«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҚЫНДАР ШЫҚТЫ АЙТЫСҚА

Көктемнің керім мерекесі Наурыз тойының ең айшықты сәттерінің бірі ақындар айтысы десек, қателеспейміз. Биыл ақындардың өнерін тамашалау үшін Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театрына халық тіпті көп жиналды.

Сөз сайысына Қуаныш Оспанов, Құрмет Құралхан, Жұмабек Рахимов, Жарқын Жұпархан, Мұхаммед Қоңқаев, Сабыр Санжар сынды жергілікті айтыскерлермен қатар, Қарағанды қаласынан Ботагөз Мұхитденқызы, Екібастұз қаласынан Алмагүл Жүгінісова қатысты. Ал Ақжар ауданының өкілі Мақсат Серіктің өнердегі тұсауы осы айтыста кесілді. Облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен өткен айтыста ақындарға ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай “Азаттықтың ақ таңы” атты тақырып ұсынылды.

Алты жұптың алғашқысы болып Қызылжар ауданының ақыны Екпін Советхан мен керекулік ару Алмагүл Жүгінісова ортаға шықты. Бұқар жырау: “Шаршы топта сөз бастаудан қиынды көргенім жоқ”, – деген екен. Соған қарамастан, олар қыз бен жігіт айтысының әдемі үлгісін көрсете білді.

Екінші жұп – Амангелді Оқас пен Мұхаммед Қоңқаевтың есімі қызылжарлық көрерменге бұрыннан мәлім. Бұл жолы айыртаулық Мұхаммедтің өткен жылдарға қарағанда әжептәуір ысылғаны байқалды.

Мұхаммед шалғайдағы Уәлиханов ауданының намысын арқалаған Амангелдіге:

“Айтысқа Амангелді аман келдің,

Айтыстан аман кетсең жарар еді”, – деген еді. Айтқаны айна-қатесіз келіп, Мұхаммед жоғары ұпаймен ақтық сайысқа жолдама алды.

“Бақ шаба ма, бап шаба ма?” дегендей, бірнеше айтыстарда дес бермеген Қуаныш Оспановтың көсіле сөйлеуіне қарсыласы Жұмабек Рахимовтың сөз бермегені кедергі келтірді. Әйтпесе, көрермен де айтыс саңлағына сенім артқан еді. Есіл ауданының тумасы Жұмабек өнерге сырттан қосылған ақын емес, бірақ осы айтысқа дайындықсыз келгенін аңғару қиынға соқпады. Бос сөзбен жұртты мезі еткен оған қарсыласы Қуаныш та:

“Ел алдында зорланасың,

Жолбарыстай жонданасың.

Қарғадайын болсаңдағы,

Қырандайын қомданасың”, – деп ренішін білдірді.

Жұптардың дені өздеріне берілген уақытты ұтымды пайдаланып, тақырыпты аша алмағанына көрермендер де қынжылыс білдірді. Әрине, үлкен сахна төріне көтерілгеннен кейін өткен ширек ғасырда ел өмірінде орын алған оң өзгерістерді айтып өтудің артықтығы болмас еді.

Ал өнерсүйер қауым Нұрислам Әбіл мен Санжар Сабырдың айтысынан аға мен інінің арасындағы ілтипатты аңғарды. Санжар – оқушы күнінен сахна төріне шығып жүрген жастардың бірі. Ол жуырда Көкшетау қаласында өткен ақындар бәйгесінде бас жүлдені еншілеген қарсыласынан қаймыққан жоқ.

Жерлесіміз Жарқын Жұпархан мен қарағандылық Ботагөз Мұхитденқызы да ел көкейіндегі мәселені немесе тәуелсіздіктің туын желбіреткен азаттықтың айшықты сәттерін қозғай алмады.

Құрмет Құралхан мен Мақсат Серіктің айтысы да орташа деңгейде өтті.

“Маңдайымды жел қағар,

Таңдайымды сөз қағар” немесе

“Береке түбі мереке,

Мерекең кетсе, нең қалар”, – деп ойнақы өлең жолдарын ұсынған Мақсаттың, әрине, Құрмет секілді талай доданың шаңын шығарған ақынмен жүрексінбей сахна төріне шығуын батылдыққа балауға болады.

Қазылар алқасының шешімімен ақтық кезеңге жолдама алған Нұрислам Әбіл Мұхаммед Қоңқаевпен, Құрмет Құралхан Жарқын Жұпарханмен, ал Ботагөз Мұхитденқызы Жұмабек Рахимовпен сайысты.

Әрине, олардың бәріне жеке-жеке тоқталмай-ақ, тек Құрметтің тапқырлығына тәнті болғанымызды айтып өткім келеді.

“Жарқын, мен басымнан сөз асырмаймын,

Сенің мен қасың емес, досыңдаймын.

Сен мені маймыл дедің, ұсақ дедің,

Бірақ, мен ол сөздерге жасымаймын”, –

деген сөздерін көрерменнің де қоштағаны анық байқалды.

Бәлкім, мың көздің алдында сөз тауып, тосылмай сөйлеудің қиындығын ақындардан артық ешкім білмейтін шығар. Дегенмен, елі үкілеп додаға қосқандықтан дайындықпен келіп, жүйелі сөз, сүйекті ой айтып, көрерменді қуантқанға не жетсін?! Ақындардың тақырыптан адасып қалып, қыңыр сөзден аса алмағанын қазылар алқасының төрағасы Жарасбай Сүлейменов те айтып өтті.

Биылғы Наурыз айтыстың бас жүлдесі Жарқын Жұпарханға бұйырды. Мұхаммед Қоңқаевтың өнері бірінші орынға лайық деп бағаланды. Арқа өңірінің үкілі үміті Ботагөз Мұхитденқызы мен Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның өкілі Құрмет Құралхан да жүлделі орындарды еншіледі.

Айгүл ЫСҚАҚОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp