«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАЛАМ БАСЫЛЫП ҚАЛМАЙ МА?

“Менің 2-сыныпта оқитын балам сабақта тыныш отыра алмайды, жыбырлақ. Жазуы да нашарлау. Баламның бұл кемшіліктерін ата-анасы ретінде біз жақсы білеміз және оны жою үшін үйде жұмыс жүргіземіз. Бірақ оның осы кемшіліктерін мұғалімі үнемі бетімізге басып, өзге ата-аналардың, оқушылардың көзінше айта береді. Бұлай істеу баланың көңілін басып, өзін басқалардан төмен санауына әкелмей ме?” деген сауал түскен болатын. Бұған облыстық білім саласындағы ақпараттық технологиялар және әдістемелік орталықтың әдіскері Ирина Якимова жауап береді.

– Баланы үнемі басынан сипап, оның айтқанын істеу арқылы жақсы нәтижелерге жетуге болмайды. Кей жағдайларда балаға ұрсуға тура келеді. Бірақ ұрсу арқылы балаға да, өзіңізге де зиян келтірмей, абай болу керек. Педагог балаға өзгенің көзінше ұрсу арқылы оны ұялтып, түзетем деп ойлайды. Алайда, мұндай әрекетпен баланы ренжітіп, өзінен алшақтатып алуы мүмкін. Сондықтан баланың кемшіліктерін еш уақытта басқалардың, әсіресе, басқа оқушылардың көзінше айтуға болмайды. Егер бала өзін ортада дұрыс ұстай алмаса, оны тыныштандыру үшін құлағына сыбырлап айтып, сосын ол жөнінде кейін жеке сөйлескен абзал.  

Баланың намысына тиетін “Сен нағыз салақсың!”, “Жазуың жаман!”, “Дәптерің шимай-шатпақ!” деген сияқты сөздер оқушының ұстазға деген наразылығын туғызуы мүмкін. Сондықтан баланың жүрегіне басқаша жол таба білу керек. Баланы еш уақытта кемсітуге, намысына тиюге болмайды. Одан баланың өз-өзіне деген сенімі жоғалып, өзін өзгелерден кем санайтын болады. Балаға ұрысқанда оның жеке басына баға бермей, жасаған қылығы жайында айту керек. Мәселен, “Сенің жазуың жаман” дегеннің орнына “Сен ынта қойсаң, бұдан әдемі жазар едің”, “Сен салдыр-салақсың” демей, “Сен заттарыңды дұрыс қоймағансың ба?” деген сөздерді қолданған жөн. Балаға сенім арта отырып, сіз оны өз бойында әлі ашып үлгермеген жақсы қасиеттерін дамытуына ынталандырасыз. Сонда бала өзінің кемшілігін түзетуге тырысатын болады.

Баланың кемшілігі жайлы сөз болғанда оны түзету үшін қалай және не істеу керектігін айту керек. Өйткені, баланың бұл жөнінде тәжірибесі жоқ, сондықтан олар өздерінің білгенінше орындауға тырысады. Мәселен, “Сенің бұлай істегенің дұрыс болмады, келесі жолы былай жасап көр” десеңіз, бала келесі жолы сіздің айтқан ақылыңызды міндетті түрде ескеруге талпынады. Сондай-ақ, балаға оған ренжуіміздің себебін түсінуге мүмкіндік беру қажет. Мәселен, “Сенің мына қылығың үшін қатты қысылдым”, “Сенің бұл ісің маған ұнамады”, тағы басқалай білдірген кезде ол біздің өзіне деген көзқарасымызды өзгертуге тырысады.

Егер мұғалім балаңызға жиі ұрсып, оның намысын таптайтын болса, онымен жеке сөйлескен дұрыс. Мұғаліммен сөйлескенде көңіл күйге ерік бермей, өз-өзіңізді салмақты ұстауға тырысыңыз. Сізге маңыздысы балаңыздың сыныптастарының алдындағы беделін сақтауы екенін ұмытпаңыз.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp