«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҚЫННЫҢ «БОЛМАҒАН БАЛАЛЫҚ ШАҒЫ»

Осыдан бірнеше жыл бұрын есімі елге белгілі ақын Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ» деп аталатын повесі жарық көріп, оқырман сүйіп оқитын туындыға айналған болатын. Арада көп уақыт өтпей айтулы шығарманы сахнаға шығаруға, оның желісі бойынша кино түсіруге ниетті режиссерлер табылды. Сәтті түсірілген фильмді жуырда ұжым болып тамашалаудың мүмкіндігі туды.

«Болмаған балалық шақ» – қаламгердің алғашқы прозалық туындысы. Атауы айтып тұрғандай, ақынның қилы тағдырынан сыр шертетін автобиографиялық әңгіме желісі көмескі тартқан өткен жылдарды, анаға деген сағынышты, өгей әкенің қатігездігін, бауырлар арасындағы сезімді суреттейді. Ақберен Елгезектің қиялындағы ғұмыры, өмірден көрген тауқыметі, арпалысқа түскен бақытсыз күндері шебер бейнеленген. Әкесінен жастайынан айырылған ол қоршаған ортадан пана іздейді. Режиссер жас Ақоштың жан жарасын, бала махаббатын, қорқыныш пен үмітті, әділетсіздікпен күресті бір-бірімен қабыса өрілетін оқиғалар арқылы нанымды жеткізуге тырысқан.

Сюжет қарапайым болғанымен, эмоциялық тұрғыдан өте ауыр. Басты кейіпкер – бала Ақбереннің өгей әке Тағайдан көрмеген қорлығы жоқ. Фильмнің соңына дейін көрермен Ақбереннің жүрек түкпіріндегі анамды арашаласам деген арманын сезінеді.

«Баланың нәзік жүрегіндегі қорқыныш пен үміттің тартысына, жақсылық пен жамандықтың шайқасына куә болдық. Жанарымыздан мөлдір тамшының қалай үзіліп түскенін аңғармай қалдық. Кейіпкерлер диалог арасында айтқан: «Әке-шешесі жоқ балалар – Құдайдың балалары», «Қиындықты тек махаббат жеңеді», «Бәріміз де күнәһармыз» деген сөз тіркестері фильмнің біршама жүгін арқалап тұрғандай әсерге бөледі», – дейді әріптесіміз Диас Аяған.

Фильмнің бас продюсері – автордың өзі, режиссері – Айдын Сахаман, сценарийін жазған – Ефрат Шәріпов. Басты рөлдерді Ерлан Біләл, Берік Айтжанов, Әшім Ахметов пен жас актер Шәкәрім Алмасбек ойнаған.

Кез келген адам бала кезін сағынады емес пе? Ал сол балғын балалық шақ болмаса ше? Оны еске алу – азап. Ауыр тағдырды басынан кешпесе де залда көзіне жас алған көрермен көп. Автордың өзі сұхбаттарының бірінде: «Жылау деген – жүректің жұмсаруы», – депті. Адамға бәрінен бұрын ананың, әкенің, отбасының мейірімі керек екенін түсіндіретін шығарма кәсіби актерлердің шеберлігінің арқасында көрерменнің жүрегіне жетті десек артық айтқандығымыз болмас. Әлемді мейірім мен махаббат қана құтқарады. Бәріміздің ішімізден кішкентай сәбидің дауысы естіледі. Сол баланы басынан сипап, бауырымызға тартсақ, өміріміздегі түрлі мәселенің түйіні тарқатылар, бәлкім. Қаламгердің де көздегені осы болса керек.

Рабиға ЕРАЛЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp