Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқының денсаулығын сақтауға үнемі зор маңыз беріп келеді. Ол үшін спортпен де шұғылдану қажет. Мемлекет басшысы “Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” Жолдауында “Спортпен шұғылдану, дұрыс тамақтана білу, жүйелі профилактикалық тексерілу – аурудың алдын алудың негізі” деп атап көрсетті.
Мұның астарында шымыр да бәсекеге қабілетті ұлтты шыңдау мақсаты барын анық пайымдаймыз. Дене шынықтыру және спорт басқармасы осы мақсатты жүзеге асыруға өзінің үлесін қосып келеді. Бұл үшін біз солтүстікқазақстандықтарды дене шынықтырумен және спортпен шұғылдануға барынша көптеп және ұдайы тартамыз.
Бүгіндері облыс тұрғындарының 25 пайызы спорт және жаттығу залдарына, стадиондар мен бассейндерге барады. Спорт мектептерінде жаттығады. Біз мұнымен шектеліп қалмай, шымырлар мен шынықққандардың қатарын көбейте беруге тиіспіз. Бұл үшін бізде барлық жағдайлар жеткілікті. Бір сөзбен айтқанда, спортпен шұғылдану қолжетімді болды әрі үйреншікті әдетке айналды.
Спорт инфрақұрылымын дамыту қашан да маңызды мәселе болып саналады. Бұл бұқаралық спортты да, сондай-ақ, жоғары жетістіктерге бағытталған спортты да қамтиды. Өткен жылы жаңа он төрт нысан берілсе, биыл бұл қатарға тағы төртеуі қосылды. Бүгінгі таңда өңірімізде 2281 спорт ғимараты жұмыс істеуде. Алайда, бүгінгі таңда облысымызда спорт алаңдарына деген сұраныс толық қанағаттандырылып отырылған жоқ. Әлі де болса 27 мың шаршы метр спорт алаңы жетіспейді. Бұл мәселені Петропавлда Олимпиада чемпионы Александр Винокуровтың атындағы Спорт сарайын пайдалануға беру ішінара шеше алады. Қазірдің өзінде бұл жұмыстар қолға алынды. Алайда, Спорт сарайы таяу уақытта салынатын жалғыз ғана нысан емес. Үстіміздегі жылы облысымызда тұңғыш рет Қызылжар және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда заманауи технологияға сай жарақтандырылған екі дене шынықтыру-спорт кешені тұрғызылады. Аталған нысандардың құрылысының жетпіс пайызы – республикалық, ал отыз пайызы облыстық бюджеттен қаржыландырылуда. Алдағы уақытта біз бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыра түсеміз.
Маңызды екінші мәселе – облыс тұрғындарын спортпен тұрақты шұғылдануға тарту. Соңғы жылдары облыстың барлық аудандарында бұрындары таратылып кеткен спорт бөлімдерін қайта ашуға қол жеткізілді. Бұл өте қажетті іс-шара, өйткені, дене шынықтыру мен спорт саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыруда аудандық спорт бөлімдері айрықша маңызға ие болып отыр. Бұлардағы мамандар өңіріміздегі ауылдар тұрғындарымен тікелей қарым-қатынаста жұмыс атқарады, спорт саласының әдіскерлерінің жұмысын үйлестіреді. Облыс тұрғындарының спортпен шұғылдануы яки шұғылданбауы көбіне-көп олардың іскерлігіне, жауапкершілігіне, бұған мүдделілігіне байланысты.
Облыстың барлық аудандарында балалар мен жасөспірімдердің дене шынықтыру клубтары ашылған. Бұл жұмыстар бірнеше жылдар бойы жүргізіліп келеді. Нәтижесі айтарлықтай. Клубтар, балалар мен жасөспірімдердің спорт мектептері сияқты, ең жас тұрғындарымызды спортқа тартып, оның алуан түрлері бойынша облыстың құрама командаларына ізбасарлар даярлайды және мектеп оқушыларының бос уақыттарын жаттығулармен толықтырады.
Спорттың бұқаралылығы шеберліктің негізі екені даусыз. Егер бұқаралық спорт дамитын болса, жоғары жетістіктерге бағытталған спорттың да сапасы жақсарады. Ал елдің спорттағы жетістіктері кез келген мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін және рухани әлеуетін көрсетеді, оның экономикалық, саяси және әлеуметтік тұрғыда қалыптасқандығын дәлелдейді.
Бұл бағытта қыруар жұмыстар жүргізілуде Біздің спортшыларымыз республикалық және халықаралық жарыстарда айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізіп жүр. Мұндай спортшыларымызға біз үнемі қолдау көрсетіп отырамыз. Атап айтқанда, үздік 42 спортшымыз облыс әкімінің ай сайынғы стипендияларын алады. Мұндайлар жылмажыл көбейіп келеді. Біз облыстың үздік спортшыларына үлкен қаржылай көмек көрсетуге тырысамыз. Қолымыздан келгенше баспана мәселесін де шешудеміз. Соңғы үш жылда алты спортшы мен жаттықтырушы Петропавлда пәтерлер алды.
Өңіріміздің үздік велошабандоздары үшін Олимпиада чемпионы Александр Винокуровтың атындағы клуб ұйымдастырылды. Бұл, ең алдымен, өңірімізде дарынды спортшыларымыздың көптеп даярлануының жемісі. Бізде пәрменді велошабандоздар ұлттық құрамадағыдан немесе “Астана” кәсіпқой командасындағыдан көп. Олар бұдан былай Петропавл клубының құрамында жүріп-ақ өз еліміздің намысын қорғайды.
Біз мүгедектер спортын дамытуға да ұдайы назар аударып келеміз. Биылғы Жолдауында Нұрсұлтан Назарбаев: “Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көбірек көңіл бөлу керек. Олар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуға тиіс”, дей келіп нақты тапсырмалар берді. Солтүстік Қазақстандағы әрбір мүгедек адам спортпен шұғылдануы үшін мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған “Үміт” клубы ашылды. Мұнда шеберлер де, әуесқойлар да жаттыға алады. Соған қоса, клуб ашылған соң үш мүгедек спортшы жұмысқа орналасып, мұның өзі мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көрсетілген тамаша қолдау болды.
Жоғары жетістіктерге бағытталған спорт жайында көп айтып, жазуға болады. Алайда, біз ерекше үміт күттіретін спорт түрлеріне ғана тоқталуды ұйғарып отырмыз. Коньки, әйелдер волейболы, қазақ күресі және таэквондоның олимпиадалық нұсқасы таяу уақыттың ішінде сапалық жаңа деңгейге көтеріле алады. Өйткені, спортта дарынды балалардың мамандандырылған облыстық мектеп-интернатында осы аталған түрлердің бөлімшелері ашылды. Ал нақ осы интернатта жаттыққан балалардың жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жүргені белгілі. Өңіріміздің үздік жаттықтырушыларының көбі осында оқып, білім алған.
Аталған спорт түрлері тектен-тек таңдалып отырған жоқ. Бұлардың болашағы зор. Конькишілеріміздің табыстары өңіріміздің қай тұрғынына болсын, белгілі. Бұл орайда қысқы Олимпиадаларға Солтүстік Қазақстанның бес конькишісі қатысқанын айтсақ та жеткілікті.
Біздің волейболшы қыздарымыз Солтүстік Қазақстан спортының тарихында тұңғыш рет “В” жоғары топ командалары арасындағы Қазақстан чемпионатында жеңіске жетіп, “А” тобында ойнауға мүмкіндік алды. Айтпақшы, олардың ізін басуға қазірдің өзінде даяр тұрған қосалқы ойыншылар өз жастары бойынша республика чемпионаттарында тек жүлделі орындар иеленуде.
Қазақ күресі – ұлттық мұрамыз. Осы спорт бойынша түрлі дәрежелердегі, тіпті, әлем чемпионаты сияқты жарыстар өткізіледі. Жерлесіміз Төлеген Жетпісбаев Қазақстан кубогын иеленсе, екінші балуанымыз Мақсат Нүсіпов Еуропа чемпионатының күміс жүлдесін еншіледі. Біз ізбасарлары бұлардан да асып түседі деп үміттенеміз.
Ал таэквондо (WTF) жайына келер болсақ, ол Олимпиада ойындарының бағдарламасына енгізілгелі аса көп уақыт өте қоймаса да, мамандардың айтуынша, қазақстандықтар бұл түр бойынша мерейге бөлене алады. Таэквондоның ITF түрінен біздің жерлестеріміз Азия мен әлем чемпионаттарында топ жарған. Демек, осы ретте де біз биік мәртебеге қол жеткізе аламыз деуге негіз жоқ емес.
Елбасымыздың тапсырмаларын жүзеге асыра отырып, Дене шынықтыру және спорт басқармасы барлық белгіленген бағыттар бойынша көзделген мақсаттарға қол жеткізеді. Бұл орайда бұқаралық спортты дамытуға үлкен көңіл бөлінетінін тағы бір мәрте айта кетер едім. Өйткені, ол тұрғындарымыздың денсаулығының кепілі болмақ.
Руслан ЕСЕНӘЛИН,
облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы.