасқан соң, жасы үлкен ұстаздар алғыр жігіттің қабілетін жоғары бағалап, оның болашағының зор боларын алыстан болжайды. Расында да, Мұхамедиар ағаның жүріп өткен өмір жолы қызықты оқиғаларға, қайталанбас сезімдерге, ұмытылмас сәттерге толы. Отбасын құру, бала тәрбиелеу, ұстаз ретінде қалыптасу, соңынан ерген жас мамандарға жол көрсету – мұның бәріне рет-ретімен қол жеткізіп, адал еңбектің арқасында ауылдастарының да құрмет-қошеметіне бөленді. Мейірімділігі мен әдептілігінің, азаматтық келбетінің және балаларға жақсы білім мен тәрбие бере білуінің арқасында ұстаздық міндетін жоғары деңгейде атқарды. Сол себепті де Ұялы ауылдық мектебін тамамдаған шәкірттерінің көбі Мұхамедиар Шарафиденұлының соңынан еріп, өз өмірлерін ұстаздықпен байланыстырды. Бүгінде бұл мамандықты таңдаған адамдар көп-ақ.
Көзі тірісінде сый-құрметке бөленіп, өмір жолында өз балаларына ғана емес, тұтастай бір ұрпаққа үлгі бола білу екінің бірінің қолынан келе бермейтіні анық. Ал Мұхамедиар атаны мен дәл осындай құрметке лайық жан ретінде танитынмын. Ол өз ұрпағына үлгі-өнеге болумен қатар шәкірттеріне, айналасындағы азаматтарға жақсы қырынан көрінді. Есеп-қисапқа жақын балаларды қамқорлығына алып, олардың математика пәніне деген сүйіспеншіліктерін оятты. Білікті маманнан білім алған түлектер де бүгінде ұстаздық жолға түсіп, қазақ балаларының нақты ғылымды таңдауына түрткі болуда.
Мұхамедиар Шәпенов зейнет жасына шыққан соң да сүйікті ісінен қол үзген жоқ. Отбасында ержетіп қалған немерелеріне бас-көз болып, ұрпағының бас ақылшысына айналды. Ұл-қыздарының тәрбиесі де еш уақытта назарынан тыс қалған емес. Оларға кішкентай кезінен барлық жақсылықтың тек адал еңбекпен, маңдай термен келетінін ұғындыруға тырысты. Сөйтіп, оның өз отбасылық институты қалыптасты, немерелеріне де математикадағыдай дәл, еш бүкпесіз өмір заңдылықтарын үйретуден жалықпады. Нәтижесінде бүгінде бұл әулетте әр перзент өз өмір жолын тапты. Ұл-қыздары Мұхамед, Талғат, Ғизат, Марат, Айман мен Жанна – өмірге деген өз жоспарларын құру кезінде әке көрсеткен жолмен жүруге тырысып, оның ақыл-кеңестеріне құлақ асуының арқасында үлгілі отбасы бола білді.
Әкелерінің ақ батасын алған ұл-қыздары бүгінде түрлі салада табысты еңбек етіп, мінсіз қызметімен танылуда. Мәселен, үйдің үлкені Мұхамед өңірдегі балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінің директоры ретінде танылған. Ал Марат – осызаманғы, бастамашыл азаматтар қатарынан. Ол «Бекет» фермерлік шаруашылығын басқарып, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып отыр. Сонымен қатар бірнеше жылдан бері Ақжар жасөспірімдер үйінің тұрақты демеушісі. Ғизат та жеке іспен айналысуда. Шаруа қожалығының басқарушысы. Талғат – құрылыс компаниясының директоры. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген құрылысшысы атағына ие. Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласының зәулім ғимараттарын тұрғызуға атсалысуда.
Мұхамедиар атаның қызғалдақтай қыздары Айман мен Жанна да – өз бақытын қызметтен тапқан жандар. Бірі мейрамхана бизнесімен айналысса, кіші қызы Жанна әке жолын қуып, ұстаз атанған. Үйдің кенжесі Ахмет те болашақта ата-анасының үмітін ақтап, үздік маман қатарынан көрінуге ниетті.
Балаларының тәрбиелі, табысты болып жетілуінде Мұхамедиар атаның аяулы жары Хайныш Сұлтанқызының да еңбегі зор. Ұл-қыздары ақ жаулықты анасының төзімді, тұрақты мінез-құлқына тәнті болып, оған ұқсап бағуға тырысады. 63 жыл отасқан ерлі-зайыптылар немерелерінің де жақсы азамат болып өсуіне себеп болды. Алмаз, Абай, Берік, Бейбіт, Бекет, Анар, Әйгерім, Жанар мен Зарина есімді ұрпағы өнегелі әулеттің жалғасы екенін сөзбен де, іспен де дәлелдеп, түрлі салада жақсы маман ретінде танылуға тырысуда. Ең бастысы, олар аталарының атына кір келтірмей, айналасына жақсы тәлім-тәрбиесімен сыйлы.
Мен Мұхамедиар атаның айтқан әрбір сөзін жүрек түбінде сақтауға тырысамын. Өйткені, бұл кісі кәдімгі ақылдың дариясындай еді. Көзі тірісінде балалар үйіндегі әр тәрбиеленушінің жағдайын сұрап, олардың болашағына қатты алаңдайтын. Бірде Мұхамедиар Шарафиденұлы алты түлегіміздің жоғары оқу орнына түскенін естігенде, қатты қуанып еді. Оларға ақ батасын беріп, өмір жайлы өсиетін айтып, соңғы демі таусылғанша дейін барынша қолдау көрсетті. Ұстаздық жолдағы ақылшым ретінде маған да бас-көз болып, ағалық мейіріміне бөледі. Бір сөзбен айтқанда, Мұхамедиар Шәпеновтің жүріп өткен өмір жолы көпке үлгі боларлықтай. Меніңше, білімді, тәрбиелі ұрпағы мен жақсы сөзбен еске алатын азаматтар тұрғанда ардақты ақсақалдың есімі көпке дейін ұмытылмасы анық.
Тәттігүл ЗДУӘЛИЕВА,
жасөспірімдер үйінің директоры.
Ақжар ауданы.
СУРЕТТЕ: марқұм Мұхамедиар Шәпенов отбасымен.