Петропавл қалалық тұтынушылардың құқығын қорғау басқармасында Қазақстан Республикасы халқының тілдері күніне арналған облыстық фестиваль аясында “Тіл – елдің рухани байлығы” атты “дөңгелек үстел” өтті. Бұл шараның негізгі мақсаты – мемлекеттік тілмен қатар, басқа ұлт өкілдері тілдері мәртебесін көтеріп, елдің бірлігін сақтап, оны нығайтуға оң ықпал ету.
Ұлтымыздың баға жетпес байлығы, асыл қазынасы саналатын қазақ тілінің және басқа ұлт тілдерінің маңыздылығын айта отыра, тіл апталығына арналған шараны тілдерді дамыту жөніндегі бас маман Бибігүл Нұрғалиқызы “Тілдер тағдыры” атты хабарламамен ашты.
Тіл әр халықтың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан қасиетті құралы. Міне, сондықтан да, оны аялап, шұбарламай кейінгі ұрпаққа жеткізу – біздің бұлжытпай орындайтын борышымыз. Тіл туралы терең ойлар айтып, келешек ұрпақ үшін өшпес мұра етіп қалдырған ғұлама жазушы, жерлесіміз Ғабит Мүсірепов: “Қазақ халқы бар тарихын көше жүріп өткізсе де, батпаққа батырмай, құмға шашпай, жұртында қалдырмай, шабындыға алдырмай, барлық жинаған сөз байлығын, күй мен жырын бізге жеткізді. Бұл бәрімізге де қымбатты мұра, бай қазына”, – деген болатын. Қазақ тілі осы тілде сөйлейтін адамдардың саны жағынан әлемдегі тілдер арасында жетпісінші, тіл байлығынан үшінші орында екен. Бұл, яғни басқа тілдермен салыстырғанда біздің мемлекеттік тіліміз әлемдегі ең бай саналатын тілдердің төрінен орын алады деген сөз. Бұл жайлы басқармада өткен шарада айтылды.
Манап БАЗАРБЕКҰЛЫ,
қалалық тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасының тілдерді дамыту жөніндегі әдіскері.