«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҚЫННЫҢ ЖАРЫ БОЛУ ЖЕҢІЛ МЕ ЕКЕН?

«Soltüstık Qazaqstan» газетінде 43 жыл қызмет еткен ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Зейнолла Әкімжановтың есімі көпке мәлім. Ғұмыры тек қана БАҚ-пен шектелмей, ұлт, тіл мүддесі жолында қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрді. «Қазақ тілі» қоғамының филиалын құруға, мемлекеттік тілдегі мектептер мен сыныптар ашуға, облысымыздағы тұңғыш тәуелсіз басылым – «Қызылжар» газетін шығаруға ат салысқанын жерлестері ұмытқан жоқ. Теріскейде кенжелеп қалған айтыс өнерінің жандануына Зейнолла ағамыздың көп еңбек сіңіргенін замандастары айтып жүр. Елдің сый-құрметіне бөленген қаламгердің отбасылық өмірінен сыр шерту мақсатында жары Ғалия Уахитқызымен әңгімелестік.

Екі жас 1969 жылдың қысқы демалысында ұйымдастырыл­ған сауық кешінде танысады. Зейнолла ағамыздың жиені Ға­зез Шаяхметовтің Ғалия Уахит­қызымен сыныптас болғаны та­ныстықтың аясын кеңейте түсті. Хат жазысады, кейін қалада кез­десіп жүреді. Ғалия Уахитқызы 1974 жылы Петропавлдағы пе­дагогикалық институтта (қазіргі М.Қозыбаев атындағы СҚУ) білім алып, жолдамамен ауылға кетеді. 1974-1979 жылдары Жа­ңажол орта мектебінде геогра­фия пәнінің мұғалімі болып қызмет етті.

– Әл-Фараби атындағы Қаз­МУ-дің филология факультетін бітірген соң ұстазы, академик Зейнолла Қабдолов Ғылым ака­демиясының әдебиет және өнер институтына қызметке орна­ластырған. Диплом жұмысы кандидаттық диссертацияға ла­йық деп бағаланды. Алайда Зей­нолланың өзі жұрттың қолы жете бермейтін жұмыстан бас тартып, «кәрі шешемді жалғыз тастамаймын» деп Қызылжарға ауысты. 1979 жылдың 4 тамы­зында шаңырақ көтердік. Көпшіл, әңгімешіл, кісіге жа­қын қасиеттерімен, кез келген саладан білімі бар, ой өрісінің кеңдігімен жүрегімді жаулады десем болады, – дейді ақынның зайыбы.

Жақсының жары Ленин зауытында, мұрағатта, «Қазақ тілі» қоғамында, мемлекеттік қызметкерлерді даярлайтын институтта, Ғ.Мүсірепов атын­дағы облыстық балалар жас- өспірімдер кітапханасында қыз­мет еткен. 41 жылдан астам ең­бек өтілі бар.

Зейнолла Рамазанұлына «Ленин туы» газетіне орналасқа­нына бір жыл өтпей, 1976 жылы Новая көшесінен екі бөлмелі пәтер беріледі. Араға он бір жыл салып, 1987 жылдың 25 желтоқ­санында М.Горький көшесіндегі пәтерге көшеді.

«Зекең әріптестерімен тығыз қарым-қатынаста болды. Бала­лардың туған күндерінде, мере­келерде, соғым сойғанда да, айт­тарда да бірге жүрдік. Саяжайдан жер бөлініп берілді. Бау-бақша ұстауға ниеттендік. Күн-түн де­мей, редакцияның отымен кіріп, күлімен шықты. Ол кезде газет шығаратын техникалар ескі, на­шар еді. Газеттің бір санын 40 сағат шығарған күндері болды. Үйден тамақ апаратынбыз. Кей­де журналистер жұмыстан кеш шығып, бой сергітпек болып, біздің үйге келіп, кішігірім оты­рыс ұйымдастыратын. Қайыр­бек, Қошан үшеуі Жамбыл ау­дандық «Ауыл арайы» апталық газетінің бірінші санын Прес­новта 10 күн жатып, шығарып бергені әлі күнге дейін есімде», – дейді Ғалия Уахит-қызы.

Ағамыздың «Қазақ тілі» қо­ғамының жанынан «Қызылжар» газетінің шығуына, 1989 жылы «Ана тілі» клубын құруға, 1990 жылы «Салтанат» балабақшасы­ның ашылуына атсалысқаны белгілі. Осындай қарусыз май­данда шындықты айтқан адам айналасына жақсы көрінгені­мен, кесірі бала-шағасына ти­мей қоймады. Ғалия Уахитқы­зының айтуынша, Зейнолладан сын естіген білім беру саласы­ның кейбір өкілдері бар өшін ақынның балаларынан алып отырған.

«Ағаң дүниеге қызықпаған адам еді. Кісілерге көмегі ти­генге қатты қуанатын. Үйге де кісі өте көп келетін. Бірде ауылдан келген жиенім 18 адамның қонғанын айтып таң­ғалған еді. Новая көшесінде тұрғанымызда қоғамдық көлікке төлейтін тиын болмай, жаяу жүріп, 11 аялдама санап келген кезіміз де болды. Ломбардтарға да қарыз болдық. Несие де алдық. Еріміздің абыройын аласартып алмайық деп, еңсемізді түсірмедік. Зей­нолланың турашылдығының бір ұшы бізге тиетін», – дейді Ғалия Уахитқызы.

Шаңырақтарында Сафуан Шаймерденов, Ғаділша Қаһар­манұлы, Ерік Асқаров, Ғалым Жайлыбай бастаған меймандар болып, дәм татқан. 2001 жылы Қазақстан Жазушылар одағы­ның мүшесі атанды. Жақсының жарының айтуынша, Зекең үйдің емес, түздің адамы еді. Есіл-дерті халықтың қамы бола­тын. Халық та еркелігін көтеріп, өлеңдерін жақсы көрді. Ақын ағамыздың ашуы шай орамал кепкенше еді. Ұрсысып алған соң бес минут өтпей, бәрін ұмы­тып, күліп сөйлесетін. Отбасын­да да осы мінезінен арылмаған екен.

Қызметін махаббатпен ат­қарғаны соншалық оның жұмыс тәртібі 8 сағатпен шектелмейтін. Мәлімет іздеген жазушы, ға­лымдар Зекеңе демалыста да қо­ңырау шалып, маза бермейді екен. Ол кезде кітапханалар жа­бық, ғаламтор атымен жоқ. Бәлкім жерлесімізді жұрттың «энциклопедия» деп атауының сыры осында болар.

Қанда бар дүние атадан бала­ға даритыны белгілі. Қызы Асыл Зейноллақызы да көңілдің кей- бір сәттерін өлең жолдарына түсіріп жүр. Оның туындылары «Қызылжардан ескен леп», «Бәйшешектер» антологияла­рына енгізілген.

Өлеңімен оқырман жүрегін жаулаған ақын ағамыздың көзі тірісінде «Жерұйық», «Мизамшуақ», «Нұрлы шуақ» кітап­тары шыққан, өзі өмірден өтсе де, артында қалған жоқтаушы­ларының арқасында кейін «От­тай ыстық Отынағаш», «Замана шам-шырағы» кітаптары жарық көрді.

– Зейнолланың өлеңдерін оқығанда авторы өзің сияқты сезінесің. Өз жүрегіңнен шыққандай жаныңа жылы тиеді. Ақынның жұмысқа қырсыз ке­летіні бесенеден белгілі. Кейде әңгімелескенде «Жерұйық» кі­табына енгізілген «Ғалияға» өлеңін алға тартып, бір-ақ өлең жазғанын айтып, еркелейтінмін. Сонда «Мизамшуақ» кітабында­ғы «Хауана» өлеңін маған арна­ғанын тіліне тиек етіп, «Сені Еваға теңегенмін», – деп сөз тауып кететін. Екеуміз бір ұл, екі қызға ата-ана болдық. Тағдыры­ма ризамын», – дейді Ғалия Уа­хитқызы.

Зейнолла Әкімжановтың өмірі бұралаң жолдардан тұрды десек, қателеспейміз. Алты жасынан әкесінен айырылды. 1980 жылы қызы Әсем 5 жасында жол апаты­на ұшырап, опат болды.

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp