«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҢ-ҚҰС МҮСІНІН ЖАСАУ ДА – ӨНЕР

Есіл ауданындағы Покровка ауылының тұрғыны Александр Гордеев екінші топтағы мүгедек. Әйтсе де жұмыссыз отырған күні жоқ. Себебі, алдына қойған мақсаты бар. Ол табиғат тақырыбы аясында көрме ұйымдастыруды армандайды. Бұл әрине, уақыт еншісінде, әзірге қолөнер иесі аң-құстардың тұлыбын жасаумен айналысуда. Қолөнер иесінің үйінің өзі бір мұражай сияқты. Қабырғаларында еліктің, бұғының, қабанның тұлыптары рет-ретімен орналастырылған. Екінші жағына көз салсаң, үлкенді-кішілі құстарды жайғастырған. Жыртқыш аңдардың жалт-жұлт еткен көздеріне, ақсиған тістеріне, құстардың түрлі-түсті қауырсындарына қарасаң, әрқайсысынан ерекше бір қолтаңба көруге болады.

– Мен табиғатқа бала кезімнен жақын өстім. Түрлі аң-құстардың пайда болу тарихы, олардың мекендейтін жері жайында кітаптарды көп оқитынмын. Есейе келе осы бағыттағы қызығушылығым артып, міне, осы бойынша жұмыс істеймін деп айтсам да болады, – дейді ол. – Әрине, тірі құстар, аңдар жайында әңгіме бір басқа. Бірақ, олар уақыты келген соң, өледі. Ол да табиғаттың заңдылығы. Ал мен болсам кейбір аң-құстарды “қайта тірілтіп”, әдемілеп істеп қоямын. Түсіне білген адам үшін бұл да өнердің бір түрі деп ойлаймын.

Ол көбіне аңшылардың алып келген “дайын дүниелерін” іске жаратып, жаңа өң беруге тырысады. Мәселен, жақында үйдің қасында бір жапалақ тоққа соғылып өліп қалыпты. Өзі үлкен, түсі де әдемі екен. Далада жатса, өзінен-өзі бүлініп қалар еді. Александр оны үйіне алып келіп, өңдеп, қайта “тірілтіпті”. Аңшылар өлген қасқыр, түлкі әкеліп берген. Жақында облыс орталығындағы тәртіп сақшылары екі иісшіл итті әкеліпті. Олар есірткі іздеу кезінде қарақшылардың қолынан өлген екен. Енді жақын күнде олармен де жұмыс істеп, жаңа өң бермекші. Александр әңгіме арасында Петропавл қаласындағы ботаникалық бақпен де байланысы барын айтты. Олар да түрлі себептермен өлген аңқұстарды мүмкіндігінше осы жаққа жіберіп отырады.

Оның қолынан шыққан аңдардың тұлыптарын бүгінде ботаникалық бақтан, Сергеевка қаласындағы мұражайдың “Тірі табиғат” бөлімінен де көруге болады. Әрбір туындының “жаңа өмірге” келуіне байланысты өзіндік бір тарихы бар. Александр Викторовичтің сөзіне сүйенер болсақ, ол бүгінде жүзден астам аң-құстың тұлыбын жасаған. Олардың ішінде ең кішкентайы горлица деген құс болса, маралды өзінің ең үлкен жұмысы ретінде бағалайды.

Александр Викторович бір экспонатқа кем дегенде он күн жұмсайды екен.

– Бұл жұмысқа біршама уақыт кетеді. Тіпті, кейбір дүниелерді кәдеге жаратуға бір айға жуық уақыт қажет. Алайда, мен оған жалықпаймын. Қайта, әрбір жасалған іс көз қуанышыма айналып, мерейімді өсіре түседі. Бүгінде аң-құс терісінің тұлыбына сұраныс көп, бірақ онымен айналысатын мамандар аз. Жастар жағы осыған ден қойса жақсы болар еді, – дейді ол.

Облыстық, аудандық көрмелерге үнемі қатысып жүретін қолөнерші осы саланың дамуына қосқан үлесі үшін түрлі дәрежедегі дипломдармен, грамоталармен марапатталған. Табиғатқа өзінше көзқараспен қарайтын Александр Викторович көз жанарының көруі нашарлағанына қарамай, алдағы уақытта да жұмысын жалғастырып, талай туындылар жасауды жоспарлап отыр.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp