«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАЙҚАУШЫЛАР МІНДЕТТЕРІН ПЫСЫҚТАДЫ

Жуырда өз жұмысын бастаған “Сайлауды байқау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссия” республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы маңызды науқанға белсене қатысатын ерікті байқаушыларға арналған семинар-тренинг өткізді. Достық үйінде ұйымдастырылған аталмыш шараға облыс орталығының 90-ға жуық ерікті байқаушысы қатысты.

“Солтүстік Қазақстан облысының Азаматтық альянсы қауымдастығы” заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Сергей Худяковтың айтуынша, әр қазақстандық үшін зор маңызға ие саяси науқан белгіленген заң талаптарына сай ұйымдастырылып, тиісті деңгейде өткізілуге тиіс.  

– Біздің мақсатымыз – сайлау туралы заңнамалар мен жалпы мойындалған халықаралық ұстанымдарға сай әділ сайлау өткізу, сондай-ақ, оның барысында заңдылықтың сақталуын байқаумен бірге азаматтардың сайлау құқығын қорғау. Сәуірдің 26-сына дейін аудандарда және облыс орталығында ерікті байқаушылар үшін сайлау туралы заңдылықты түсіндіруге арналған семинар-тренингтер өткізуді жоспарлап отырмыз. Байқаушыларды әдістемелік құралдармен таныстырамыз, – деді Сергей Герольдович.

Сайлауды заңнама аясында жоғары деңгейде ұйымдастыру үшін алдымен сайлау комиссиялары мүшелерінің өздері заңды жақсы білулері керек. Бүгінгі жиынның мақсаты да сайлау туралы заңнамаларды жан-жақты түсіндіру болды. Осыған орай залда отырған әрбір қызылжарлық “Байқаушы күнделігімен” танысты.

Қазір облыстық филиалда еріктілерден байқаушылар құрамын жасақтау жұмысы аяқталған. Өңірде 709 сайлау учаскесі болса, оның 89-ы облыс орталығында орналасқан. Бүгінде барлық учаскелер байқаушылармен қамтамасыз етілген. Олардың қатарында жоғары оқу орындарының оқытушылары, мұғалімдер мен зиялы қауым өкілдері бар.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp