
Осыдан үш жыл бұрын ашылған “Батыр” балабақшасында 302 бүлдіршін тәрбиеленеді. Олардың бес тобы – қазақша, жетеуі орысша тәлім-тәрбие береді. Сонымен қатар дамуында тежелісі бар 25 балғын инклюзивтік топта тәрбиеленуде. Қалыпты жағдайдағы балалар топтарға 25-тен бөлінсе, денсаулығында тежелуі барлары жалпыға міндетті білім беру мемлекеттік стандартының талаптарына сәйкес әр топқа 10-12-ден орналастырылған.
Бұл балалар психикалық-медициналық-педагогикалық комиссияның шешімімен осында жіберілген. Олар сырт көзге сау бала сияқты, бірақ кейде өз-өзінен ашуланып, тәрбиешілердің айтқанына көнбей қоятындары, 5-7 жасқа келсе де, әлі тілі дұрыс шықпағандары бар. Алайда, арнайы білімдері бар логопед-дефектолог, психолог, музыка, хореограф, тіл дамыту мамандарының әрқайсысы өзіне қатысты жұмыстарын атқаруда. Бірі тілдің кемістігін түзесе, екіншісі сөйлеу дағдысын дамытады, психолог баланың жүйкесін тыныштандыратын жаттығулар жасатса, хореограф қимыл-қозғалыстарын ретке келтіреді.
“Мен тілдеріне артикуляциялық жаттығуды айнаға қарап отырып жасатамын. Ондай жаттығулар балалардың тілдерін дамытады. Сөздерді буынға бөліп өте баяу әрі анық етіп айтып, балаға қайталату арқылы үйретемін. Біздің осында үйреткенімізді үйде ата-аналары қайталап отырса, баланың тілі тез шығады”, – дейді тәрбиеші әрі орыс тілінің маманы болғандықтан, тіл дамыту, сөйлеу кемістігі бар балалармен жұмыс жүргізетін І санатты мұғалім Бақыт Дайырова.
Баланың психикасының тежелуі оның қимыл-қозғалысына, ойлау, сөйлеу, жазу, тағы басқа қабілеттеріне де әсерін тигізеді. Олардың жазу, сурет салу, қалам, қарындаш ұстау икемділігін дамыту үшін маржан, күріш, бидай сияқты дақылдарды тергізу, бір-бірінен бөлгізу сияқты жаттығулар жасалады. Әр топта тәрбиешімен қатар, оның көмекшісі де бар. Раушан Ахметова бұған дейін коррекциялық мектеп-интернатта жұмыс істеген. “Денсаулығында кінәрат бар балалармен жұмыста өте шыдамдылық қажет. Олардың бір нәрсеге қызығушылықтары 3-4 минутқа ғана жетеді. Денсаулығына зиян келтіріп алмас үшін өте абай болуға тырысамыз. Оқу-тәрбие үдерісі негізінен ойын тәсіліне құрылған”, – дейді Раушан Ахметова.
“Бала сылаумен өседі” дегендей, олардың арасында мамандардың үйреткенін жақсы қабылдап, кейін психикалық-медициналық-педагогикалық комиссияның ұйғарымымен жалпы топқа ауыстырылатындары да болады. Денсаулығында тежеліс бар балаларды саулардың қатарына қосуды көздейтін педагогтер үшін бұл – еңбектеріне берілген баға. Балабақшадағы Монтессори кабинеті балғындардың қай тобына болсын тиімді. Монтессори кабинетінде тіл дамытуға, санауға, жазуға, геометриялық фигуралар арқылы үшбұрыш, төртбұрыш, шаршы деген ұғымдарды үйренуге, жалпы баланы жан-жақты дамытуға барлық мүмкіншілік жасалған. Бала еркін қозғалып, ойнап жүріп-ақ өз жас ерекшелігіне сай саусақтарының икемін дамытады, түстерді, көлемді, ұзындықты ажыратуға, тағы басқаға үйренеді.
Ең бастысы, адам ұжымда қалыптасады. Сол себепті тәрбиешілер үшін бала ұжымын тәрбиелеу басты міндет болып табылады. Жетіжылдық педагогикалық өтілі бар қазақ тілінің мұғалімі Ерболат Жантасов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Мәңгілік Ел” идеясын, “Тілдердің үш тұғырлылығын” балабақшадан бастап бүлдіршіндердің бойына сіңіруге тырысып жүргендерін айтады. Қазақ, орыс, ағылшын тілі пәндерінің мұғалімдері бірлесіп, “Мәңгілік Ел” жобасын жазған. Ол жоба облыстық мектепке дейінгі тәрбие және білім беру мекемелері арасында өткен ғылыми жобалар сайысында 1-орынға ие болды. “Балаларды әр этностың салт-дәстүрімен таныстырып, бір-бірімен достық қарым-қатынаста болу керектігін осы бастан бойларына құйып жатырмыз. Жаздыгүндері аулада құрылған киіз үйдің ішінде ұлттық ойындар ойнатып, ертегілер оқимыз. Орыстың ағаш үйі де ауладан орын алады. Оның жанына пеш салып қойдық. Қаланың көптеген балалары пеш дегеннің не екенін білмейді. Пеште тамақ пісіруге болатынын, бұрынғы кезде оның үстіне шығып ұйықтағанын айтамыз. Баланы дамыту үшін осы мекеменің әр бұрышын пайдаланып жүрміз”, – дейді ол.
Отбасылық кабинетте ата-аналар өздерін бала тәрбиесіне байланысты толғандырып жүрген сауалдарына мамандардан ақыл-кеңес алады. Сонымен қатар балабақша мамандары ата-аналармен бірлесіп “Ер есімі – ел есінде” стендін жасап қойыпты. Онда Бауыржан Момышұлы, Нүркен Әбдіров, Талғат Бигелдинов, Қасым Қайсенов, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Иван Панфилов сынды батырлардың суреттері орналастырылған. Балалар ата-аналарымен бірге салған суреттерін де осы көрмеге қойған. Жеңістің 70 жылдығына орай балабақша мамандары “Ұлы Жеңіске – 70 қадам” тақырыбында қалалық семинар өткізген. Ол шара әлі де жалғасын тауып, әр педагог өз сабағын, тәрбие сағаттарын өткізуді жоспарлап отыр.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.