«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАБАЛАР МҰРАСЫ — ҰРПАҚҚА ТӘЛІМ

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Ұлы даланың жеті қыры” атты мақаласында төл тарихымызды тұрғындар санасында қайта жаңғырту мәселесі көтерілген екен. “Рухани жаңғыру” бағдарламасының жалғасы болып табылатын мақалада “Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі дегеніміз осы”, – деген өрелі ой жазылған. Шынымен де, өткеніне құрметпен қарайтын халықтың ғана бүгіні баянды, болашағы жарқын болмақ.

Бабалар мұрасы жас ұрпақты тәрбиелеудің тиімді жолы. Мақаладағы атқа міну мәдениеті жайлы толымды пікірді оқи отыра, жылқы малының халқымыз үшін маңызы зор болғанына тағы бір рет көз жеткізесің. Иә, атабабамыз үшін ауыздығымен алысқан жүйрік ат жеті қазынаның бірі болған. Сондықтан олар ежелден сәйгүлік баптап, бәйгеге қосқан. Қамбар ата тұқымының қадірқасиеті ішсең тіл үйіретін бал қымызымен ғана емес, ұлттық болмысымыздан хабар беретін “Қыз қуу”, “Теңге алу”, “Аударыспақ”, “Көкпар”, ”Бәйге” сияқты ат спорты түрлерімен де мирас болып қалған. Тәуелсіздіктің ақ таңы атқалы төл спорттың осы түрлері қарқынды дамып келеді.

Бүгіндері өзім жетекшілік ететін “Тұлпар” ат спорты түрлері клубы өрендерді ұлттық спортымызға машықтандыруда біраз жұмыстарды атқаруда. Жастар клубтың арқасында республикалық сайыстарда өнер көрсетуге мүмкіндік алуда. Шабандоздарымыз осы жарыстардан жүлделі оралып жүргені қуантады. Аттың жалында өсіп келе жатқан өрендердің әрбір жетістігі – ұстаздар мен сәйгүліктерді баптайтын қызметкерлер еңбегінің өтеуі.

Жас буынға жылқының алғаш рет елімізде қолға үйретілгендігі, аттың ер-тұрманы жөнінде айтып, тарихи білімін толықтыру да – біздің міндетіміз. Елбасының мақаласы өскелең ұрпақты ұлттық құндылықтарды қадірлеуге құлшындырары сөзсіз.

Руслан ПІШЕМБАЕВ,

“Тұлпар” ұлттық ат спорты түрлері клубының директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp