«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Баатырбек ШАМБЕТОВ: “ТЕАТР – ОЙЫН-САУЫҚТЫҢ ОТАУЫ ЕМЕС, ТӘРБИЕ ОРНЫ”

С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театры Қызылордада өткен КСРО халық әртісі Сәбира Майқанованың 100 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының XXII фестивалінен олжалы оралды. Бұл өнер додасына театр ұжымы Софоклдың “Эдип патша” қойылымымен қатысты. Қойылымда басты рөлді сомдаған театрдың актері әрі бас режиссері Баатырбек Шамбетов “Үздік ер адам бейнесі” аталымы бойынша тігілген жүлдені қанжығасына байлады. Сахнагерді жеңісімен құттықтап, сырға толы театр өнері турасында әңгімелескен едік.

– Баатырбек Рысқұлұлы, Қызылжар өңіріне өнер жолын қуып келгеніңізге 15 жылдың жүзі болыпты. Осы уақыт аралығында өнер адамы ретінде қандай жетістіктерге жетіп, олқылықтарды бастан кешірдім деп ойлайсыз?

– Қызылжарға келгенімізде: “Бұл өлке бізді қалай қабылдар екен?”, “Біз бұл өңірге не бере аламыз?” деген сан түрлі сұрақтар қай-қайсымыздың болсын көкейімізде тұрды. Солтүстіктің қытымыр аязына шыдай алмаймыз деп те ойладық. Бірақ қарап отырсам, бұл өңір бізге шығармашылығымызбен айналысуға ғана емес, отбасын құрып, шаңырақ көтеруге де құтты орын болды. Ол кезде барлығымыз баладай едік. Бүгінде өткен күнге көз жүгіртсем, қуанышты сәттер көз алдыма көп елестейді. Жақсылыққа қуандық, жамандық болса, бірге мұңайдық. Әрине, жаңа жер, жаңа өмір, жаңа орта қызықты болғанымен, бастапқыда қиын болды. Енді ғана актер атандық. Қолымызға дипломды алғанымыз кеше ғана. Шығармашылық ұжым ретінде қалыптасудың ауыртпалығын сезіндік. Кездескен қиындықтарға сүрінсек те, қайта тұрып, бірде жеңіліп, бірде жеңдік. Бір-бірімізге сүйеу бола білдік. Өңірдегі қазақ театрының қалыптасу, даму тарихын ақ қағазға өзіміз жазып жатқанымызды түсіндік. Жас болсақ та, бірлесе жүріп, театрды өзіміз қалыптастырдық. Ақыл айтатын аға буын актерлеріміз болмады. Өйткені, барлығымыз қатарлас едік. Ал тәжірибе жинауда біздер ұстаздарымызға, қалыптасып үлгерген театрлардағы әріптес аға-апаларымызға еліктеп, соларға қарап бойымызды түзейтін дағдыны білдік. Рөлдерді үсті-үстіне алып отырдық. Трагедия, комедия демей-ақ, образдарды бірінен соң бірін шығардық. Мысалы, келе сала Ғ.Мүсіреповтің “Қозы көрпеш-Баян сұлу” трагедиясында Қодарды сомдадым. Егер сақа театрлардың бірінде қызмет етсем, жоғары оқу орнын енді аяқтап келген жас актерлерге ондай рөл бұйырмас та еді. Өйткені, мұндай маңызды образдарды жасы үлкен, тәжірибесі мол актер ойнайды. Жас болсақ та, бізге басты кейіпкерлерді сомдау бұйырды. Бетімізден ешкім қаққан жоқ. Егер М.Әуезов атындағы театрда жас маман жылына 1-2 рөл ойнаса, біз 5-6 кейіпкерді сомдадық. Одан ұтылғанымыз жоқ. Керісінше, молынан тәжірибе жинақтадық. Киноактер ретінде қалыптасып үлгермедім деп ойлаймын. Себебі, еліміздің облыстарында кино саласы кенжелеп қалды. Мүлдем жоқ десе де болады. Киноның театрға қанша қатысы бар десеңіз, мен театрға көрермен тарту үшін дер едім. Кино өнері театр актерін танымал етеді. Себебі, кімнің үйіне бармаңыз, барлығында теледидар бар да, театр жоқ. Фильмге түскен актерді көрермен іздеп, көргісі келеді де, театрға келеді. Сол арқылы театрға көрерменді тартуға болады. Ал театрға келіп, сахнада спектакльді тамашалап, ой түйген адам келесі жолы да театрдың тылсым сырына қаныққысы келеді.

– Қазақ театрының дамуына өзіндік үлес қосқан жазушы Жүсіпбек Аймауытов: “Театр ермек те, көңіл көтеру де емес, ол – үлгі, ол – тәрбие, өнер орны”, – деп бұл өнердің халықтың рухани жетілуіне, мәдени толысуына тигізер пайдасы зор екендігін білді. Және оның қаламынан бірнеше пьеса туып, сахналанды да. Тіпті, бұл пьесалардағы басты рөлдерді Мұхтар Әуезов пен Әміре Қашаубаев сомдаған деген тың деректер бар. Қазақтың беткеұстар азаматтары Кеңес Одағы кезінде-ақ елімізде театрды дамытуға үлкен мән берген. Соны біле тұра, өскелең ұрпақтың театрға бару мәдениеті неліктен қалыптаспады деп ойлайсыз? Жуырда гастрольдық сапармен келген Астана қаласының М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының директоры Еркін Қасеновпен сұхбаттасудың сәті түсті. Әңгіме барысында Еркін Тілеуғазыұлы қазақ театрларының тұрақты көрерменінің болмауының түрлі себептерін атап өтіп: “Көбінесе қазақ театрлары сенбі, жексенбі күндері жұмыс істемейді. Актерлері той-томалақта жүреді. Спектакльдерді жұмыс күндері қояды”, – деген болатын. Сіз бұған не дер едіңіз?

– Театр ашылған жылдары біз қойылымдарды сенбі, жексенбі сахналап келдік. Сонда көрермендер билетті сатып алады. Бірақ келмейді. Неге дейсіз ғой. Себебі, қазақта не көп? Той көп. Және тойды біз демалыс күндері жасаймыз, солай емес пе? Залымыз жартылай бос тұратын. Ал актер үшін көрерменнің болғаны маңызды. Жартылай бос залда өнер көрсеткен сахнагердің көңілі құлазитыны сөзсіз. Ал егер сіз актерлерден: «Демалыс күндері спектакль ойнаған жақсы ма, әлде асаба болып, ақша тапқан жақсы ма?» – деп сұрасаңыз, сізге спектакльде ойнаған әлдеқайда жақсы болар еді деп жауап берері сөзсіз.

Көрермен мәдениетін 4-5 жылдың ішінде қалыптастырып үлгереміз десек, қателескеніміз. Бұл мәселе елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдан басқа халықтың ұлттық сана-сезіміне, діліне, дініне тікелей қатысы бар. «Нан бар жерде ән де болады». Үйдегі бала-шаға аш отырса, театрға бару жайына қалады емес пе? Мұндай көріністі Кеңес Одағы ыдырығаннан кейін жиі көруге болатын еді. Халық екі қолға бір күрек таба алмай, жұмыссыздықты бастан кешірді. Сол кезде театр қалыптасып үлгерген көрерменінен қол үзіп қалды. Ал қазір, Құдайға шүкір, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдай түзеліп келеді. Дегенмен, біз сол театрсыз өткен кезеңнің зардабын тартып келеміз деп ойлаймын. Өйткені, өзің айтқан Мұхтар Әуезов пен Әміре Қашаубаев сынды тұлғалардың үзілген жолын қайта жалғастыру қазіргі технологияның шарықтап жатқан заманында оңай емес. Себебі, әлемдегі өнердің даму сатысын байқасаң, театрдың орнын кино басты. Кинодан кейін теледидар пайда болды. Ал ғаламтор теледидардың өкшесін басып келеді. Ғаламтор билік еткен уақытта халықты театрға тарту оңай емес. Десе де, оның да өз жолы бар деп ойлаймын. Көрерменнің келуі театрға байланысты. Қойылымның көркемдік деңгейі жоғары болуы тиіс. Егер қойылым көрерменнің рухани сұранысын қанағаттандырмаса, онда театрыңыздың кассасына ешкім жақындамайды. Театрдың тұрақты көрерменін қалыптастыру мақсатында осы театр маусымынан бастап, біз оқушылармен, студенттермен кездесулер ұйымдастыруды қолға алмақпыз. Оларға театр өнері ойын-сауық емес, тәрбие орны екенін түсіндіргіміз келеді.

– Театр биыл өзінің 15-інші маусымын ашқалы тұр. Осы жылдар ішінде талай қойылымдарды сахналадыңыздар. Сіздің ойыңызша, театр ендігі он бес жылда қандай бағытта дамығаны дұрыс?

– Қазіргі таңда театрымыздың республикадағы беделі жаман емес. Жуырда өткен КСРО халық әртісі Сәбира Майқанованың 100 жылдығына арналған жиырма екінші республикалық Қазақстан драма театрларының фестивалінде театртанушы Әшірбек Сығай: «Он бес жылдың ішінде театр нағыз кәсіби театрға айналып отыр», – деп бізге оң бағасын берді. Және спектакльді әлемдік додаларға ұялмай қатыстыруға болатын шығарма деп ерекше атап өтті. Театрымыз болашақта да осындай биік асулардан көріне береді деген сенімдемін. Жетістіктерге жету үшін театр гастрольдық сапарларға шығып, фестивальдарға жиі қатысып тұруы керек. Атыңның шабысы бәйгеде сыналады емес пе? Актерлердің шеберлігі де сайыстарда шыңдала түседі. Кем-кетігі болса, түзеледі. Театрға мықты режиссерлерді қойылым сахналауға шақырып тұруды дұрыс деп санаймын. Театрдың репертуары классикалық шығармалармен толығып отыру керек. Алдымыздағы маусымда М. Әуезовтің «Айман-Шолпан», Н.Гогольдің «Ревизор», У.Шекспирдің «Асауға – тұсау», Рей Кунидің «№13», Ж.Ерғалиевтің «Жетім тағдыр» және балаларға «Ертөстік» ертегісін сахналауды жоспарлап отырмыз.

– Өзіңіз атап өткен фестивальда республика бойынша тоғыз бірдей театр бағын сынаған екен. Мұндай дода алдымен еліміздегі театр өнерінің даму бағытын анықтаса керек. Фестивальдан кейін еліміздегі қазақ театрының даму бағыты қандай деп ойлайсыз? Себебі, кейбір театртанушылар егер Батыста театр өнері дамып кетті десе, қазақ театрын әлі ХХ ғасырдың шекарасынан шыға алмай жүр деген пікірде.

– Батыстың болар-болмас дүниесіне жалтақтай бермеу керек деп ойлаймын. Театр – алдымен рухани орда. Ал Батыста қазіргі таңда әдептен аттаған, адамзаттың өмір сүру заңдылықтарынан шет кеткен, жаға ұстайтын спектакльдері басымырақ. Еліктегенше, өзіміздің төл туындыларымызды көбейтуіміз керек. Қазаққа ненің жақсы, ненің жаман екендігін білдіретін пьесаларды көрсетсек, нұр үстіне нұр болар еді. Әрине, еліміздегі қазақ театрларының режиссурасы әлсіздеу. Актерлеріміз бұрындары айғай дауысқа қалай салса, қазір де солай. Бірақ бұл актерлеріміздің шеберлігі шыңдалмады деген сөз емес. Керісінше, бүгінгі күні дарынды жастардың есімдері шығып, таныла бастады. Жас актерлермен бірге өскелең ұрпақтың ішінен дарынды драматургтеріміз де шықса, жақсы болар еді.

– Жас буын демекші, өзіңіз театрдағы қызметіңізден басқа, 2006 жылдан бері Петропалдағы өнер колледжінде «Актер өнері» бөлімінде ұстаздық етесіз. Бұл мамандықты тамамдаған жас актерлер театрдағы кадр тапшылығы мәселесін шеше ала ма?

– Бұл мәселе бірте-бірте шешімін тауып келеді. Мәселен, биыл театрымыз үш актермен толықты. Актерлердің орта және жас буыны қалыптасып келеді. Жас актерлердің қатары өнер колледжінің студенттерінен құралған. Колледжде қызмет еткен жылдар ішінде бірнеше курсты оқытып шығардым. Солардың алды: Асылхан Рәзиев, Гүлназ Базарбаева, Тұрақ Дұрысбеков театрымызда қызмет етіп келеді. Көрермендердің көзайымы десем, артық емес. Биылғы жылы шәкіртім Асылхан Қырғызстандағы өнер университетін режиссура мамандығы бойынша тамамдап, өнер колледжіне жұмысқа тұрды. Жас актерлерді қабылдады. Кешегі студентім бүгін өзі шәкірт тәрбиелеуде. Жалпы театрдың мерейін үстем ететін сахнагер ғой. Егер театрдың ұжымы толық болмаса, көптеген классикалық шығармаларды сахналай алмайтын едік. Сахнагерлердің шеберлігі де мықты болуы шарт. Мәселен, Шекспирдің пьесаларын сахнада ойнау оңай шаруа емес. Себебі, драматургтің пьесалары қара сөзбен емес, өлеңмен өрілген. Театрымызда қойылған «Эдип патша» спектаклі де өлең түрінде жазылған. Біз театрдың тарихында тұңғыш рет өлеңмен жазылған пьесаны сахналадық. Әрбір қадамымызбен арманымызға жақындап келеміз. Біздің театрда да Шекспирдің “Гамлеті”, “Ромео мен Джульеттасы” пайда болады деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp