«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАЙ БОЛАМЫН ДЕП БАРЫНАН АЙЫРЫЛҒАНДАР

Қор нарығы – тәуекелі мен қаупі көп қаржылық алаң. Бұл салада табысқа жету үшін адамға білім мен білік, дағды мен тәжірибе керек. Бағасы сәт сайын құбылатын құнды қағаздар, акциялар мен облигациялардың құнын алдын ала болжап білу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Тіпті тәжірибелі жандардың өзі бұл салада қателікке ұрынып, құнды қағаздар нарығында ақша жоғалтып жатады.

Ашық дереккөздерге сүйенсек, елімізде брокерлік шот ашатындардың саны жыл сайын артып келеді. Былтыр бұл көрсеткіш 2,7 миллионға жеткен. Осының өзі құнды қағаздар нарығының танымалдылығын көрсетеді. Алайда Солтүстік Қазақстан об­лысы инвестшоттардың саны бойынша ең соңғы қатарда тұр. Елдегі субшоттардың небәрі 1,6 пайызы ғана біздің өңірде тіркелген.

Күнделікті қаржылық қиындықтар, тө­мен жалақы мен тұрмыстық мәселелер адамдарды қосымша табыс көзін іздеуге итермелейді. Осындай сәтте аз уақытта мол қаражат уәде ететіндерге сеніп, жиған-тер­генін тиынына дейін санап беретіндер де табылып жатады. Жалған брокерлер тұрғындарға түрлі инвестициялық қызметтер ұсынып, ақшасын бірнеше айда 2-3 еселеу­ге болатынын айтып уәде береді. Мұндай жарнама барысында түрлі банктер мен ірі компаниялардың атын жамылатындар да жетіп артылады. Екі ортада тағы да қарапа­йым тұрғындар сорлап қалады.

– Әлеуметтік белсенді тұрғындардың көбі жалған инвест-жобаларға алданып қа­лып жатады. Жалпы жыл басынан бері солтүстікқазақстандықтар алаяқтарға 887 млн. теңгесін беріп жіберген. Әлеуметтік желіде қаржы салып, табысты еселеу тура­лы жарнамалар көп. Кейбіреулер сол сілтемелерге өтіп, брокердің жалған сайтына тап болады. Ештеңеден секем алмаған қол­данушы жалған сайтта төлем жасап, инвес­тиция жасадым деп ойлайды. Көп жағдай­да сайтта оның ақшасының жылдам кө­бейіп жатқаны көрсетіледі. Алайда клиент сауданы тоқтатып, қаржыны кері қайта­рып алғысы келгенде брокер үшті-күйлі жоқ болып кетеді, – дейді облыстық поли­ция департаменті криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі Милена Ба­лацкая.

Тәртіп сақшыларының ескертуіне қарамастан, жалған брокерлердің құры­ғына ілігетіндер көп. Мысалы, үстіміз­дегі жылғы маусым айында өңір тұрғыны алаяқтарға 19 млн. теңгесін ұстатып жіберген. Тұрғын өздерін «инвестициялық компания өкіліміз» деп таныстырған­дарға сеніп қалған. Хабарласқан адамның сеніміне кіріп алғаннан кейін олар мол табыс әкелетін биржалық келісімдер туралы жалған ақпарат берген. Олардың сөзінше, салымшының доллармен са­лынған ақшасы қор нарығында мол пай­да әкеліп, көбеюі тиіс болған. Осылайша тұрғын олар көрсеткен жалған брокерлік платформаға өтіп, 19 млн. теңгесін «инвестициялаған». Ол өз шотындағы ақша­ның едәуір көбейгенін көрген соң, сау­даны аяқтап, табысын шығарып алмақ болғанда ғана алданғанын түсінген. Жалпы биылғы жылдың 5 айында 27 адам аляқтардың арбауына түскен.

Мемлекет басшысының тапсырма­сына сай елдегі ірі ұлттық компаниялар­дың акциялары отандық қор нарығында саудалана бастады. Бүгінде ресми брокер арқылы шот ашқан әрбір азамат аталған компаниялардың белгілі бір үлесіне ие бола алады. Алайда халықтың табысын арттыруға бағытталған бастаманы алаяқтар өз айласын іске асыру үшін пайдала­нып отыр. Мысалы, осыдан екі жыл бұ­рын «ҚазМұнайГаз» компаниясының атын жамылғандар өңір тұрғынына жо­ғары табыс уәде етіп, қалтасындағы ақ­шасын қағып әкеткен. Ал тағы бір қала тұрғыны қор нарығында мол ақша табуға кеңес беретін сарапшының кесірінен 1,5 млн. теңгесінен айырылған. Ол біраз уа­қыт телефонның арғы жағындағы «са­рапшының» айтқанын орындап, ақша­сын жалған брокердің шотында инвести­циялап келген. Әйел ақшасын жоғалт­қанда ғана полицияға шағымданған.

Бұл саладағы алаяқтардың айласын санап тауысу мүмкін емес. Облыстық экономикалық тергеу департаментінің мамандары инвестициялық жобалардың артында қаржылық пирамидалар болуы мүмкін екенін айтады.

– 2021 жылдан бастап елімізде 99 қаржылық пирамида таратылып, 86 мың азамат олардың арбауына түскен. Осы жылдар аралығында аталған алаяқтық әрекеттердің салдарынан келген шығын 37 миллиард теңгеден асқан. Азаматтар пәтерін сатып, несие ресімдеп, оңай та­бысқа сенеді. Бірақ нәтижесінде бары­нан айырылады. Мұндай алаяқтарды тану оңай. Олар ақшаны аз уақытта бір­неше есе көп қайтарып алу мүмкін екенін айтады. Жарнамаға көп көңіл бөледі. Лицензиясы жоқ инвест-жобаларға ақша салудың арты алдануға әкеліп соқтыра­ды, – дейді департамент маманы Викто­рия Алпеева.

Мәселенің бір ұшы қарапайым тұр­ғындардың қаржылық сауаттылығы мен заңды білуіне келіп тіреледі. Әйтпесе соншама адам бүгінгідей алмағайып за­манда «кемпір беріп, қыз алудың» мүмкін емес екенін түсінуі керек еді. Адал еңбек­тен қашқақтап, аз уақытта байып кетуді арман еткен масылдық сана халықты алаяқтардың құрбаны етуде.

Қазақстанда қор нарығы қатаң бақы­ланады. Әр азамат отандық нарықта сау­да-саттық жасай алмайды. Биржа қолда­нушысы болу үшін адам ең алдымен бро­керлік компанияға жүгінеді. Брокер қол­данушының ақшасын алып, оның тап­сырмасына сай нарықта сауда-саттық жасайды. Заңға сай жеке тұлғалар тек қор биржасының мүшесі саналатын бро­керлер арқылы ғана инвестиция жасау мүмкіндігіне ие.

– «KASE» – Қазақстандағы құнды қағаздар бойынша жалғыз көпбейінді биржа. Аталған қор нарығының небәрі 32 мүшесі бар. Яғни елде тек 32 компа­ния ғана брокерлік қызмет көрсете ала­ды деген сөз. Ал қалғанының бәрі жалған жарнама. Әр адам инвестиция жасамас бұрын брокерді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің сайтынан тек­сере алады. Егер сайтта ешқандай ақпа­рат болмаса, сіз іздеген компанияның қор нарығында сауда жасауға лицензия­сы жоқ деген сөз. Шетелде құнды қағаз­дардың жылдық табысы 7-10 пайыз ара­лығында. Ал отандық нарықта 15-30 пайыз аралығында пайда көруге болады. Ал сізге бұдан жоғары табыс ұсынса, мұның артында күмәнді адамдар тұруы мүмкін,– дейді экономист Азат Мұстафин.

Диас АЯҒАН,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp