Солтүстік Қазақстан облысында еліміз бойынша қыркүйектің 1-нен басталған «Назар аударыңыз, балалар!» жедел-алдын алу іс-шарасы аясындағы акциялар жалғасуда. Петропавлда 1-сынып оқушылары жоғары буындағы аға-әпкелерін жолда жүргенде құлаққаптарды пайдаланбауға шақырады.
Петропавл қаласындағы №6 мектептің 1-сынып оқушылары өздерінен үлкендерді түрлі-түсті бояулар арқылы құлаққаптарды шешуге шақырды. Трафарет пен бояулардың көмегімен бүлдіршіндер жоғары сынып оқушыларына жолдағы қауіпсіздік туралы ескертті. №2 мектептің алдында да осындай жазбалар жазылды. Бұл шараны жергілікті полиция қызметі басқармасының қызметкерлері ұйымдастырды. Полицейлер мектептерде жол қозғалысы қауіпсіздігі бойынша сабақтар өткізді. Балалар жол қозғалысы ережелері туралы сұрақтарға қызығушылықпен жауап беріп, жол қозғалысына қатысты жұмбақтарды шешті. Олардың дайындығын тәртіп сақшылары жақсы бағалады.
Полицейлердің үйден мектепке дейінгі жүретін бағытты суретке салу тапсырмасына 1-сынып оқушылары ерекше жауапкершілікпен қарады. Салынған суреттерден бүлдіршіндердің үйге кетіп бара жатып ғимараттарды естеріне сақтайтынын және көшелерді жақсы білетіндерін көруге болады. Сонымен қатар, балалардың қолында ата-аналары мен мұғалімдері дайындаған бағыт парақтары да бар.
Жыл басынан бері жол-көлік оқиғасында 20 жасөспірім жарақат алды.